Денсаулықтың қадірін біліп жүрміз бе?..

Тұрғындардың репродуктивті денсаулығы — ұлттық маңызы бар мәселе. Себебі репродуктивті денсаулығы мықты ұлт дегеніміз — елдің демографиялық дамуы, ұрпақтың дені сау болуы, ана мен бала өлімін болдырмау, әртүрлі жолмен берілетін аурулардың алдын алу, халықтың еңбекке қабілетті болуы, яғни халықтың әлеуметтік әл-ауқатының тұрақтылығы деген сөз. Демек дені сау, сапалы ұлт қалыптастыру мәселесі — ұлттық қауіпсіздік деңгейіндегі жауапкершілік.
12 мамыр күні облыста тұрғындардың репродуктивті денсаулығын қорғауға арналған апталық басталған-ды. «Дені сау ұрпақ — жарқын болашақтың кепілі!» деген ұранмен өткізіліп жатқан апталық аясында Ақтөбе облысының бас репродуктологі, медицина ғылымдарының кандидаты, жоғары санатты акушер-гинеколог Светлана Есенамановамен сұхбаттасқан едік…
— Репродуктивті денсаулық дегеніміз не? Оны қалай күту керек?
— Репродуктивті денсаулық дегеніміз кең ауқымды қамтиды. Ол дегеніміз — адамның жыныстық және ұрпақ әкелу қабілетіне қатысты толық физикалық, психикалық және әлеуметтік денсаулығы.
Жалпы, баланың денсаулығын күтуді ерте кезден бастап қалыптастыру керек. Оған тек медициналық ем емес, күнделікті дағдылар мен тәрбие арқылы қол жеткізуге болады.
Біріншіден, балалардың, әсіресе жасөспірімдердің кішкентай кезінен бастап дұрыс әрі пайдалы тамақтану әдетін қалыптастыру өте маңызды. Себебі семіздік те, дене салмағының жетіспеушілігі де ағза дамуына кері әсер етеді, бұл жалпы денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін. Қыз балалар есейгенде семіздік пен дене салмағының жетіспеушілігі овуляцияның бұзылуына әкеліп соғуы мүмкін. Ал бұл уақыты келгенде жүктіліктің болуын қиындатады. Сонымен бірге ұсақ-түйекке бола күйзеліске түспеуге тырысу қажет.
Екіншіден, баланы кішкентай кезден бастап физикалық белсенділікке баулу қажет. Әрине, бұл баланы ерте жастан кәсіби спортқа беру деген сөз емес, керісінше, таңертеңгілік жаттығу, денешынықтыру сабақтарындағы қарапайым жүктемелер, би үйірмелері, жүгіру, серуендеу секілді күнделікті қозғалыстар. Жастайынан денешынықтырумен шұғылданатын қыз балалар есейіп, ана болуға жасы жеткенде сәби сүюі, толғағы жеңіл болады.
Үшіншіден, қыз балалардың етеккірі келетін уақытта оның циклін қадағалауға үйрету керек. Етеккірдің кешігуі, тұрақсыз келуі, көп қан кету, ауырсыну секілді белгілер байқалса, дәрігерге қаралып, диагнозды анықтап, дер кезінде ем алу керек.
— Жасөспірімдерге жыныстық тәрбие беру қажет пе? Біздің қазақы қоғамда бұл тақырып ұят секілді болып көрінеді. Бірақ статистикаға қарасақ, жасөспірімдерге барлығын ашық түсіндірудің маңызды екендігі көрінеді: Елімізде 15-19 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында АИТВ инфекциясын жұқтыру жағдайлары 2017 жылы 37 болса, 2023 жылы 66-ға дейін өсіпті!..
— Жасөспірім кездегі ерте жыныстық белсенділік репродуктивті денсаулық үшін өте зиян. Десе де, жастарға некеден тыс жыныстық қатынаста презерватив қолдану жыныстық жолмен берілетін аурулардан, оның ішінде АИТВ инфекциясынан қорғанудың, күтпеген жүктіліктің алдын алудың тиімді әдісі екенін түсіндіру керек.
