Жұмысшы мамандықтары жылы

Талантты жұмысшы

Биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында уақытпен санаспайтын қоғамдық жұмысшылардың еңбегін елеп ескергеніміз абзал.

Қазір Шалқар қаласы бойынша қоғамдық жұмысқа  90 адам тартылған. Олардың арасында зейнет жасына жетіп қалғандары да бар. Басым бөлігі әйел-аналардан құралған бұл жұмысшы топ ертелі-кеш жаздың шіліңгір ыстығы мен қыстың қытымыр аязына қарамастан көшелердегі, қоғамдық орындардағы тазалық жұмыстарына ден қояды.

Жұмыссыздарды уақытша қолдау негізінде ұйымдастырылатын осы қоғамдықты бірнеше жыл бойы жалғастырып, өз міндетін тиянақты атқарып жүргендердің бірі — Жалғас Әміржан. Әкесі Дәулет — зейнеткер, өзінен кейін ерген бір қарындасы бар. Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжінен техник-механик мамандығын иеленген 37 жастағы бұл жігіттің қара жұмысқа ептілігімен қатар,қолы қалт еткенде өлең жазатын қабілеті де бар. Шығармашылықты еңбегімен ұштастырып, қара сөзбен өмірдің мән-маңызын жырлап жүрген Жалғастың әр жазбасынан жан дүниесін жарып шыққан шынайылықты аңғаруға болады.

Оның өлең-жырға әуестігін күнделікті жанында жүретін жұмысшылар да жақсы біледі. Қара жұмыстан қажып, қолдары күректен сәл босағанда қалта телефондарынан Жалғастың жүрекке жылы тиетін жыр жолдарына үңіліп, еңсе тіктеп алатындары бар.

Оның қоржынында ұзын саны 150-ге жуық өлең бар. Таңның атысы мен кештің батысына дейін қаламнан гөрі құрал-сайманды көбірек ұстап жүрген өнерлі жігіт барлық өлеңінің ұйқасы балталаса бұзылмайтындай жұп-жұмыр деп, өзін асқақтатпайды. Алайда қалам мен қағаз оның бала кезден серігі болыпты. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Шалқар аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша шығарылған жергілікті жас ақындар мен суретшілердің шығармалары топтасқан «Тәуелсіздікке тарту» атты жинаққа өлеңдері енген.

Жалғас Дәулетұлының бүгінде «Өмір мәні», «Жас жұбайлар», «Өзім сүйген періштем», «Жанарым», «Ләззат қыз», «Өкпелеме», «Оралшы сен жаныма», «Жақсы көремін», «Жұдырықтай жүрегім» сынды лирикалық тақырыптағы бірқатар өлеңдеріне ән де жазылған. Жеңіл ұйқаспен құралған бұл өлеңдерінің астарынан адалдық пен нәзік сезімге толы өзіндік мақам мен сарыны байқалады.

Көркем сөзге көңілім жайланады. Сондықтан да әдеби кітаптарды оқығанды ұнатамын. Бірақ оған қазір мұршам да болмай жүр. 2020 жылдан бастап жиырмаға жуық өлеңіме ән жазылды. Әуенін қызылордалық Төрежан Сүлейменов есімді жас сазгер жазады. Ал әндерімнің басым бөлігін орындап жүргенкөкшетаулық бүгінде Алматы қаласында тұратын Аманкелді Сатиев деген азамат. Сондай-ақ шымкенттік Бақытжан Мамутов пен Айзада Бекенқызы, қызылордалық Ерсұлтан Жалғасбаев сынды сазгерлер де менің өлеңдеріме бірнеше әуен шығарды. Бұл азаматтармен әлеуметтік желі арқылы әуесқой шығармашыл жандардың ортақ чатында таныстым. Жазған өлеңдеріме ешқашан ақы талап етпедім, сұрамаймын да. Менің негізгі мақсатым — шығарған өлеңдерім тек әр жерде қалмаса екен деймін. Алда бәрінің басын қосып, бір кітап етіп бастырғым келеді. Өлеңдеріме жазылған әндер белгілі сахна төрінен орындалмаса да «TikTok» әлеуметтік желісі, «Youtube» арналарында танымал, — дейді «өлеңге таласы бар» жігіт.

Күнделікті жұмысына ешқандай кінә артпай, барды қанағат етіп жүрген Жалғас: «Бойда бар қажыр-қайратыңның арқасында адал жолмен нан тапсаң — соның өзі үлкен олжа» дейді. Алда тұрақты жұмысқа да орналасып, жақын-жуығын бір қуантарына сенеді.

Желіде өлеңдері ән болып қалықтаған Жалғас,міне, осындай қарапайым жұмысшы. Бұл азаматты мақалама арқау етуімнің басты себебі де осы еді.

Мұхтар МЫРЗАЛИН, Шалқарқаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button