Басты жаңалықтарДенсаулық

Ауру — астан…

Ілгеріде Тибет медицинасының емшілері «Барлық аурудың кірер қақпасы — ауыз» депті. Ал қазақ «Ауру — астан» деп бірауыз сөзбен түйіндеген. Дәрігерлер соңғы уақытта дұрыс тамақтанбаудың салдарынан, асқазан ауруына шалдыққандардың көбейіп бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Тіпті бұрын асқазан жарасы егде жастағы адамдарда кездесетін болса, қазір бұл дертпен жасөспірімдер жиі ауырады екен. Ақтөбедегі №1 қалалық емхананың жалпытәжірибелік дәрігері Гүлнұр Шарипова ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын қарастыру керек екенін айтады.

Гүлнұр Шарипова көктем мен күз айларында созылмалы дерттің асқынатынын айтады.

— Көктемде созылмалы аурулар, оның ішінде асқазан ауруы қозады. Әрі биыл  ораза айы да көктеммен тұспа-тұс келді. Көпшілігі оразадан кейін тамақтану режимін бұзып алады. Майлы, қуырылған тағамдарды жейді. Жалпы, кейінгі кезде асқазан ауруы көбейіп барады. Көпшілігі гастрит, холецистит, бауырды май басу, өт жолының ауруы секілді  диагнозбен келеді. Соңғы кезде асқазан ауруы жасөспірімдер арасында көбейіп тұр. Мәселен, асқазан жарасына бұрын тек ересек адамдар шалдығатын. Оның өзі сирек кездесетін еді. Ал қазір мектеп оқушыларының арасында көбейіп барады. Айына екі бала осы дертпен келеді. Ал қабылдауыма жиырма  адам келсе, соның төрт-бесеуі асқазаны мазалайтынын айтады.

Бұндай дертке шалдығудың ең бірінші себебі — дұрыс тамақтанбау. Ауырып келген баланы әңгімеге тартып, әрі қарай сараптама жасайтын болсақ, көпшілігі ата-анасына айтпай, дайын лапша, ащы қытырлақ нан, түрлі тәтті сусындарды ішеді. Бұндай тағамдарды жеген бала үйдің тамағын ішкісі келмейді. Көпшілігі фаст-фуд жейді екен. Ал фаст-фудқа қосылатын өнімдер дұрыс өңделмейді, ішінде жасанды қоспа бар. Мәселен, асқазаны ауырып келген адамға ем тағайындаймыз. Түрлідәрі-дәрмек береміз. Бірақ нәтижесі болмайды. Кейін әрі қарай тексере келген кезде көпшілігінде  лямблия, аскаридоз секілді құрттардың  бар екені анықталады. Бұлар қайдан жұғады? Дұрыс өңделмеген тағамды жегенде, қол жумағанда жұғады. Қазір көпшілігі кафе, мейрамханалардан, шағын дәмханалардан тамақтанады. Ал ол жерде санитарлық тазалықтың қалай сақталып жатқанын ешкім білмейді. Дұрыс жуылмаған ыдыстан да паразиттерді жұқтырып алуға болады. Ал құрттар ағзаға бір кірсе, шығуы қиын. Мәселен, гастрит ауруын тудыратын хеликобактер деген паразит бар. Егер отбасында бір адамда болса барлығына жұғады. Сондықтан науқас отбасымен бірге емделуі керек. Себебі бұл паразит ауа арқылы, бір ыдыс-аяқты қолданғанда жұғады, — дейді Гүлнұр Шарипова.

Сондай-ақ дәрігер күйзеліс пен жүйкеге шектен тыс салмақ түсіру де асқазан ауруына шалдықтыратынын айтады. Дәрігердің нұсқауынсыз өз бетімен дәрі-дәрмек қабылдау ас қорыту жүйесін бұзса, шылым шегу мен арақ-шарап ішудің соңы да асқазан жарасына соқтыруы мүмкін. Кез келген дәрінің асқазан арқылы сіңетінін ескерсек, үнемі дәрі қабылдауға мәжбүр, мәселен, жүрек ауруымен ауыратын адамдар аса сақтықпен қарағаны жөн.

КЕРЕК КЕҢЕС

Қандай да бір дертке шалдыққанда диетаның маңызы зор. Диета арқылы сіз денсаулығыңызды нығайтып, аурудан құлан-таза айығуға қадам жасайсыз. Ал асқазан ауырған адам ең бірінші емді күнделікті диетадан бастауы керек. Тағамдарды міндетті түрде буға пісіріп, қайнатып жеу керек.

Ас қорыту жүйесін жақсарту үшін күніне кем дегенде таза ауада 4-5 шақырым жаяу жүрген жөн. Бұл жүрек, қан-тамыр жұмысын жақсартып, адамның тамаққа тәбеті артады.

Асты асықпай шайнап, отырып жеу керек. Жүріп бара жатып тамақ жеуге болмайды. Теледидар алдында немесе телефон қарап отырып тамақтану ағзаға зиян. Асқазан сөлі бұндай кезде бөлінбейді, яғни тамақ қорытылмайды.