Жастар ерте жыныстық қатынасқа түсетін болса, міндетті түрде интимдік гигиенаны сақтауға, қажетсіз жүктіліктен сақтануға тиіс. Себебі күтпеген жүктілік болған жағдайда түсік жасату — репродуктивті денсаулық үшін ең қауіпті факторлардың бірі. Егер түсік жасатудан басқа жол жоқ болса, барынша ертерек және дәрігердің тағайындауы бойынша жасату керек. Сонымен қатар жыныстық жолмен берілетін инфекциялардан қорғану үшін үнемі тексеріліп отыруды, жылына кемінде бір рет гинекологке баруды әдетке айналдыру керек.
— Отбасын алдын ала жоспарлау керек дейсіз ғой?
— Жүктілікті алдын ала жоспарлау өте маңызды, сондықтан ана болуға шешім қабылдарда жергілікті учаскелік емханадан тегін кеңес алып, толық медициналық тексерістен өтіп, жыныстық жолмен берілетін барлық инфекцияға тексерілуіңіз қажет. Менің тәжірибемде прегравидарлық дайындық барысында атипті өзгерістер мен қатерлі ісіктер анықталған пациенттер болды, олар ертерек емделіп, екі жылдан кейін ана атанды. Сонымен бірге жүктіліктің екінші жартысында қатерлі ісік бар екені анықталып, соңы қайғылы аяқталған жағдайлар да болды.
Жүктілікке дейін инфекцияларды емдеу керек. Себебі жыл сайын мерез бен хламидиозбен ауыратын 1-2 бала дүниеге келеді, бірақ бұл ауруларды жүктілікке дейін емдеуге болады. Сонымен қатар жүктілікке 3 ай қалғанда және алғашқы 3 айда фолий қышқылын қабылдау аса маңызды.
— Ана бола алмау, бедеулік мәселесі бүгінгі медицинада өте өзекті. Көптеген зерттеулер мен статистика бойынша, елімізде әрбір алтыншы отбасы сәби сүйе алмай отыр. Қыз бала тұрмысқа шыққаннан кейін бөпелі бола алмаса, не істеуі керек?
— Егер әйел бір жыл ішінде контрацепциясыз тұрақты жыныстық қатынаста болса, бірақ жүктілік болмаса, гинекологке қаралу керек. Егер бір жыл ішінде дәрігер тағайындаған ем-домды алғаннан кейін, гинекологиялық аурулар емделсе де, бірақ жүктілік болмаса, экстракорпоральды ұрықтандыру орталығына немесе репродуктологке барып, аналық без резервін анықтап, емдеу жоспарын жасау керек.
Кез келген гинекологиялық патологияны емдеу клиникалық хаттамаға сәйкес жүргізілсе, ана болу мүмкіндігі артады. Бірақ, ең бастысы, жасанды ұрықтандыру кезінде әйелдердің аналық без резерві мен жасына мән беріледі. ЭКҰ тек белгілі бір патологиялар болғанда ғана қолданылады. Мысалы, спермограммада күрделі өзгерістер болған жағдайда яғни ер адамның сперматозоидын әйелдің жұмыртқасының цитоплазмасына тікелей енгізу әдісі қолданылады, ал әйелде екі түтіктің болмауы немесе оның өткізгіштің қабілетінің нашар болуы жағдайында экстракорпоральды ұрықтандыру әдісі қолданылады.
— Қазіргі қоғамда бірі ата-анасына қарайласып, бірі мансап қуып, енді бірі лайықты жар таба алмай, кәрі қыз атанғандар да көп. Дәрігер ретінде қандай кеңес берер едіңіз?
— Дені сау баланы өмірге әкелу, бедеулікті емдеудің негізгі критерийлерінің бірі — әйел адамның жасы. Әйелдің жасы неғұрлым үлкен болса, оның ооциттерінің (әйелдің аналық бездерінде пайда болатын жұмыртқа клеткасы) қабілеті әлсірейді, жүктілік болған жағдайда да іштегі баланың дамымай қалуы, түсік болуы, мерзімінен бұрын босану немесе хромосомалық ауытқулары бар баланың өмірге келуі әбден мүмкін.
