АуылБасты жаңалықтарЖеңіс

Ерлер есімі ұмытылмайды немесе туған жерге тағзым

Ноғайты деп аталатын бұл ауылдан да қырық бірінші жылы өрімдей жастар ел қорғауға майданға аттанды. Олардың тағдырлары әрқилы өрілді: бірі соғыс даласында ерлікпен қаза тапты, от пен оқ ортасында хабарсыз кеткендері де бар, енді бірқатары жарақаттанып, елге Жеңіспен оралды.

Сол ерлердің есімдері ешқашан да ұмытылмайды. Соғыс оты басылғалы сексен жылдай уақыт өтсе де, оның салған жарақаты әлі жазылған жоқ.

1975 жылы Ұлы Жеңістің 30 жылдығына орай көптеген елді мекендерде майдангерлерге тағзым ретінде ескерткіш бой көтерді. Одан бері де жарты ғасыр өтіпті.

Биыл Ноғайты ауылынан шыққан бір топ азамат сол кездегі ескерткішті жаңғыртып, айналасын көріктендіру ісін қолға алған еді. Сол бастама уақыт өте келе, үлкен шараға ұласты.

Отан қорғаушылар күні Ноғайты ауылында үлкен мереке болып өтті.

Бұл күні ауыл адамдары, үлкен-кішісі бар, сәнді киімдерін киіп, үлкендер немерелерін жетектеп, таңертеңнен орталықтағы клуб үйіне қарай ағылды…      

Екі ескерткіш тақта

Отан қорғаушылар күні ауылда ертерек басталған іс-шара ел қорғаған екі майдангер тұрған үйлердің қабырғасына орнатылған ескерткіш тақталарды ашуға арналды.

Ұлы Отан соғысы тұсында ел қорғаған ерлер қатарында байғаниндік ағайынды Төлеубай, Сағызбай, Нағызбай Отыншиндер де бар еді.

Ағайындылардың үлкені Төлеубай Қызыл армияға 1942 жылы қаңтар айында шақырылған. Бөлімше командирінің орынбасары болған ол 137-атқыштар дивизиясының 771-атқыштар полкі құрамында жаумен шайқасқа қатысқан. 1943 жылдың 23 ақпанында майданда ерлікпен қаза табады. Ресейдің Орел облысы Покровка деревнясындағы бауырластар зиратында жерленген.

Ағайындылардың кішісі Нағызбай Отыншиннің майдан жолдары Украинаның Нововолыньск жерінен басталып, Польшаның Замость, Сталева-Воля, Мелец елді мекендері арқылы жалғасып, Праганың тұсынан өтіп, Ческе-Будеевицпеде аяқталады, одан кейінгі өмірі белгісіз, хабар-ошарсыз кеткен. Архив деректері бойынша оның 1945 жылдың 22 мамырындағы Жарлықпен «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталғаны анықталды.

Үшеудің ортаншысы Сағызбай Отыншин әскер қатарына 1941 жылы алынғаннан кейін І Украин майданында Ленин орденді 181-Сталинград атқыштар дивизиясының 288-атқыштар полкі құрамында сержант шенінде жауға қарсы соғыстарға қатысады. Ол взвод командирі міндетін атқарып жүріп, Сингаи елді мекені аймағындағы шайқас кезінде ерлік көрсеткені үшін 1943 жылы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Сондай-ақ оған «1941-1945 Ұлы Отан соғысы жылдарындағы айбынды еңбегі үшін» медалі беріледі.

Айта кетерлігі, жаралы болып елге оралған ол шамалы уақыттан соң қайта сұранып, майданға аттанады.

Жеңіспен оралған соң «Жем» колхозы басқармасының төрағасы, ферма меңгерушісі, ауылдық кеңес атқару комитетінің хатшысы, кейін төрағасы қызметтерін атқарады. Ол ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталады.

Майданнан аман-есен туған жерге келген жауынгер 1946 жылы Зияба Әбілғазықызымен шаңырақ көтереді, отбасында бірнеше перзент дүниеге келген. Көпбалалы анаға бірінші және екінші дәрежелі «Аналар», сондай-ақ «Еңбек ардагері» медалі беріледі.

