Жұмысшы мамандықтары жылы

Тракторшы Сәтжан

Мәртөк ауданының тұрғыны Сәтжан Кулушевтің «Айс» ЖШС сүт-тауарлы фермасында тракторшы болып жұмыс істегеніне биыл 15 жыл болған. Ол сәуір айынан қараша айына дейін егістіктің басында жүріп жүгері егеді, оны жинайды, жаз айларында бригадасымен шөп шабады. Өз ісіне берілген еңбекқор азамат қашанда бейнеттен қашпайтынын айтады.

— Мен Мәртөк ауданының Құмсай ауылында тұрамын. Ауылымыз ферма орналасқан аумақтан 30 шақырым қашықтықта орналасқан. Күн сайын жеке көлігіммен жұмысқа қатынаймын. Қазіргі таңда көктемгі далалық жұмыстарға дайындалып жатырмыз. Бүгінде фермада 15 шақты тракторшы бар. Барлығымыз таңертең бір мезгілде жұмысқа шығамыз. Жағдайымыз жақсы, ай сайын жалақымызды алып отырмыз.

Былтыр ауданымызда астық бітік шықты, шөптің де мол қоры жиналды. Биыл да жақсы өнім аламыз деп үміттенеміз, — дейді ол.

Кейіпкеріміз фермадағы механизаторлар 200-250 мың теңге жалақы алатынын, мұнда бірнеше бригада жұмыс істейтінін, барлығы жергілікті тұрғындар екенін жеткізді.

— Негізгі мамандығым — механизатор. Бұған дейін аудандағы «Казанка», «Құмсай» шаруашылықтарында біраз жыл жұмыс істедім. Бұл жерде басқаларға қарағанда жалақы жоғары, жұмысымыз тұрақты. Сондықтан қандай қиындық болса да, бейнетіне шыдап, еңбек етіп келеміз. Жалпы, еңбек еткен адам далада қалмайды. Қазақта: «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген мақал бар. Міне, сол сияқты еңбек еткен адам қашанда бейнетінің зейнетін көреді. Қазір отбасында келіншегім екеуміз үш бала тәрбиелеп отырмыз. Сол балаларым аүнемі осы мақалды айтып отырамын. Өкінішке қарай, қазіргі жастар қара жұмыс істегісі келмейді, сондықтан біз, әрбір ата-ана, отбасында баласына тағылымды тәрбие беріп, оларды жастайынан еңбекке баулуымыз керек, — дейді Сәтжан Кулушев.

Кейіпкеріміз бүгінде 50 шақты түтіні бар шағын ғана ауылда тұрады. Мұнда бастауыш мектеп пен шағын бала бақша жұмыс істейді. Құмсай ауылы Мәртөк ауданының орталығына жақын орналасқандықтан, мұнда газ да, ауызсу да, интернет те бар.

Ауылымызда ешқандай проблема жоқ. Қазір өзім фермада жұмыс істесем, келіншегім үй шаруасында. Ауламызда азын-аулақ қой, сиырымыз бар, — дейді тракторшы.

Айта кету керек, Сәтжан Кулушев жұмыс істейтін «Айс» ЖШС сүт-тауарлы фермасында жылына 12 мың тоннадан астам сүт өндіріледі. Кәсіпорында 75 адам еңбек етеді. Мұнда ірі қараны саууды бақылайтын, өнімді есепке алатын арнайы автоматтандырылған жүйе жұмыс істейді. Бүгінде серіктестік суармалы жерлер есебінен жемшөппен толық қамтамасыз етілген. Ферманың аумағында жылына 46,3 мың тонна өнім өндіретін сүт өңдеу зауыты орналасқан. Аталған зауыт «Бизнестің жол картасы — 2025», «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында мемлекеттік қолдауға ие болы потыр.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button