Зерттеулерге сәйкес, әйелдің жасы ұлғайған сайын ондағы ооциттердің сапасы былайша төмендейді: 35-37 жас аралығындағы әйелдерде ооциттердің анеуплодиясы, яғни жасушада хромосомалардың саны дұрыс емес болу жиілігі 45,2 пайыз болады, ал 39-41 жас аралығында — 62,5 пайыз, 42 жастан асқан әйелдерде 82,2 пайыз болады. Сол себепті белгілі бір себептермен жүктілікті кейінге қалдырған әйелдер болашақта қолдану үшін ооциттерді мұздатып қоя алады. 35 жасқа дейінгі, әсіресе 31-34 жас аралығындағы әйелдердің ооциттерін мұздату тиімді болып есептеледі. 35 жастан кейін жасушаларды сақтау жүктілік мүмкіндігін төмендетеді. Жасанды жолмен жүкті болу кезінде де хромосомалық ауруларды, ақауларды анықтау үшін пренатальды скринингтен өту маңызды.
— Елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2021 жылдан бері «Аңсаған сәби» бағдарламасы қолға алынғаны белгілі. Бала сүйе алмай жүрген отбасыларға арналған бұл бағдарламаға облыста жүгінушілер көп пе?
— «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша бүгінге дейін облыстың 1364 жұбына экстракорпоральды ұрықтандыру үшін квота берілді. Пациенттер экстракорпоральды ұрықтандыру әдістеріне жататын IVF және ICSI, яғни бедеулікті емдеуге арналған қосалқы репродуктивті технологиялар жүргізілетін 19 орталықта таңдауы бойынша ем алды. Нәтижесінде 410 сәби дүниеге келді, олардың ішінде 24 егіз және бір үшем бар. Қазіргі таңда 55 әйел бойына бала бітіп, ана атанатын бақытты сәтін күтіп жүр. Биылға квота бөлу мен алдыңғы криопротоколдар жалғасып жатыр. Бұл жүкті әйелдер санының әлі де артуына ықпал етеді.
Бұл көрсеткіштер — бедеулік мәселесін шешуде қол жеткізілген үлкен жетістік екенінің айғағы.
Ақтөбе облысында қосалқы репродуктивті технологияларды дамыту бағытында маңызды жұмыстар атқарылып келеді. 2016 жылы Облыстық перинаталды орталық базасында Экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) орталығы ашылған болатын. Заманауи жабдықтармен жабдықталған бұл орталық көптеген жұптарға ата-ана болу бақытына жетуге мүмкіндік беріп отыр.
— Жалпы бедеуліктің жиі кездесетін себептерін айтасыз ба?
— Ақтөбе облысында бедеулікті зерттеу және емдеу барысында мамандар бірнеше негізгі себептерді анықтады. Оның бірінші себебі — түтікше-перитонеальді фактор. Бұл дегеніміз — жатыр түтіктерінің өткізгіштігінің бұзылуы, көбіне қабыну ауруларының салдарынан пайда болатын адгезиялар (ішкі ағзалар мен тіндердің бір-біріне жабысуы немесе патологиялық қосылуы).
Екінші себебі — ерлер бедеулігі. Бұл фактордың негізгі себебі — ерлерде болған қабыну аурулары. Үшіншісі — эндокриндік фактор, яғни әртүрлі гормоналды бұзылулар овуляцияның болмауына әкеледі. Төртіншісі — эндометриоз, яғни жатырдың ішкі болып табылатын эндометрий тінінің өзіне тән емес жерлерде өсуімен сипатталатын созылмалы гормондық және қабыну ауруы. Бесінші себеп — жатырдың бедеулік факторлары. Бұл жағдайда жатыр қуысында синехиялардың (адгезиялар) пайда болуы немесе эндометрийдің жұқаруы түсік, хирургиялық араласулардың салдары болуы мүмкін. Сонымен бірге бедеулікке басқа гинекологиялық аурулар, яғни жүктіліктің басталуына кедергі жасайтын басқа да патологиялық жағдайлар себеп болып отыр.
Егер сәби сүйе алмай жүрген әйел гинекологке қаралып, 6 ай-1 жыл ішінде жүкті бола алмаса, репродуктолог маманға қаралғаны дұрыс. Көп жағдайда бедеулікті емдеудің ең тиімді жолы — IVF және ICSI, яғни бедеулікті емдеуге арналған қосалқы репродуктивті технологиялар.