Сағызбай Отыншин 1958 жылы «Сағыз» совхозының №2 фермасының меңгерушісі болып жүргенде Мәскеудегі Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысады.

Ол 1964 жылы өмірден өтеді.

Міне, Ноғайты ауылындағы үй қабырғасындағы ескерткіш тақтада «1941-1945.

Бұл үйде Ұлы Отан соғысының ардагері Отыншин Сағызбай тұрған.

Есімің қалар мәңгі есте!» деп жазылған.

Ескерткіш тақтаның ашылуы салтанатында майдангердің ұрпақтары бас қосты. Ел қорғаған ердің ұл-қыздарымен бірге, немересі Айдос та атасының артында қалған белгі тұсында тағзым етті.

Ұлы Отан соғысының екінші бір ардагері Таңат Әбдірұлы 1914 жылы туған.

1941 жылы ел қорғауға аттанып, Беларусь майданында соғысып, аяғынан жараланады. 1944 жылы әскер қатарынан босатылып, елге оралады. Көптеген ордендермен, медальдармен марапатталған.

1951 жылдан «Сағыз» совхозында бас жылқышы болып еңбек етеді.

Адал еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. «Облыстың таңдаулы жылқышысы» атағына ие болған.

Баласы Әуелбай Таңатұлы әке жолын қуып,  жылқышы болып еңбек еткен. Бақтыбай Таңатұлы шаруашылықтарда бас мал дәрігері болып қызмет атқарды. Бүгінде майдангердің немерелері ат жалын тартып мініп, ата дәстүріне лайық өмірден өз орындарын табуда.

Таңат Әбдірұлының өзі 1978 жылы, алпыс төрт жасында өмірден өтті. Содан бергі жарты ғасырға жуық уақыт ел қорғаған жауынгердің, еңбекте өзін танытқан үлкен қажыр иесінің есімін ел жадында ұмыттырған жоқ.

Бүгінгі ескерткіш тақта қою рәсімінде де ұрпақтары әке рухына тағзым етіп, оның өмірінің жалғасы жарасымды өрбіп келе жатқанын байқатты.

Жаңарған ескерткіш, жаңғырған сана

Осыдан тура жарты ғасыр бұрын Ноғайты ауылында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30 жылдығына арналып обелиск тұрғызылған болатын. Содан бері қаншама уақыт өтті, енді ескерткішті жаңарту қажеттігі біліне бастады. Осы ауылдан шыққан бір топ азамат биыл осы істі қолға алып, 7 мамыр күні жаңартылған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті.

— Ұлы Отан соғысы біздің тарихымыздағы ең бір қасіретті күндер болып саналады. Ел қорғау жолында біздің аталарымыз бен әкелеріміз қан майданда қаза тапты. Елге жаралы болып оралғандары қаншама. Жалпы соғыс тақсіретін тартпаған отбасы, әулет жоқ шығар…

Біздің Байғанин ауданының өзінен көптеген адам майданға аттанды. Олардың әрқайсысының есімдері біз үшін қадірлі. Біз батырларымыздың рухы алдында басымызды иеміз. Бүгінгі Ноғайты ауылында жаңғыртылып отырған обелиск — біздің ерлік пен елдікке деген құрметіміздің ешқашан суымайтындығының белгісі, — деді аудан әкімі Айбек Көпенов көпшілік алдында сөйлеген сөзінде.

Одан кейін сөз алған Ақтөбе облысының құрметті азаматы, белгілі ғалым Алтай Тайжанов Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналып «Туған жерге тағзым» акциясы аясында өткізіліп жатқан бұл іс-шараның маңыздылығына, оның ұрпақтар сабақтастығының нақты көрінісі екендігіне тоқталды.

«Ақтөбе Медиа» компаниясының директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин өз сөзінде былай деді:

— Мен осы ауылдан түлеп ұшқан, осы өңірдің перзенті ретінде бүгін ерекше тебіреністі сәтті бастан кешіп тұрмын.

