Алмас ЖАҚСЫЛЫҚОВ: Биыл ұлттық жоба аясында екі мектеп ашылады

Көктем мезгілі де ортасынан ауып, күн едәуір жылынды. Бұл өңіріміз, соның ішінде Темір ауданы үшін өзекті мәселелердің бірі — жол жөндеу жұмыстарының басталатынын білдіреді. Биыл қай ауылдарда асфальт төселеді? Инфрақұрылым игіліктері — су, газ, байланыс желілері бойынша ауылдағы жұртшылықты нендей өзгерістер күтіп тұр? Қандай әлеуметтік нысандар тапсырылады? Осы және өзге де сұрақтарға жауапты Темір ауданының әкімі Алмас Жақсылықовпен өрбіген сұхбатта білдік…

— Былтыр аудандағы 33 шақырым көлік жолына орташа жөндеу жүргізіліпті. Биылғы меже қандай?
— Иә, өткен жылы 33 шақырым 349 метр аудандық маңызы бар автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізіліп, оған 1 миллиард 248 миллион теңге бөлінді. Атап айтсам, Темір қаласында 0,901 шақырым, Ақсай ауылында 1,7 шақырым, Шығырлы ауылында 0,8 шақырым, Құмқұдық ауылында 7,93 шақырым, Тасқопа ауылында 22 шақырым жол жаңарды. Нәтижесінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша аудандағы автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық деңгейінің үлесі 67 пайызға жетті.
Биыл да бұл бойынша жұмыстар жалғасады. Жоспар бойынша 15 шақырым жол қалпына келтірілмек. Соның ішінде Шұбарши ауылындағы Сәтбаев, Степная, Аэродром, Құрылысшылар, 1 мамыр, Аврова көшелеріне, Алтықарасу ауылындағы Аманғосов көшесіне, Құмқұдық ауылындағы Астана және Мектеп көшелеріне, Кеңесту ауылдық округіне қарасты Қопа ауылындағы Ниетов көшесіне асфальт салынады. Сондай-ақ аудан орталығы — Шұбарқұдық кентіндегі Берсеев, 8 наурыз, Теріскей көшелерінің көлік жолы жаңартылып, «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтеріп жатқан білім мекемесі ғимаратына апарар асфальт жол, автотұрақ және жаяу жүргіншілер жолы жасалады, Досжан ишан мемориалды кешеніне кіреберіс жол төселеді.
—Ауызсу, газ, ғаламтормен қамту мәселесі қалай шешіліп жатыр?
— Елді мекендердің 59 пайызында орталықтандырылған ауызсу бар.Қалғандары кешенді блок-модуль, таза су ұңғымасымен қамтылған. Тек Еңбекші ауылында таза ауызсу жоқ. Енді жүз пайызға жеткізу үшін «Еңбекші ауылы су желілерінің құрылысы» жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Ауданда 24 елді мекеннің 15-іне көгілдір отын жеткен. Шығырлы және Ащысай ауылдары бойынша жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан өтті, биыл газ қосуды жоспарлап отырмыз. Енді Құмқұдық, Бабатай және Шибұлақ елді мекендерін газдандыру үшін құжаттар әзірленіп жатыр.
Байланыс желісіне келсек, қазіргі таңда 24 елді мекеннің 22-і ұялы байланыс интернетімен қамтылған. Халық санының аздығына байланысты әзірге Шибұлақ және Шитүбек ауылдарындағаламтор жоқ.
— Осы жылы пайдалануға берілетін әлеуметтік нысандарға тоқталсаңыз. Арасында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынып жатқан ғимараттар да бар екен…
— Ауданда 27 жалпы білім беретін мектеп, 4 қосымша білім беру ұйымы, 13 мемлекеттік және 4 жеке балабақша бар. Жыл соңына дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Шұбарқұдық және Кеңқияқ елді мекендерінде 600 орындық мектеп, сондай-ақ 75 орындық жеке балабақша ашылады деп күтілуде. Аудан орталығында бассейннің құрылысы да жүргізілу үстінде, бас мердігер —«Ұлан компаниясы» серіктестігі. Сол сияқтыТемір қаласында денешынықтыру- сауықтыру кешені салынып жатыр. Бұл екі нысан да биыл есігін айқара ашпақ. Бұдан басқа кәсіпкерлік нысандары бар.
«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ
Темір ауданында 1 қала мен 9 ауылдық округке қарасты 24 елді мекен бар.Тұрғындар саны 34 мыңнан асады.
СПОРТ КЕШЕНІ САЛЫНЫП ЖАТЫР
Осы күзде Темір ауданында денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

