Облыс әкімі мәдениет қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады

Мәдениет және өнер қызметкерлері Өнер орталығында бас қосты. Облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен өткен мәдениет саласы қызметкерлерінің алқа жиынында өткен жылғы жұмыс қорытындылары баяндалып, алдағы жоспарлар таныстырылды.
Өңір басшысы қатысушыларды Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтап, сала мамандарына түрлі дәрежедегі марапаттарды табыстады. Айта кетейік, «Алақай»қуыршақ театрының актрисасы, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Гүлнар Баймағанбетова Астанада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен салтанатты жиында «Құрмет» орденін иеленді.
«Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамдық мәдениетті қалыптастыру мен дамыту мәселесіне үнемі ерекше назар аударып келеді. Халқымыздың рухани байлығы мен ұлттық құндылықтарының алтын арқауын жалғап, ұлттың болмысын, елдің еңсесін асқақтатып жүрген сіздердің еңбектеріңіз — аса қадірлі. Облысымыздың мәдени саласы қарқынды дамып келеді»,
— деді облыс әкімі.
Өңір басшысының сөзінше, облыстағы 470-тен астам мәдениет және өнер мекемесінде 3400-ге жуық маманқызмет етіеді. Жыл басынан бері 10 мыңға жуық мәдени іс-шара өткізілді. Облыстық филармония ұжымдарының репертуары 50 жаңа шығармамен толығып, Швейцария, Польша елдерінде өткен гастрольдік сапарларға шықты. Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры 5 жаңа қойылыммен толығып, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Облыс музейлерінің қоры 200 мыңнан астам бірлікке жетіп, тарихи жәдігерлердің сақталуы мен насихатталуына айырықша үлес қосуда. Президент тапсырмасына сай облыс орталығында жаңа драма театрының еңселі ғимараты бой көтермек.
@emergovkz / t.me / insta / fb / tiktok