Туған жер дегенде бүйрегі бұрмайтын, жүрегі елжіремейтін адам болмаса керек. Өйткені кім-кімнің келешегіне кемелді жол, сәтті сапарлар сол құтты мекеннен басталады.

Бәріміз де ауылдан түлеп ұштық, елдің үлкендерінің батасын алып, болашағымызға қадам жасадық. Егер біз өмірде қандай да бір жетістіктерге қол жеткізіп жатсақ, ол туған жеріміздің, өскен еліміздің, бізге ниеттес болып, сыртымыздан жақсы лебізін білдіріп, тілеуімізді тілеп жүрген елдегі ақжүрек ағайынның, жанашыр жерлестеріміздің арқасы деп білеміз.

Бүгін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай ел қорғаған әкелеріміздің рухына тағзым етуге жиналып отырмыз…

Өлмейді ісі мәңгілік,

Өшпейді абзал есімдер.

Ұрпаққа жетіп жаңғырып,

Кетпейді естен есіл ер…

Ескерткіште жазылған осы өлең жолдары жиналғандардың жанарына жас үйіріп, ел қорғаны болған ата-әкелерді еске түсіргендей болды.

Шараға қатысқан ауылдың бүгінгі үлкендері Марат Құлназаров, Залжан Сүйеуов, Төлеген Жұмабаев, Тілек Төлеш, Базарбай Шоманов, Нұрсұлу Кемалова және басқалары осындай мерекелік шараны ұйымдастырған азаматтарға алғыс сезімін білдірді.

Ескерткіш маңына ауыл перзенттерінің ұйымдастыруымен Ақтөбеден арнайы жеткізілген тал-теректер егілді. Бұл бейбітшілікті қадір тұтатын, жақсылық пен игілікке ұмтылған, жарқын күнге бағдар ұстаған бүгінгі буынның ізгі ниетінің нышаны іспетті болды.

Ел білетін Елтоқ ата

Ел жадында сақталып, есімдері қай кезде де құрметке ие сирек тұлғалардың бірі — Елтоқ Сәрсенбаев. Ол жас кезінде тағдырдың жазуымен Мәскеу облысы Вологда қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленеді. Соғыс басталғанда сол жақтан өз еркімен әскер қатарына кетеді. 1942 жылдан Балтық теңізінде матрос болып әскери қызмет атқарады. 260-матростық десанттың құрамында Ленинград қаласын жаудан қорғайды. Балтық жағалауындағы республикаларды азат етуге қатысып, соғысты шығыс Пруссияда аяқтайды. Ленинград қаласын жаудан қорғаудағы жанқиярлық ерлігі үшін оған «Ленинград қаласының құрметті азаматы» атағы беріліп, орден-медальдармен марапатталады.

1947 жылы елге оралып, аудандық өрт сөндіру мекемесіне басшылық қызметке тағайындалады. От пен оқ ортасынан аман шыққан жауынгердің бойында Алла сыйлаған бір құдірет бары көп ұзамай халыққа аян болады. Сондықтан да ауырып-сырқаған, жаны қысылып, дертіне шипа іздеген жандар алыс-жақыннан оны іздеп келіп, алдынан жазылып шығып жатады. Ол сырқаттарды емдік шөптермен емдеп, бұған көріпкелдігі қосылып, атағы елге мәшһүр болады.

1999 жылы дүниеден озған Елтоқ атаның бейіті табиғи қайрақтастан төрт құлақты етіп өрілген.

Өткен жылы оның басына еңселі түнемелік үйі салынды. Ата әруағына арналып.

Жаратқан өзі жебеген,

Күш қуат алған көнеден.

Пайғамбарды Пір тұтып,

Еліңе жетті өнегең.

Әр айтқан сөзі дуалы,

Ұшқан оқтай жебеден.

Пейіште жүзің шалқығай,

Нұр құйғандай төбеден деп жазылған ескерткіш тақта орнатылған.

Қазіргі уақытта мұнда адамдар жиі келіп, ата басына тәу етеді, арнайы ат басын тіреп, дұғасын бағыштайды.

