Көкшетаудағы камбэк

Премьер-Лига
«Оқжетпес»-«Ақтөбе» — 1:3
17-18 мамыр күндері 9-тур ойындары өтті.
«Ақтөбе» турнир кестесінде 1-орынға шықты.
«Астана» кезекті жеңісіне жетті.
«Қайрат» чемпионат басталғалы алғаш рет ұтылды. Ал «Қайсар» алғаш рет ұтты.
Шымкенттіктер дәлелді себептермен Қостанайға келе алмауына байланысты «Тобыл» мен «Ордабасының» кездесуі кейінге қалдырылды.
Міне, 9 тур бойы «Жеңіс», «Жетісу», «Ұлытау» командалары бірде-бір жеңіске жете алмай келеді.
* * *
Бұл турда «Ақтөбе» сырт алаңда «Оқжетпеспен» кездесті.
Сәл шегініс жасасақ, бұрынғы жаттықтырушы Андрей Леонов отбасы жағдайына байланысты деген дәлелмен қызметінен босап, команда тізгінін уақытша Левчукке беріп кеткен еді. Айтушылардың сөзінше, Левчукке Ақтөбе билігінің қойған талабы — тез арада өзін оң қырынан көрсету еді. Нақты шешім үш турдың қорытындысы бойынша қабылданатын болды. Сол үш турда да «Ақтөбе» жеңіске жетті. Жеңіске жеткенде де жайша емес, қиян-кескі таласты тартыс арқылы жетті. В.Левчук бас бапкерлікке біржола бекіді. Одан соңғы турда жерлестеріміз Қызылордаға барып, «Қайсармен» ойнады. Онда да жеңісті жолды жалғастырып, 2:1 есебімен ұтып оралды.
Рас, «Оқжетпес» те осал командалардың сортынан емес-ті. Алғашқыда ешкім де онша назар аудармағанымен, бұлар тәп-тәуір ойын өрнегін көрсете бастады, сегіз турдан соң «Ордабасы» мен «Елімайды» басып озып, бесінші орынға шықты.
* * *
Ойын бірден қонақтардың шабуылымен басталды, бірақ көкшетаулықтар да қарап қалған жоқ. Олар да бірте-бірте қуатты командаға бой үйретіп, өз шабуылдарын ұйымдастырумен болды. Тіпті 11-минутта «Оқжетпес» қонақтардың қақпасына гол соғып жібере жаздады. Көкшетаулық футболшының дәл қақпа алдынан бағыттаған добын Андрей Влад ерекше бір шеберлікпен қайтарып үлгерді. Өкінішке қарай, осы әбжілдігін Андрей төрт-бес минуттан соң қайталай алмай қалды. Біздің жігіттер ойын ережесін бұзды да айып алаңының шетінен айып добы белгіленген болатын. Допқа Тимур Досмағамбетов келді, былайша қарағанда, Тимур қақпа маңына жинала қалған әріптестеріне әуелете пас тастауға тиіс сияқты болатын. Олай болмады. Тимур допты қақпаның өз жағындағы бұрышқа туралай шірене тепті. Әлде Андрей де доп әуелі пасқа жөнелтіледі деп ойлап қалды ма екен, еш әрекет жасай алмай қалды, тым кеш қозғалды, доп сып етіп қақпаға енді де кетті: 1:0.
«Ақтөбе», әрине, есе қайтаруды бірден ойлағаны сөзсіз. Тынымсыз қимылдады, қарсы шабуылдар жасаумен болды. Бірақ аяқтарына іліккен допқа ие болып жарытпады. Не дұрыс пас бере алмады, не іліккен доптан қайта-қайта айырылып қалып жатты. Әйтсе де жігіттеріміздің салы суға кеткен жоқ, қарсыластар қақпасын нысанаға алумен болды. Ақтөбеден барған қарасы мол жанкүйерлеріміз де айқай-дабырға басып, футболшыларды асықтырумен болды. Ақыры нәтиже де келіп жетті. Бірінші тайм аяқталар сәтте, «тайм осылай аяқталатын болды-ау» деп отырғанымызда «Ақтөбе» және бір шабуыл ұйымдастырып, алғы шепте жүрген Богдан Вэтэжелу допты қақпа маңына әуелете тастады да, сол тұстан Оралхан Өміртаев маңайындағы қорғаушылардан сытыла көтеріліп, сегіз метрдей жерден допты баспен соқты, жібек тор бүлк ете түсті — 1:1.
Негізінен, «Ақтөбе» допқа көбірек иелік еткен бірінші тайм осылай аяқталды. Жеңістің иісін сезген жерлестеріміз екінші таймда да алға қарай ұмтылумен болды. Бас бапкердің тактикалық қайта құрылым жасағаны сезіліп тұрды. Әсіресе Жан Жайроның бұл кездесуде сіңірген еңбегін ерекшелеп айтпасқа болмайды. Әдеттегідей ылғи алаңның біресе ана тұсынан, біресе мына тұсынан шыға келетін ол екінші голдың авторы атанды. 57-минутта қақпақылда жүрген доп Данияр Үсеновтің көмегімен Жайроның аяғына іліге қалды, Сәл ілгері қадам басып, допты оң аяғына ыңғайлы етіп реттеп алған Жан Жайро еппен ғана қақпаның алыс бұрышын көздеді де, допты солай қарай зыр еткізді, ешкім бөгет жасай алмай қалған доп қақпадан бір-ақ шықты — 1:2.
