Егіс науқаны қарқын алды

Облыста көктемгі егіс науқаны қарқын алды. Биылғы науқан ерте басталды. Алайда ауа райының жауын-шашынды болуы диқандардың жұмысына кедергі келтіргенімен, қазір барлық ауданда жаздық дақылдарды егу науқаны белсенді жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін 71 мың гектар жерге дән себілді.
347 мың гектар алқапта ылғал жабылды
Аймақта көктемгі дала жұмыстары жоспарға сай әрі қарқынды жүргізіліп жатыр. Мамандардың айтуынша, биыл көктемнің ерте шығуына байланысты агротехникалық шаралар сәуір айының ортасынан-ақ басталып кеткен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген ресми деректерге сүйенсек, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 806 мың гектарға егіледі деп жоспарланған. Оның ішінде 620 мың гектары жаздық дақылдарға тиесілі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы егіншілік бөлімінің басшысы Нұрбек Райымбаевтың айтуынша, көктемгі дала жұмыстары аясында бүгінге дейін 268 мың гектар жер егіске толық дайындалған. Атап айтқанда, 147 мың гектар сүр, 121 мың гектар сүдігер жер күзден және көктемнен бастап өңделіп, егілетін алқап ретінде белгіленіп отыр.
— Көктем ерте шықты. Соған сәйкес ылғал жабу, химиялық өңдеу, тұқым дәрілеу сияқты дайындық шаралары ертерек басталды. Қазірдің өзінде 347 мың гектар жерге ылғал жабылды. Сонымен қатар 71 200 гектар алқапта арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу жүргізілді. Егіске 24 500 тонна тұқым ірілендірілді. Бұл тұқымдар егіс алдында дәріленіп, арнайы дайындықтан өткізіліп отыр, — деді Нұрбек Райымбаев.
Мамандардың мәліметінше, қазіргі таңда барлық ауданда жаздық дақылдарды егу науқаны белсенді жүргізілуде. Бүгінге дейін 71 мың гектар жерге дән себілді. Бұл жалпы жоспардың — 11,4 пайызы. Оның ішінде жаздық дәнді дақылдар —55,5 мың гектарға, майлы дақылдар —5,4 мың гектарға, мал азығы —9,2 мың гектарға картоп —410 гектарға, көкөніс және бақша дақылдары 520 гектар жерге егілді.
Шаруаларға серпін берді
Мамандар ауа райының тұрақсыздығы кейбір науқандық жұмыста қиындықтар тудырып жатқанын айтады. Соңғы күндері облыстың бірқатар аудандарында жаңбыр жиі жауып, техникамен алқапқа шығуға уақытша кедергі келтіріп отыр. Жер кепкен сәтте егіс жұмыстары бірнеше ауысыммен, үзіліссіз жүргізілетін болады.
Жалпы, көктемгі дала жұмыстарына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Биылғы науқан үшін 6200 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Оның литрі 253 теңгеден берілуде. Бұл — нарықтағы бағадан 15 пайызға төмен. Қазіргі таңда шаруашылық құрылымдары 2613 тонна отынды жеткізіп алды. Сонымен қатар «Кең дала» бағдарламасы шеңберінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 5 пайыздық жеңілдетілген несие ұсынылған. Қазірдің өзінде бұл бағытта 50 шаруашылық жалпы сомасы 4,7 миллиард теңге несие алған.

Егіске ерте қамданған
Егіс науқанының сәтті өтуі күзгі өнімнің мол болуына тікелей әсер етеді. Биыл облыстың бірқатар аудандарында көктемгі дала жұмыстары уақытында басталып, жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Соның ішінде астықты өңірлер — Әйтеке би және Хромтау аудандары көктемгі егіске жан-жақты дайындық жасап, үлкен көлемде жерге дән себуге кірісіп кетті. Бұл аудандарда тұқым, техника, жанар-жағармай және тыңайтқыш мәселесі алдын ала шешіліп, шаруалар ендігі бар назарын дала жұмыстарына бұрған.