Сол рәсімді біз де ұстанып, Қарауылкелді селосынан көз көрім жердегі Елтоқ ата рухына тағзым еттік.

Теміржол бойында тірлік бар

Бұл ауыл теміржолдың бойында орналасқан. Ақтөбеден Атырауға, Ақтауға бағыт ұстайтын республикалық маңызы бар автокөлік жолы да осы өңірді басып өтеді. Сондықтан да болуы керек, кешегі аумалы-төкпелі уақытта да бұл жерде қалыпты тіршілік ырғағы бұзыла қойған жоқ.

Қазіргі уақытта мұндағы халық саны мың жарымға жуақтайды. Ауылдағы орта мектепте үш жүздей оқушы білім алады. Тұрғындарға дәрігерлік амбулатория, клуб үйі, модульді кітапхана қызмет көрсетеді. Балабақшада елу тәрбиеленуші бар.

Өткен жылдың маусымында тікелей дауыс беру арқылы сайланған Ащы ауылдық округінің әкімі Нұржан Жанғалиев ауылда ауызсу мәселесі шешілгенін, тұрғындар көгілдір отын игілігін көріп отырғанын айтты. Сондай-ақ интернет жүйесі де іске қосылған. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі мектепте, балабақшада, теміржол бойында еңбек етеді. Сондай-ақ жақын жердегі «СағызПетролеум Компани», Атырау, Маңғыстау өңірлеріндегі, Кеңқияқтағы мұнай өндіретін кәсіпорындарда вахталық әдіспен жұмыс істеп жүрген азаматтар да баршылық. «СағызПетролеум Компани» ЖШС осы аумақта орналасқандықтан ауылға демеушілік көмектерін жасап отырады.

Бүгінде Ащы ауылдық округі аумағында 32 шаруа қожалығы бар. Төрт қожалық асылтұқымды ірі қара малын бағып-көбейтуде. Сондай-ақ қой-ешкі, жылқы өсіруге де айрықша көңіл бөлінуде. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында екі адам қой шаруашылығын дамытуға талаптанып, бір азамат ет өнімдерін өңдейтін шағын цех ашты, ауылда сабын шығаратын станок іске қосылды.

Таяу маңда арнайы бағдарлама бойынша бір кәсіпкердің қолға алуымен наубайхана іске қосылады деп жоспарлануда, оның құрылыс жұмыстары басталып та кетті..

Ауылда төрт сауда дүкені халыққа қызмет көрсетеді. Мұның өзі, бір жағынан, адамдар үшін жұмыс орындары мүмкіндігін кеңейтсе, екіншіден, тұрғындарды азық-түлікпен, күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлармен қамту аясы молаюда.

Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес өткен жылы Бейбітшілік көшесінен теміржол өткеліне дейін тасжол салынып, пайдалануға берілді. Биыл осы көшеден теміржол вокзалына дейін көлік жолы және жаяу жүргіншілер жолы құрылысы қолға алынды,

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 40 адамға арналған фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы былтыр шілде айында басталып, осы жылы аяқталып, ел игілігіне беріледі деп күтілуде.

2026 жылы «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша жаңа үлгідегі 80 орындық клуб үйі кітапханасымен бой көтереді деп жоспарланып отыр.

Ауылда газ, су, жарық мәселелері оңтайлы шешілген. Мұның өзі ауыл адамдарының сыртқа көшпей, тұрақтануына мүмкіндік беруде. Өткен жылы үш жаңа тұрғын үй салынып, қоныстойын тойласа, биыл да жаңа үш үйдің іргесі көтерілуде.

Осы ауылдан үлкен өмірге қанат қағып, бұл күнде әр қиырда жүрген түлектер де туған ауылдарын ұмытпайды. Биыл мектеп бітіргендеріне жарты ғасыр болған түлектер ауылға 250 түп тал жеткізіп берсе, ширек ғасыр бұрын мектеп бітіргендер орталық саябаққа су желісін жүргізіп, сонымен бірге 120 түп ағаш әкеліп екті. 2005 жылғы мектеп түлектері ауылдың кіреберісіндегі жол үстіне түнгі жарығы бар «Қош келдіңіздер!» деген аспалы жазуды ілмекші.

