Басты жаңалықтар

Ерлік пен еңбектің өнегесі

Конференция

Ақтөбеде еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан тұлғаларды кеңінен насихаттап, олардың еңбектерін кейінгі ұрпаққа өнеге ету мақсатында Халық қаһармандары мен Еңбек Ерлерінің  қатысуымен «Тәуелсіз Қазақстанның Халық батырлары» тақырыбында IV республикалық конференция өтті. Іс-шара Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Республикалық конференцияға арнайы келген мәртебелі меймандар қатарында Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Қазақстанның Еңбек Ерлері — Серік Ақшолақов, Аягүл Миразова, Мұрат Қайыргелдин және өзгелері бар.

Облыс әкімі Асхат Шахаров  форум қонақтарын ресми түрде қабылдап, мәртебелі меймандарға аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы, тарихи-мәдени мұрасы мен елдік дәстүрі кеңінен таныстырылды.

Тәуелсіз еліміздің тарихында өшпес із қалдырған тұлғалармен жүздесу — біз үшін үлкен мәртебе. Елдің тұтастығы мен руханиятын дәріптейтін мұндай бастамалар — ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды қадам, — деді облыс әкімі.

Қабылдау барысында өңір басшысы маусым айында өтетін Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған ауқымды іс-шаралар жөнінде де ақпарат берді. Асхат Шахаров құрметті меймандарды аталған мерейтойлық іс-шаралардың қадірлі қонағы болуға шақырып, елге еңбегі сіңген азаматтарға алғысын білдірді.

Кездесу кезінде Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Қазақстанның Еңбек Ерлері — Серік Ақшолақов, Құралай Байменова және Аягүл Миразовалар сөз сөйлеп, конференцияның Ақтөбе жерінде ұйымдастырылуының маңызын атап өтті.

Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығында Халық қаһармандары, Қазақстанның Еңбек Ерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ардагерлер, мемлекеттік наградалар иегерлері мен жастар қатысқан республикалық конференцияға Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров модераторлық етті.

Алқалы жиында аймақ басшысы Асхат Шахаров конференцияға қатысушыларды құттықтап, көрнекті тұлғалардың ерлігі мен жанқиярлық еңбегі туралы естеліктерді сақтаудың маңыздылығын әрі оның өскелең ұрпақты тәрбиелеуде зор мәні бар екенін атап өтті.

Әрбір Халық қаһарманы мен Қазақстанның Еңбек Ері — елге адал қызмет етудің, қайсарлық пен табандылықтың жарқын үлгісі. Олар өз еңбегімен, ерлігімен бүкіл халықтың жүрегінен орын алып, ел мақтанышына айналды. Осындай ардақты азаматтардың өмір жолы — жас ұрпақ үшін ұлағатты тәрбие мектебі. Елінің ар-намысын бәрінен биік қойған, халқы үшін аянбай тер төккен азаматтарға шын жүректен алғыс білдіремін. Сіздердің ерлігіңіз, еңбектеріңіз ел жадында, ұрпақ есінде мәңгі сақталады, — деді облыс әкімі.

Асхат Шахаров өз сөзінде аталған конференцияның мән-маңызына тоқталып, мұндай кездесулер жастардың жауапкершілік сезімін, еңбекке деген құрметін, Отанға деген сүйіспеншілігін тәрбиелеуге және ұлттық сана-сезімді нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

Қазақ жері кең-байтақ, ұлан-ғайыр болса, соның бір ғажайып бөлшегі — Ақтөбе өңірі. Бұл өлке ақындарымен, батырларымен, еңбекқор жандарымен де мақтана алады. Ұлы Отан соғысы жылдарында ақтөбеліктер лайықты батыр мінез таныта білді. Ақтөбе облысынан соғысқа 122 мыңнан астам адам шақырылып, оның 36 мыңнан астамы ерлікпен қаза тапты.35 ақтөбелік Кеңес Одағының Батыры атанса, тоғызы «Даңқ» орденінің кавалері болды. Олардың қатарында аты аңызға айналғанмерген Әлия Молдағұлованың есімі ерекше орын алады. Әлияның ерлігі — тек ақтөбеліктердің ғана емес, бүкіл қазақ халқының мақтанышы, — деді облыс әкімі Асхат Шахаров.

Конференцияда қатысушылар жастарға патриоттық тәрбие беру, ұрпақтар сабақтастығын сақтау және еңбек пен ерліктің қазіргі қоғамдағы маңызы туралы мәселелерді ортаға салды. Шара барысында батыр жерлесіміз Әлия Молдағұлованың ерлігі мен рухани мұрасы ерекше аталып өтті.

Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев тарихи тағылымды насихаттаудың маңызына тоқталып: «Бұл сапарымыз батыр Әлия апамыздың ғасырлық мерейтойына байланысты. Ол осы өңірде дүниеге келді. Біз оның ерлігі мен өмір жолын жақсы білеміз. Соғысты тоқтатып, бүкіл әлемге Жеңістің не екенін ұғындырған — Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Әлия мен Мәншүк сияқты батырлар. Олардың ерлігі — біз үшін баға жетпес мұра. Сол ерлікті сақтап, жастарға жеткізу — біздің перзенттік парызымыз. Ақсақал бар жерде ақыл, жастар бар жерде — болашақ бар. Үлкендер жастарға бағыт көрсетіп, жастардан тың идеялар алсақ, еліміздің келешегі кемел болмақ. Батыр халықтың ұрпағы ретінде ел мен жерге деген сүйіспеншілікті жүрекпен сезініп, нақты іске көшетін уақыт келді», — деп түйіндеді өз сөзін.

Конференцияда еліміздегі Педагогикалық Ғылымдар АкадемиясыныңакадемигіЕңбек ЕріАягүл Миразова, ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Еңбек Ері, Ұлттық Нейрохирургия орталығының президенті Серік Ақшолақовтар мұндай кездесулердің жас ұрпаққа берер тәрбиесіне тоқталды.

Ата-бабаларымыздың ерлігін ешқашан ұмытпауымыз керек. Бүгінгі жас ұрпақ  Әлия Молдағұлова сияқты батырларымыздың ерлігін үлгі тұтып, сол рухпен тәрбиеленуге тиіс. Олардың есімі әрбір қазақстандық үшін қастерлі. Ақтөбе өңірінен еліміздің дамуына үлес қосқан көптеген көрнекті тұлғалар шыққан. Ендігі міндет — осы патриоттық рухты, еңбекке, білімге деген талпынысты жас буынға аманат ету, — деді  Серік Ақшолақов.

Сондай-ақ алқалы жиында Қазақстанның Еңбек Ері, «Құрмет» орденінің иегері, «Тәуелсіз Қазақстанның Халық қаһармандары» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Құралай Байменова бұл конференцияны тарихи іс-шара деп атады.

Ақтөбе үшін бұл конференцияны өткізу — үлкен мәртебе, бұл — тарихи маңызды оқиға. Аймаққа еліміздегі ең жоғары атақтың иегерлері жиналды. Олардың ішінде кеншілер, мұғалімдер, дәрігерлер мен ауыл шаруашылығы саласының өкілдері бар. Олардың әрқайсысы елдің дамуына зор үлес қосты. Бұл адамдар — нағыз еңбек ерлері, ар-намыс қаһармандары. Егер халық пен Отанға шын жүректен қызмет етсе, адам осындай бола алады, — деді Құралай Байменова.

Жастар атынан сөз алған «Атамекен» студенттік жасағының жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан Шаңғытбаев батырларға өздерінің еңбек және өмірлік ерліктері  үшін ризашылығын білдіріп, осындай тұлғалардың ісі жас қазақстандықтардың жоғары мақсаттарға ұмтылуына, өз еліне абыроймен қызмет етуіне зор шабыт беретінін алға тартты.

Бізге, яғни жастар үшін сіздер секілді тарихи тұлғалармен кездесудің өзі —үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Ортамызда отырған аға-апаларымыздың әрқайсысының өмір жолы өнегеге толы, еліне адал қызмет етіп, ерлігімен де, еңбегімен де танылған жандар. Сіздердің өнегелі өмір жолдарыңыз, елге сіңірген еңбектеріңіз бізге, өскелең ұрпаққа үлгі және болашаққа бағыт-бағдар болатыны айқын. Өңірде ресурстық орталықтар жұмыс істейді, «Aqtobe Jastary» және «Жасыл ел» сияқты маңызды жобалар іске асырылуда. Жұмысшы мамандықтар жылы еңбек беделі мен жаңа жетістіктерді арттыруға қуатты ынталандыру болатынына сенімдімін, — деген ол бүгінде аймақта 267 724 жас тұратынын, оның 180 мыңнан астамы білім алып, жұмыс істеп, жаңа мамандықтарды меңгеріп, жеке бизнесін ашып, қоғамдық өмірге қатысып жүргенін баяндады.

Конференция аясында мәртебелі меймандар Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалды кешеніне гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етті.  Ә.Молдағұлованың облыстық мемориалды мұражайына экскурсия да ұйымдастырылды. Сондай-ақ Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанттары мен әскери қызметшілерімен жүздесіп, өз ақыл-кеңестерімен бөлісті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button