Өткен жылы іргетасы қаланған ғимараттың негізгі бөлігі салынып болыпты. Құрылысқа жауапты мердігер — «Стронеф» ЖШС.
— Халық арасында бұқаралық спортты дамыту, ауыл жастарын салауатты өмір салтына тарту мақсатында Темір қаласында тұрғызылып жатқан спорт кешені құрылысының 60 пайызы атқарылды. Енді ішкі және сыртқы әрлеу, терезелерін орнату, жалпы безендіру жұмыстары жүргізілу үстінде. Сыртқы қасбеті, нысанның жан-жағы да назардан тыс қалмайды.
Мұнда әр жастағы келушілерге ыңғайлы, көптеген спорт түрімен айналысуға қолайлы болу үшін барлық талапты ескердік. Кең, жарық, жылы ғимарат болады.
Негізінен, жобаны жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Дей тұрғанмен біз күз айларында қолданысқа бергелі отырмыз. Құрылыс материалдары, жұмысшылар жағынан ешқандай мәселе жоқ. Осы орайда жұмысқа темірлік жігіттердің тартылып жатқанын айта кеткім келеді, — дейді жоғарыда аталған құрылыс компаниясының басшысы Нұрлан Өтепов.
Аудан әкімдігінен білгеніміздей, кешен көп ұзамай заманауи спорттық құрылғылармен жабдықталады деп күтілуде.
ІСМЕРДІҢ ІЛГЕРІЛЕГЕН ІСІ
Темірліктердің «Ауыл аманаты» жобасына қызығушылығы жыл санап артып келе жатыр. Айталық, 2023 жылы аталған бағдарлама бойынша 63 жобаға жеңілдетілген несие берілсе, былтыр 75 кәсіпкердің бастамасы қолдау тауыпты. Ал биылдыққа 110 миллион теңгеге 16 жоба қаржыландырылып үлгерген.

Ауыл тұрғындарының жеке кәсіппен айналысып, табысын арттыруға бағытталған жобаның игілігін көргендердің бірі —Шұбарқұдық кентінің тұрғыны Динара Асылханова. «Айша» қыз жасауын дайындайтын ателье ашу үшін мемлекеттен 4,5 миллион теңгені несиеге алған кейіпкеріміз:
— Анам Ақсәуле — кәсіби тігінші. Ауылдастарына осы қыры арқылы белгілі. Мен де анамның жолын қуып, жастайымнан ісмерлікке жақын болдым. «Ауыл аманаты» жобасы туралы естігенде, жұрт қатарлы қатысып көруге бекіндім. Ұсынған жобам комиссия тарапынан қолдау тауып, 2023 жылы аз пайызбен несие алдым.
Тапсырыстарды қабылдап, төсек жабдықтарын тігетін, өзге де жұмыстарды жүргізетін — өзім. Болашақта кәсібім жақсы дамып жатса, қасыма көмекшілер алу ойда бар. Оған дейін құны 1,5 миллион теңге тұратын тағы бір тігін машинасын алуды мақсат етіп отырмын, — дейді.
Жастық-көрпе, бесіктің жабдықтары, т.б. тұрмысқа қажетті бұйымдарды тігетін шебер ауылдастарының жағдайына қарай қолжетімді бағаны ұсынатынын айтты.Оның ойынша, «Ауыл аманаты»— жұмыссыздықты азайтып, ауыл кәсіпкерлігін дамытуға мүмкіндік беретін бірден-бір жоба.
Айта кетейік, аудан бойынша орта және шағын бизнес субъектілерінің саны — 2482.
Айбек СЕРІКҰЛЫ.