Асқазаны сыр берген адам газдалмаған суды көбірек ішу керек. Кешкі сағат сегізден кейін тойып тамақ ішпеген жөн.

Маманның айтуынша, мәселен, гастрит ауруы кезінде асқазан қабынып, іші эрозияға ұшырайды. Егер гастритті дер уақытында емдемесе, асқазан жарасының пайда болуына әкеледі. Бұндай кезде  адамның жүрегі айнып, құсқысы келеді. Асқазаны қыжылдап, кекіреді, төс асты, жауырынның орта тұсы ауырады.  Адам мазасызданып, ұйқысы қашады. Ауыруды сезіну асқазандағы жараның орналасуына да байланысты. Дәрігердің айтуынша, көпшілігі асқазан жарасы өзінен-өзі жазылып кетеді деп ұзақ уақыт жүріп алады. Алайда жүйелі ем болмаса, жараның жазылуы қиын. Тіпті асқынып, соңы қатерлі ісікке әкелуі мүмкін.

«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген нақыл сөз бар. Ішкі құрылыс аурулары бір-бірімен тығыз байланысты. Асқазан ауырса, өт жолы, бауыр, ұйқы безі зардап шегеді. Өтке тас жиналып, бауыр зақымдалады. Ал ішкі құрылыстың жұмысы дұрыс болмағаннан кейін зат алмасу бұзылады. Денеде холестерин мен қанттың мөлшері көбейіп, қант диабеті мен жоғары қан қысымы ауруы пайда болады. Зат алмасудан пайда болатын аурудың бірі — подагра, яғни буын ауруы. Несеп қышқылы көбейіп артық тұздар буынға, дененің басқа тіндеріне жиналады. Ауру асқынса, артритке әкеліп, буын қақсап ауырып, жүре алмай қалуы мүмкін.  Қазір бұл ауру өте көп. Бұның барлығы дұрыс тамақтанбаудың  салдарынан пайда болып отыр. Сондықтан ең бірінші тамақтың сапасына мән беру керек. Бір қуантарлығы, соңғы кезде адамдар денсаулығын бірінші орынға қоя бастады. Бұрын науқастар ауруы әбден асқынған кезде емханаға келетін. Қазір олай емес. Коронавирус індетінен кейін адамдар денсаулығына қатты мән беретін болды. Аурудың алғашқы белгісі пайда бола бастағаннан-ақ ем алуға тырысады. Оның ішінде ер адамдар өз денсаулығына көңіл бөле бастады. Мәселен, қабылдауға келген жігітке шылым шегудің асқазанға қандай зиян екенін түсіндіріп айтамыз. Көпшілігі кеңеске құлақ асып, тіпті психологтің көмегіне жүгінеді. Жастар жағы ауырмаса да, профилактикадан өтеді, — дейді дәрігер.

Гүлнұр Шарипова асқазан ауруының алдын алуда уақытында тамақтанудың маңызы өте зор екенін айтады. Дұрыс тамақтанбаған кезде  адамның жүйкесі де сыр береді екен.  Себебі жүйке жасушалары да асқазанмен байланысты.

Асқазаныңда ақаудың бар екенін білгеннен кейін майлы, ащы, қуырылған тағамдардан аулақ болған жөн. Тамақты суға қайнатып жегеннің пайдасы өте көп. Құрамында жасанды қоспалары бар шұжық, кириешки, чипсы, гриль, кәуап секілді қуырылған тағамдарды дені сау адамның өзі шектеп  жеу керек. Сонымен бірге асты асығыс жеп, дұрыс шайнамағандықтан, асқазан бүрлері тітіркеніп, шырышты қабық жарақаттанады екен. Сондықтан дәрігер асты асықпай шайнап жеу керектігін ескертеді.

Аурудың алдын алу үшін күнделікті ас мәзіріне мән беру керек. Аса майлы, ащы, жасанды қоспасы бар тағамдардан аулақ болған жөн. Газдалған сусындарды, тәттілерді тұтынбаған дұрыс. Ата-аналар балаларына фаст-фуд, құрамы белгісіз түрлі тәттілерді бермегені абзал. Негізінен, құнарлы тағамды тұтыну керек, — дейді Гүлнұр Шарипова.

Асқазан  жарасын анықтаудың ең тиімді әдісі  — фиброгастродуоденоскопия (ФГДС). Емхана қарауға тиіс аумақ тұрғындары аталған әдіс бойынша тегін тексеріледі. Науқастарға  білікті маман қызмет көрсетеді. Асқазанында жарасы бар адамдар диспансерлік есепке алынады. Оларға кейбір отандық дәрі-дәрмек түрі тегін беріледі. Бір жыл бойы ем алып, бақылауда болады. Бір жылдан кейін қайта толық тексеріледі. Егер жара жазылса, есептен шығарылады.

Гүлнұр Шарипова қызмет көрсетуге тиісті аумақта қазіргі таңда жеті  адам асқазан жарасымен тіркеуде тұр. Сондай-ақ 8 және 10 жастағы екі бала бар.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button