Ауыл жастары спортпен тұрақты шұғылданады. Соның нәтижесінде олардың арасынан ұлттық спорт түрлерінен және волейболдан республикалық чемпионаттар мен турнирлердің жеңімпаздары шықты.

Аудандағы игі істер

Байғанин өңірінде күн жылынысымен құрылыс жұмыстары қыза түскені байқалады.

Мәселен, Қарауылкелді селосындағы 400 орындық Мәдениет үйі ғимараты құрылысы сәуір айында бастау алды.

— Халықтың рухани қажеттілігін өтеу мақсатында заманауи талаптарға сай келетін мәдени орын керектігі айқын білінді. Көпшіліктің тілегі де осы еді. Сондықтан да біз осы жайға назар аудардық. Жалпы құны 1 миллиард 646 миллион теңге деп бағаланған бұл жобаны жүзеге асыруды «Аймар Строй Сервис» ЖШС мердігер мекемесі қолға алды. Жаңа нысан 2026 жылдың соңында пайдалануға беріледі деп отырмыз, — дейді аудан әкімі Айбек Көпенов.

Аудан орталығында геологиялық жағдайлары қалыпты климаттық кіші аудандардың ІІ типті екі көлікке арналған өрт сөндіру депосы кешенінің құрылысы биылға жоспарланған. Жобаның жалпы құны 890 миллион 788 мың теңге деп есептелді. Бұл құрылысты «Orda servise qroup» ЖШС жүргізуде.

Алдағы атқарылар істер ауқымында Қосарал және Көкбұлақ елді мекендеріне жеткізуші және кентішілік газбен қамту нысандары бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Жобаларды жыл соңына дейін аяқтап, сараптама қорытындысын алу жоспарлануда. 2026 жылы әзірленген жобалар бойынша құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілетін болады.

Аудан орталығын көріктендіру жұмыстары да кеңінен жоспарланды.

Қарауылкелді округі әкімдігіндегі Жаңақұрылыс, Болашақ, Құрылысшылар көшелеріне қиыршықтас төсеу жұмыстары басталды. Алдағы уақытта негізгі көшелерде жол құрылысы жүргізіледі, қатынасы қиын көшелерге тұрғындардың сұрауымен қиыршықтас төсеу жұмыстары жалғасатын болады.

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ауданда сәуір айының ортасында тал егу күні белгіленді. Акция аясында аудан аумағында түрлі жеміс ағаштары мен сәндік көшеттер егіліп, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

Еңбек еленген күн

Атқарылған еңбек қашанда еленгені дұрыс. Мереке күні Ноғайты ауылының тұрғындары көптеген марапаттарға ие болды. Бәлкім, аз, бәлкім, көп болар, адам баласы негізінде ықыласқа ырза. Сондықтан да шығар, жиналғандардың қай-қайсысының да жүзінен мақтаныш сезімін байқау қиын емес еді…

Алдыңғы буын өкілдері арасында үлгі болар аға-апалар баршылық. Олардың еңбегі де, есімде де ұмытылмайды.

Байғанин өңірінен шыққан танымал кардиолог, профессор, медицина ғылымдарының кандидаты Бекболат Жолдинді 75 жасқа толған мерейтойына байланысты Байғанин ауданының әкімі Айбек Көпенов пен  «Ақтөбе Медиа» компаниясының директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин құттықтап, құрмет көрсетті.

Ерен еңбегімен елге танылған Социалистік Еңбек Ерлері, «Сағыз» совхозының аға шопандары Кеңес Бірқұлақов, Қылыш Төлепов атындағы сыйлықтар дипломымен қоса Ерболат Хисамединовке, Әділбек Әбиге тапсырылды.

Ұлағатты ұстаз, білім беру ісінің үздігі Бідан Қошаманов атындағы сыйлық дипломымен қоса, математика пәнінің мұғалімі Марал Жұмақұловаға, білікті педагог, өз мамандығының өнегесі Сәлима Сағызбаева атындағы сыйлық дипломымен қоса, биология пәнінің жаңашыл мұғалімі Айгүл Ержанқызына берілді.

