100 қап қоқыс жинады


Қалалық жастар ресурстық орталығы мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Ретро саябағында тазалық жұмыстары жүргізілді.
Акцияның негізгі мақсаты — жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа жанашырлықпен қарауға үндеу және қаланы көркейтуге үлес қосу. Сонымен қатар бұл бастама экологиялық сананы арттыру арқылы жас ұрпақты қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеуді көздейді.
—Тазалық жұмысына 70-ке жуық студент, жастар ресурстық орталығы мен жоғары оқу орнының мамандары белсене қатысты. Саябақ аумағын тұрмыстық қалдықтардан тазартып, жасыл желектерге күтім жасады. Акция нәтижесінде шамамен 100 қап қоқыс шығарылды.
Табиғатты қорғау — әр азаматтың парызы. Бүгінгі акция — тек тазалық шарасы ғана емес, жастарға экологиялық тәрбие берудің жарқын үлгісі. Қаламыздың тазалығы — ортақ міндет. Сондықтан барша жастарды белсенді болуға шақырамын, — деді қалалық жастар ресурстық орталығы басшысының міндетін атқарушы Еркебұлан Жақсылықов.
Мұндай игі шаралар жастардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертеді. Жастардың белсенділігі мен жанашырлығы — еліміздің таза әрі тұрақты болашағының кепілі.
— Саябақтарда серуендеп жүргенде шашылып жатқан қоқыстарды көріп қынжыламыз, бірақ оны жинауға екінің бірі кірісе бермейді. Бүгінгі сенбілік маған үлкен ой салды. Достарыммен бірге саябақты тазартып, қоршаған ортаға пайдалы іс жасағаныма қуаныштымын, — дедіҚ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің шетел тілдері факультетінің 3-курс студенті Ақбота Көптілеу.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.