Үшінші голды да қақпаға 65-минутта Жан Жайро енгізді. Алаңның ортасына таман жерде жүріп Әлібек Қасымнан пас алған ол бірден ілгері жүгірді. Сол күйі айып алаңына енді де, допты өз еркінше ыңғайға келтіріп алып, тура қақпаға бағыттап соққы жасады. Ешкім де Жайродан мұндай тосын қимыл күтпеді ме, қорғаушылар сілейіп тұрып қалды, ал қақпашы Қажымұқан Төлепберген бар-жоғы бір домалап тұрды — 1:3.
Осылайша «Ақтөбе» сырт алаңда камбэк жасады. Бұдан соң қаншама тырмысқандарымен алаң иелері ештеңе өндіре алмады. Қорғанысы берік команданың қоғаушылары да, қақпашы Андрей Влад та ентелей келген шабуылшыларға тойтарыс берді де отырды.
Айтпақшы, ойын ортасында қызбалыққа салынып, ережеге сай қызмет көрсетуді талап еткені үшін ақтөбелік бапкер Вячеслав Левчукке астаналық бас төреші Георгий Чеховский ескерту қағазын көрсетті. Бірақ бұның кездесу нәтижесіне еш әсер етпегенін айта кеткеніміз жөн.
Сөйтіп, «Ақтөбе» бұл маусымда қатарынан бесінші рет жеңіске жетті.
Қысқасы, бұрын «Ақтөбені» қорғанысы мығым команда ретінде көбірек мақтасақ, мына ойыннан кейін қажет кезде гол соғуға да мүмкіншілігі мол екендігіне көзіміз жетті. Ал Көкшетауға ат арытып жеткен ақтөбеліктерге ризашылығымыз шексіз. Мұндай жанкүйері мол командаға басқалар қалай қызықпасын енді!?
* * *
«Оқжетпес»-«Ақтөбе» — 1:3
Гол авторлары: Тимур Досмағамбетов, 14-минут (1:0), Оралхан Өміртаев, 45+5 минут (1:1), Жан Жайро, 57-минут (1:2), Жан Жайро, 65-минут (1:3).
Ескерту қағазы көрсетілгендер: Арсен Әшірбек, 32-минут, Дәурен Жұмат, 53-минут, Адам Адахаджиев, 80-минут («Оқжетпес»), Саят Жұмағали, 6-минут, Неманья Анджелкович, 44-минут, Аян Байдәулетов, 52-минут, Богдан Вэтэжелу, 85-минут, Лев Скворцов, 86-минут, Дархан Бердібек, 90+1 минут («Ақтөбе»).
«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Влад (қақпашы), Богдан Вэтэжелу, Әлібек Қасым (капитан), Неманья Анджелкович, Саят Жұмағали (Дархан Бердібек, 29-минут), Лев Скворцов, Аян Байдәулетов (Фредди Гондола, 72-минут), Жан Жайро (Айбар Абдулла, 80-минут), Данияр Үсенов, Амаду Думбия, Оралхан Өміртаев.
Резервте болғандар: Игорь Трофимец (қақпашы), Ислам Әбілқасов, Мирас Уманиязов, Джордже Ивкович.
Бас бапкер: Вячеслав Левчук.
17 мамыр 2025 жыл. Көкшетау қаласы, «Оқжетпес» стадионы.
* * *
Басқа кездесулер:
«Ұлытау»-«Астана» — 0:2
«Қайсар»-«Тұран» — 1:0
«Елімай»-«Қайрат» — 1:0
«Атырау»-«Жетісу» — 1:1
«Жеңіс»-«Қызылжар» — 0:0
* * *
Біздің мергендеріміз:
Жан Жайро, шабуылшы — 4 гол;
Оралхан Өміртаев, шабуылшы — 3;
Дархан Бердібек, жартылай қорғаушы — 2;
Неманья Анджелкович, қорғаушы — 1;
Еркебұлан Сейдахмет, жартылай қорғаушы — 1;
Уче Агбо, жартылай қорғаушы — 1;
Джордже Ивкович, шабуылшы — 1;
Бағдат Қайыров, қорғаушы — 1;
Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 1;
Әлібек Қасым, қорғаушы — 1;
Лев Скворцов, қорғаушы — 1.
(Бір допты атыраулық Гильерме Мораиш өз қақпасына соғып алды).
* * *
Жерлестеріміз 10 кездесу өткізіп, 8 рет жеңді, 1 рет тең ойнады, 1 рет ұтылды. Ұпай саны — 25. Доп айырмашылығы — 18-6.
* * *
9-турдан соң командалар турнир кестесінде жинаған ұпайларына қарай төмендегіше орналасты:
- «Ақтөбе» — 25;
- «Қайрат» — 23;
- «Астана» — 21;
- «Тобыл» — 17;
- «Елімай» — 16;
- «Ордабасы» — 14;
- «Оқжетпес» — 14;
- «Қызылжар» — 12;
- «Тұран» — 11;
- «Қайсар» — 7;
- «Жеңіс» — 6;
- «Жетісу» — 5;
- «Атырау» — 4;
- «Ұлытау» — 2.
Р.S. «Ақтөбенің», «Қайраттың» және «Астананың» басқалардан бір кездесуі артық өткенін еске саламыз. Ал «Атырау» екі кездесуді артық өткізді. «Тобыл» мен «Ордабасының» бір ойыны кем.
* * *
10-тур ойындары:
24 мамыр, сенбі:
«Қайрат» — «Оқжетпес»
«Астана» — «Жеңіс»
«Ордабасы» — «Ұлытау»
25 мамыр, жексенбі:
«ЖЕТІСУ» — «АҚТӨБЕ»
«Қызылжар» — «Елімай»
«Атырау» — «Қайсар»
«Тұран» — «Тобыл»
Ертай АШЫҚБАЕВ.