Бұл күні Бақытжан Бекжанова Ауылшаруашылығы министрлігінің  І дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, сондай-ақ облыстық ауыл шаруашылық басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды. Көп жылдар бойы «Сағыз» совхозында малшы болып, комсомол жастар бригадасына жетекшілік еткен, аудандық кеңестің депутаты болған, бүгінде зейнет жасындағы ардагердің жас буынға берер үлгісі әлі де аз емес.

Ал «Сағыз» совхозында малшы болған, жалпы алғанда ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан Базарбай Шомановтың кеудесіне Ауыл шаруашылығы министрлігінің ІII дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісі тағылып, ол да облыстық ауылшаруашылық басқармасының Құрмет грамотасын алды.

Талғат Әбілов ұзақ жыл шаруашылықта құрылыс саласында еңбек етіп, ауылдың өсіп-өркендеуіне зор үлес қосты. Қазіргі уақытта «Жадыра» шаруа қожалығын басқарып, ірі қара малын өсірумен айналысуда. Ол Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрметті ардагер» төсбелгісіне, облыстық ауылшаруашылық басқармасының Құрмет грамотасына ие болды.

Шаруа қожалығының басшысы ретінде ауыл тұрғындарына көмек, қолдау көрсетіп жүрген Бауыржан Есімовтің еңбегі де ескерілді, ол облыстық ауылшаруашылық басқармасының Құрмет грамотасын алды.

Бүгінде мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талап та жоғары, міндет жүгі де ауқымды. Бұл ретте халыққа қызмет көрсетуде биік деңгейден көрініп жүрген, кейінгі жастарға жол көрсетіп жүрген мемлекеттік қызметшілер де аз емес.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Шілманов мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар абыройлы еңбек атқарған ардагер Сайлаубай Жұбанға Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Елеулі еңбегі үшін» медалімен бірге, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің Алғыс хатын тапсырды. Осындай Алғыс хатты мемлекеттік қызметкер Мейрамбек Рахатұлы да алды.

Неміс фашистерімен соғыс өрті сөнді делінгенімен, жетпісінші жылдардың аяғындағы ауған жеріндегі дүрбелең де елдің ішінде біраз мазасыздық тудырды. Бейбіт өмір сақшысы болып жүрген кеңес әскерлері құрамындағы жауынгерлер интернационалдық борышын өтеу үшін деген желеумен жат жерге аттанды. Осы қатарда байғаниндік Айтбай Рахманұлы да бар еді. Ол өзінің қаруластарымен бірге алдарына қойылған міндетті абыроймен орындап, елге аман-есен оралды.

Өмірлік серігі Қаламқаспен бірге ұрпақ өсіріп, немере сүйіп, 65 жасқа толып отырған ардагер де Отан қорғаушылар күнінде Алғыс хатқа ие болды. Оған сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрметті ардагер» төсбелгісі табыс етілді.

Қай уақытта да жас буынға білім беру, халықтың денсаулығын қорғау маңызды.

Академик, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Алтай Тайжанов ардагер ұстаз Гүлнәзия Мұқашеваға, педогог-зерттеуші біліктілігі бар ұстаз Ғабит Жұбанға Оқу-ағарту министрлігінің «Білім және ғылымға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тапсырды.

Мұғалімдер Перизат Қонақбаева, Айгүл Қошқарбай, Жұлдыз Дәулетбаева облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталды.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев пен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің ректорының міндетін атқарушы Талғар Әбілов денсаулық сақтау саласының ардагері Өзипа Табылдинаға «Qamqor» Ақтөбе денсаулық сақтау кәсіподағы қоғамдық бірлестігінің «Ақтөбе облысы денсаулық сақтау үздігі» төсбелгісін, еңбек ардагері Салтанат Оспановаға, Ноғайты дәрігерлік амбулаториясының медбикелері Анаргүл Нұрқайтбай мен Мейрамгүл Әбішеваға облыстық денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамотасын ұсынды.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің профессоры Бекболат Жолдин Сағыз  ауылдық кітапханасының меңгерушісі Ләззат Ыбырайға, музыка мектебінің тәлімгері Гүлсая Қызыловаға облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хатын тапсырды.

