Қаржыгерлер сайысы

Спартакиада
Ақтөбе ферроқорытпа зауытының денешынықтыру-сауықтыру кешенінде Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі филиалдарының арасында шағын футбол мен волейболдан спартакиада өтті. Спартакиадаға аталған банктің Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау филиалдарының командалары қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатында ҚР Ұлттық Банкі филиалдарының директорлары сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Спартакиада Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс ұйымдастырылды. Осындай іс-шаралар арқылы өңіраралық ынтымақтастықты нығайтып, жастар арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттаймыз. Жарысқа қатысқан командалардың бойынан жастық жалын мен күш-жігерді байқадым. Олар тартысты ойын барысында маңдай тер мен еңбектің нәтижесін көрсетті, — дейді банктің Ақтөбе филиалының директоры Перизат Әсімбетова.
Тартысты спартакиадада нәтижелі ойын көрсеткен ойыншының бірі — Ұлттық Банктің Батыс Қазақстан облысы филиалы әкімшілік-шаруашылық бөлімінің инженер-энергетигі Бауыржан Бердіғали.
— Спорттық жарыстарға жиі қатысамын. Былтыр Ақтауда өткен жарыста нәтижелі ойын көрсетіп, жүлдегерлер қатарынан көріндік. Командамыздағы ойыншылар қарсыластан қорғану тәсілін шебер меңгерген. Өзім каратэ спортымен шұғылданатындықтан, шағын футбол ойнағанда да жылдамдық пен қорғанысты ұтымды пайдалануға тырыстым. Кез келген ойыншының физикалық дайындығы мықты болу керек деп ойлаймын. Футбол шапшаң шешім қабылдауға көмектеседі. Оған қоса ойыншылар жұптасып ойнаса, жауапкершілікке және командалық ойынға үйренеді, — дейді ол.
Ал жарыстың белді қатысушысы Берік Срашов банктің Ақтөбе филиалында валюталық-операциялық бақылау бөлімінің бас маманы қызметін атқарады. Ол «Шынықсаң, шымыр боласың» деген қағиданы қатаң ұстанады.
— Спорттың адам, қоғам, мемлекет үшін маңызы зор. Сондықтан жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға ден қою керек. Былтыр Маңғыстауда өткен дүбірлі додада Ақтөбе командасы жеңіс тұғырынан көрінген еді. Жеңістің 80 жылдығына арналған биылғы жарыста жанкүйерлеріміздің үмітін ақтап, жеңімпаз атандық, — дейді ойыншы.
Спартакиада соңында жеңімпаздарға арнайы кубок пен Алғыс хат табысталды.
Нәтижесінде волейболдан банктің Ақтөбе филиалының командасы 1-орынды иеленіп, арнайы Кубокты жеңіп алды. Жүлделі 2-орынды Атырау, 3-орынды қызылордалық қаржыгерлер еншіледі. Тартысты ойында жерлестеріміз шағын футболдан да қарсылас шақ келтірмей, жүлделі 1-орынды қанжығасына байлады. Ал жүлделі 2-орын — Қызылорда, 3-орын Батыс Қазақстан облысының командаларына бұйырды. Сондай-ақ ақтөбелік қаржыгерлер — Жаннұр Тұрымова мен Әнуар Оспанов «Үздік ойыншы» атанды.
Аталған спартикиада жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіледі.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



