Ақтөбенің қымызы


Қазір дүкендерде Ресей, Башқұртстанды айтпағанда, еліміздің өзге облыстарында шығарылған қымыздан көз тұнады. Жер-жерде қымызханалар да көптеп ашылып жатыр. Өйткені әсіресе пандемиядан кейін халық арасында ұлттық сусынға сұраныс артты. Бұл кәсіпте Ақтөбенің үлес салмағы да басым: жергілікті биелердің сүтінен дайындалған өнімдер көршілес өңірлерге экспортталып жүр.
Оған негіз де жоқ емес. Кезінде Мұғалжар ауданының Ембі қаласында жылқы зауытының болғанын әрі Ақтөбеде мұғалжар мен көшім тұқымдары шығарылғанын ескерсек, қымыз өндіру ісінің біздің жақта өркендеп жатқаны — қалыпты құбылыс. Өткен жылдың соңында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы өңірде жылқы институтының құрылғаны және белгілі. Бұның барлығын бес саусағындай білетін ақтөбелік Рустам Әлжановтың атакәсіпті қолға алғаны сондықтан.
— Он жыл мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп, 2019 жылы кәсіпкерлікке бет бұрдым. Өзімді курьерлік қызмет, сауда-саттық, құрылыста сынап көруге мүмкіндік туды. Нәтижесінде былтыр осы қымыз өндіру ісіне тоқтадым. Бұның өзі кездейсоқ болған жоқ. Қолым қалт еткенде атқа мініп, қымыз ішетін қазақтардың қатарынанмын. Сондай кездің бірінде дүкеннен алған қымыздан басым айналып, өзімді жайсыз сезіндім. Жақпады. Іле-шала «неліктен осы кәсіп түріне ден қоймасқа?!» деген ой келді. Нарықты зерттеп, бір апта бойы әр жерден әкелінген ұлттық сусынды ішіп, серіктесім екеуміздің бұл бастамамыздың баянды болатынына сеніміміз беки түсті.
Өткен жылы шағын цехты жалға алып, қымыз өндірісін бастап кеттік. Қарамағымда технолог, маркетолог мамандар бар — барлығымыз жұмыла осы іске кірістік. Өзіміздің облыстан бөлек, Алматы, Шымкент қалаларынан да саумал сатып алып, бірнеше мекеннің шикізатын бағамдап көрдік. Асылы, Ақтөбеде жайылған биенің сүтінен асқан, майлылығы жоғары, ерекше дәм жоқ. Бір жағынан, бұл біздің жақтың шөбінің шүйгін болуымен байланысты шығар. Қымыздың денсаулықты ғана нығайтпай, адамның шөлін қандырып, жан сарайын ашатыны көпшілікке мәлім. Өзіміз отбасымызбен күн сайын кемінде 1 литр сусынды тауысамыз. Бұл — үлкен-кішіге пайдалы дәрумендер жиынтығы, — дейді «R-logistics Group» ЖШС құрылтайшысы Рустам Әлжанов.

Жайлауда қымыздың бабы пісу мен сапыруға байланысты екені анық. Ал өндірістегі бұның сырын 39 жастағы кәсіпкерден сұрағанымызда, Ресейден алдыртқан қондырғылармен жұмыс істейтінін, сенімді hәм зертханадан өткен шаруа қожалықтарының саумалын ғана алатынын атап өтті. «Мамыр айынан қоңыр күз әбден түскенше шикізат қорын жинап, оны арнайы технология бойынша сақтаймыз. Өніміміз жүз пайыз табиғи компоненттен тұрады. Құрамында таза саумал, сиыр сүті, ашытқы, бал, қант шәрбаты болғандықтан дәмі де, құнарлығы да бөлек боп шығады. Жалпы, қымызды дайындау процесі 2-3 күнге созылады», — деп сыр ақтарды іскер азамат.
Аталған компания қымыздың әзірге екі түрін шығарады: «Qazaq qymyz» және «Qazaqstan qymyz». Бұлардың құрамы мен құтысының сыртқы пішінінде айырмашылық бар. Ал ұқсастықтарына келсек, мөлшері — 1 литр, сосын құтысы ұлттық ою-өрнектермен бедерленіп, киіз үйдің бөлшектері — шаңырақ пен керегенің сұлбасымен көркемделген. Айтпақшы, шикізатпен қоса, пластик құты, оның сыртындағы жапсырма қағаз, тіпті қақпақтың өзі Ақтөбеде жасалған. Толығымен жергілікті өнім қазіргі таңда еліміздің батыс бөлігіндегі облыстарына жеткізіледі. Экспортқа Тыва Республикасы, Моңғолияға шығару үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Әңгімелесушіміз мал бағып, төрт түлік өсіруге ден қойған елде саумал табу негізгі мәселеге айналып отырғанын тілге тиек етті. Егер шикізат қоры мол болса, өнім көлемін ұлғайтуға дайын қымыз өндіруші:
—Ең алдымен жергілікті өнімді қолдап, дүкендерден лезде сатып алып жатқан ақтөбеліктерге алғысымды білдіргім келеді. Атқарушы билік, соның ішінде Ақтөбе қаласының кәсіпкерлік бөлімі де бізді демеп, нарыққа шығуымызға қол ұшын созды. Соның арқасында аз уақыттың ішінде тұрақты сатып алушыларымыз қалыптасып үлгерді. Қымыз өндірісінде бәсекелестік зор екенін қаперге алсақ, бұл — қуанатындай жағдай. Енді өнім көлемін арттырып, ұлттық сусынды сыртқа кеңінен саудалауды жоспарлап отырмыз. Неге десеңіз, сұраныс бар, — деп алдағы мақсатымен бөлісті.
«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ
Облыстық кәсіпкерлік басқармасының деректеріне сүйенсек, 1 сәуірдегі жағдай бойынша өңірдеорта және шағын бизнес саласында 85,9 мың кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, соның 135-і тамақ өнеркәсібіне қатысты.
Айбек ТАСҚАЛИЕВ.