Облыстық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Қожин жеке кәсіпкер Нұрсұлу Кемалды, ауыл тұрғындарына әлеуметтік-материалдық көмек көрсетіп, елді мекеннің өсіп-өркендеуіне зор үлесін қосып жүрген белгілі кәсіпкер, «Санжар» ЖШС директоры Асхат Талдыбаевты «Атамекен» Ақтөбе облысы кәсіпкерлер палатасының Алғыс хатымен марапаттады.

Бұл ауыл тұрғындарының көбі теміржол бойында жұмыс істейді. Солардың бірқатарының еңбегі осы жиында лайықты атап өтілді. Қазақстанның құрметті журналисі, «Құрмет» орденінің иегері Аманқос Орынғалиұлы Ноғайты-Жамансор теміржол су құбыры мекемесін басқарған Залжан Сүйеуовке Қазақстан теміржол саласы басшылығының ІI дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін, теміржол саласының ардагері Сырлыбек Шегіровке Алғыс хатын тапсырды.

«Оқырманы көп газет өміршең болады» дегендей, облыстық «Ақтөбе» газетінің адал оқырманы қай уақытта басылымның әр санын іздеп жүріп оқиды. Олар газеттен жақсы жаңалық, жылы хабар, өркенді өзгерістер күтеді.

Сондай тұрақты оқырмандар Ноғайты ауылында да аз емес. Солардың қатарында еңбек ардагері Марат Құлназар, орта мектептің биылғы түлегі Ақжол Досан «Ақтөбе Медиа» компаниясының Алғыс хатымен марапатталды. Ал ауыл тұрғыны Сұлтанбек Төлеш осындай құрметпен бірге, Алға қаласындағы «Шипагер» емдеу-сауықтыру орталығына жолдамаға да ие болды.

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті ректорының міндетін атқарушы, медицина ғылымының кандидаты, доцент Талғар Әбілов Ноғайты селолық Мәдениет үйіне музыкалық құрал-жабдықтарды сыйлыққа тартып, көпшілікті бір қуантты.

Жиынға қатысқан Қопа және Көлтабан ауылдық округтерінің әкімдері Аралбек Есболаев пен Нұрсая Нұрбаулықызы өздері басшылық жасайтын өңірлерде де Отан қорғаушылар күні лайықты аталып, Жеңіс күні мерекесіне орай ел қорғаған ерлер рухына тағзым ету шаралары ұйымдастырылып жатқанын айтты.

Осы күндерде «Туған жерге тағзым» акциясы аясында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереевтің қолдауымен және елден шыққан азаматтардың ұйымдастыруымен Ноғайты және Жарлы ауылдарының тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетіліп, тексеруден өткізілді.

Екі күні бойы облыс орталығынан шыққан білікті мамандар — терапевт, травматолог,  көз дәрігері, балалар дәрігері өздерінің құрал-жабдықтарымен жылжымалы медициналық кешен көмегімен халыққа қызмет етті, олардың денсаулығына байланысты рентгенге түсіріп, ультрадыбысты зерттеулерден өткізді, дәрігерлік кеңестер берді.

Белгілі қаламгер, композитор, қоғам қайраткері, осы елде еңбек еткен Жанұзақ Талдыбаевтың туған жерге арнаған «Ноғайтым — сағынышым» атты әні шырқалды.

Ноғайты ауылында клуб меңгерушісі болып қызмет атқарған, өзі бірнеше кітаптың авторы Жанұзақ Талдыбаев атындағы сыйлық мәдениет қызметкері, Ноғайты ауылдық музыка мектебінің тәлімгері Гүлсая Қызыловаға тапсырылып, жиын салтанаты арта түсті.

…Ұлы Жеңіске үлес қосқан, бейбіт күнді жақындатқан ерлеріміздің даңқы ешқашан да ұмытылмайды, мәңгі есте қалады…

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

Байғанин ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button