— Осы технологиялар туралы түсініктірек айтып кетсеңіз?
— Жалпы ЭКҰ орталығында бедеулікті емдеудің түрлі әдістері қолданылады: • ICSI, PICSI және TESA әдістері, эмбриондарды, сперматозоидтар мен жұмыртқа жасушаларын криоконсервациялау, донорлық бағдарламалар мен суррогат ана қызметі.
ICSI әдісі бір сперматозоидты тікелей аналық жасуша ішіне енгізуге мүмкіндік береді; ал PICSI технологиясы арқылы сперматозоидтар физиологиялық іріктеуден өтіп, ұрық сапасын арттыруға ықпал етеді. Ал TESA әдісі шәует өндірілмейтін жағдайда аталық без тінінен тікелей сперматозоид алу арқылы бала сүюге мүмкіндік береді.
Андрологиялық зертхана заманауи құрылғылармен жабдықталған. Мұнда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы стандарттарына сәйкес спермограмма, антиспермалды антиденелерді анықтау және генетикалық зерттеулер жүргізіледі.
— Жасанды сәби сүю кезіндегі ем-дом процедуралары неше күнге созылады?
— ЭКҰ процедурасы бірнеше маңызды кезеңдерден тұрады: алдымен гормоналды ынталандыру жүргізіледі. Яғни суперовуляцияны (бірнеше жұмыртқа жасушасының өсуін) ынталандыру үшін гормоналды препараттар тағайындалады. Бұл кезең 10-14 күнге созылады.
Содан соң фолликулдарды пункциялау жүргізіледі. Бұл процедура кезінде ультрадыбыстық бақылау арқылы аналық жасушаларды арнайы инемен алады. Бұл процедура овуляцияға арналған препарат енгізілгеннен кейін жасалады.
Үшінші кезеңде алынған жұмыртқа жасушаларын еркектің сперматозоидтарымен ұрықтандыру (ICSI немесе басқа әдістер арқылы) жүргізіледі. Одан соң эмбриондарды өсіру керек болады, эмбриондар 5 күн бойы арнайы инкубаторда дамиды. Келесі кезеңде сапалы эмбрион жатыр қуысына орналастырылады. Бұл эмбрионды трансфер кезеңі деп аталады. Қалған эмбриондар қажет болған жағдайда криоконсервацияланады, яғни эмбриондарды төмен температурада сақтап, кейінгі уақытта қолдану үшін қатырып қойылады. Алтыншы кезеңде гормоналды қолдау және нәтижені бағалау, яғни прогестерон препараттары арқылы гормоналды қолдау жүргізіледі. Эмбрион трансферінен кейін 12-14 күн өткенде, HCG (жүктілік гормоны) анализін алу арқылы жүктіліктің басталуы анықталады.
— «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша бүгінге дейін облыстың 1364 жұбына экстракорпоральды ұрықтандыру үшін квота берілді дедіңіз. Жалпы, сәби дауысын аңсап жүргендер бұл квотаны алу үшін не істеу керек?
— Экстракорпоральды ұрықтандыруға қатысуға квота алу үшін, ең алдымен, міндетті медициналық сақтандыруға тіркелу керек. Одан соң жергілікті емханада бедеулік бойынша есепке тұрып, перинаталды орталықтағы репродуктолог маманның кеңесін алу қажет. Репродуктолог диагнозыңызды анықтап, комиссияға жібереді. Комиссияның оң шешімі шыққан жағдайда, таңдалған ЭКҰ орталығында емдеу басталады.
Бағдарлама аясында жүкті болу ықтималдығы — шамамен 40-41 пайыз, ал баланы аман-есен өмірге әкелу көрсеткіші 30 пайызға жетеді. Бұл көрсеткіштер халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.
2024 жылы біздің Орталық жаңа заманауи инкубаторлармен жабдықталды, бұл емдеу сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта облыс бойынша бала сүюге үміттенген жұптарға қолдау көрсету жұмыстары жалғасады. «Аңсаған сәби» бағдарламасы — жаңа өмірге есік ашатын мүмкіндік!
Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.