«Отбасы ағашы» акциясы басталды

Елімізде жыл сайын өтетін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы аясында «Отбасы ағашы» республикалық акциясы басталды. Бұл бастама отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және экологиялық тәрбие беруге бағытталған. Ақтөбе қаласы Алматы және Астана аудандарында өткізілген шараға қалалық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің өкілдері, мектеп оқушылары мен байқау жеңімпаздары қатысты.
Акция Астана ауданындағы қалалық Мәдениет үйінің саябағында және Алматы ауданындағы Қарғалы тұрғын алабындағы «Жеңіс» саябағында өтті.
Іс-шараға қалалық №53 мектептің оқушылары да қатысты. Акция аясында әр ауданға 20 түп ағаш егу жоспарланған.Алматы ауданының ақсақалдар кеңесінің төрағасы Бақыткерей Молдағалиев бұл бастаманың маңыздылығына тоқталды.
— Аталған акция отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Ағаш — өмір мен ұрпақ жалғастығының символы, — деді ол.
«Мерейлі отбасы — 2023» байқауының қалалық кезеңінің жеңімпазы Еркін Тобылбаев та бұл бастамаға әкесімен келіпті. Ол:
—Бұл игі іс — жастарға өнеге боларлық маңызды қадам. «Отбасы ағашы» табиғатқа жанашырлық пен отбасы бірлігін ұштастыратын рухани-мәдени естелікке айналмақ. Қазақы танымда ер-азаматтың міндетінің біріне ағаш егу мәдениеті жатады.
Аталған акция үшін «Жеңіс» саябағының таңдалуы да бекер емес. Биыл — Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес Одағының Батыры, қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойы. Осы тарихи оқиғалар аясында ағаш егу — өткенге тағзым мен болашаққа аманаттың көрінісі.
Саябақ алдағы уақытта қала тұрғындары мен жастар үшін жайқалған жасыл баққа айналады деген сенімдемін, — деді ол.
Айта кетейік, Алматы ауданы бойынша қалалық мәдениет үйінің саябағына 30 түп ағаш егілді. Ал биыл сәуір айынан бері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Жеңіс» саябағына 200-ден астам ағаш егілген. Бүгінгі акция —осы бастаманың жалғасы.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.