Әйтеке би ауданында биылғы егіс көлемі 186 мың гектардан асып отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда артқан. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ақылбек Исатаевтың айтуынша, аудан бойынша әртүрлі дақылдар егіледі. Оның ішінде бидай, арпа, сұлы сияқты дәнді дақылдар негізгі үлесті алып отыр. Майлы дақылдарқатарында күнбағыс пен мақсары бар. Мал азығы дақылдарына да сұраныс жоғары. Бұл бағытта жоңышқа мен судан шөбі егілуде.Көкөніс пен бақша өнімдері үшін де аз көлемде болса да, арнайы алқаптар бөлінген.
— Көктемгі дала жұмыстарына дайындық аясында жер жырту, қар тоқтату, ылғал сақтау сияқты агротехникалық шаралар уақтылы орындалды. Шамамен 83 мың гектар жер жыртылып, 19 мың гектар алқапта қар тоқтатылды. Тұқым қоры жеткілікті. Ауданда тұқымға деген қажеттілік толығымен есептеліп, қазіргі таңда оның 88 пайызға жуығы дайын. Сараптамадан өткен тұқымның үлесі де жоғары болды. Бұл — күздегі алатын өнім сапасының бірден-бір кепілі, — деді Ақылбек Исатаев.
Жаңа техникалар және 539 миллион теңге инвестиция
Әйтеке би ауданында 23 мың гектарға жуық жерге тұқым себілді. Оның ішінде бидай, арпа, бұршақ, күнбағыс пен мақсары сынды дақылдар бар. Шаруалар дән себу жұмыстарын ауа райына байланысты кезең-кезеңімен жүргізіп отыр.
Мамандардың айтуынша, көктемгі жұмыстарға 259 техника жұмылдырылды. Оның ішінде заманауи егіс кешендері мен тұқымсепкіштер, жер өңдейтін агрегаттар бар. Жеңілдікпен беріліп жатқан дизель отынын аталған ауданның диқандары да алып үлгеріпті. Жалпы өтінім көлемі 2,5 мың тоннадан асады.
Ақылбек Исатаевтың айтуынша, шаруашылықтар биыл техникаларын жаңартуға ерекше көңіл бөлген. Аудан бойынша 19 жаңа ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Бұл бағытқа 539 миллион теңге инвестиция тартылды.
Тұқымнан тапшылық жоқ
Науқандық жұмыстарға ерте қамданған аудандардың бірі — Хромтау. Аталған өңірде биыл 115 мың гектар жерге егін егіледі. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қойшыбай Рсалиннің айтуынша, дайындық жұмыстары ерте көктемнен басталып, қазірдің өзінде дала жұмыстарының басым бөлігі орындалып үлгерген.
— Биыл егіс науқанына қажет тұқым көлемі толық қамтамасыз етілді. Тіпті, қосымша сатып алынған тұқым арқылы жоспар 113 пайызға орындалды. Бұл — тұқым тапшылығына жол бермеу үшін жасалған қадам, — деді бөлім басшысы.
Қазір аудан бойынша 18 мың гектарға жуық жерге тұқым себілген. Бұл көрсеткіш күн санап артып келеді. Сонымен қатар тұқым дәрілеу жұмыстары да жүйелі жүргізілуде.
— Бүгінде егіске қажетті техниканың барлығы сақадай сай тұр. Шаруалар қолындағы техникаларды уақытында жөндеп, жаңартқандар да бар. Биылғы көктемгі жұмыстар үшін алынған техникаларға 900 миллион теңгеден астам инвестиция құйылды. Сонымен қатар алты мың тонна тыңайтқыш сатып алу көзделсе, оның 80 пайыздан астамы шаруаларға жеткізілді, — деді Қойшыбай Рсалин.
Арайлым НҰРБАЕВА.



