Жұмысшы мамандықтары жылы

Жастар зауытқа барды

Қарғалы ауданының жастары «ТасПромТрейд» ЖШС-ның шағыл тас өңдеу зауытына экскурсия жасады. Іс-шараның өтуіне Amanat партиясының аудандық филиалы мен аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары мұрындық болды.

Жастарға жұмысшы мамандықтарын дәріптеу және болашақ мамандарға кәсіби бағыт-бағдар беру мақсатында ұйымдастырылған экскурсия барысында зауыттың ішкі жұмысы таныстырылды. Шағыл тастардың көмегімен дайындалатын құрылыс материалдарының жасалу жолын жастар өз көздерімен көрді.

Инженерия мен техниканың тоғысуы — бұл жай ғана зауыт емес, мұнда техника, физика және инженерия бірігіп, бір мақсат, бір мүддеге қызмет етеді. Осы орайда жастар зауыттағы өндіріс процесін бақылай отырып, жұмысшылардың бір күндік жұмысымен танысуға мүмкіндік алды.

Іс-шара барысында зауыттың жол-құрылыс басқармасының механигі Серік Сейітов жиналғандарға өндірістік кәсіпорынның тыныс-тіршілігін баяндап берді.

Зауытта жыл сайын 600 мың тонна шағыл тас өндіріледі. Бүгінде Ақтөбе-Орск тасжолының асфальт төсеу жұмыстарына зауыт өнімдері жіберіліп жатыр. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында болашақ мамандардың зауыт жұмысымен танысуы оларға үлкен тәжірибе болары сөзсіз. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор әрі нағыз мамандарды насихаттай аламыз, — деді ол.

Кәсіпорынның директоры Ақораз Ербөлеков компания есебінен жоғары оқу орнында білім алуға мүмкіндік барын айтып, білім алушыларды жаңа кәсіп көзін меңгеруге шақырды. Сондай-ақ зауыт басшысы «ТасПромТрейд» ЖШС қызметкерлеріне еңбекақы мен әлеуметтік төлемдердің уақтылы төленетінін, әлеуметтік пакет те қарастырылғанын атап өтті.

Экскурсия соңында аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Мейіржан Жұбан жастарға жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы маңызын айтып, зауыт қызметкерлеріне ризашылығын білдірді.

Жұлдыз КЕНЖЕ,

Қарғалы ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button