Спорт

Қаржыгерлер шағын футбол мен волейболдан сынға түсуде

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі филиалдарының арасында шағын футбол мен волейболдан спартакиада басталды.

Спартакиадаға Ұлттық банктің Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау филиалдарының командалары қатысып жатыр.
Жарыстың ашылуында ҚР Ұлттық Банкі филиалдарының директорлары сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Спартакиада Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Баршаңызды Ұлы Жеңіс күнімен құттықтаймын. Еліміздің тұғыры биік болсын! Осындай іс-шаралар арқылы өңіраралық ынтымақтастықты нығайтып, жастар арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттаймыз. Жарысқа қатысып жатқан командалардың бойынан жастық жалын мен күш-жігерді байқап отырмын. Олар тартысты ойын барысында маңдай тер мен еңбектің нәтижесін көрсетеді деген сенімдемін, — дейді ҚР Ұлттық Банкі Ақтөбе филиалының директоры Перизат Әсімбетова.
Спартакиада тартысты өтіп жатыр. Командалар жарысқа қызу дайындықпен келген. Солардың бірі — ҚР Ұлттық банкі филиалының әкімшілік-шаруашылық бөлімінің инженер-энергетигі Бауыржан Бердіғали. Ол жарысқа Батыс Қазақстан облысының атынан қатысып отыр.
— Спорттық жарыстарға жиі қатысып тұрамын. Былтыр Ақтауда өткен жарыста нәтижелі ойын көрсетіп, жүлдегерлер қатарынан көріндік. Командамыздағы ойыншылар қарсыластан қорғану тәсілін шебер меңгерген. Өзім каратэ спортымен шұғылданатындықтан, шағын футбол ойнағанда да жылдамдық пен қорғанысты ұтымды пайдаланамын. Кез келген ойыншының физикалық дайындығы мықты болу керек деп ойлаймын. Футбол — шапшаң шешім қабылдауға көмектеседі. Оған қоса ойыншылар жұптасып ойнаса, жауапкершілікке және командалық ойынға үйренеді, — дейді ол.
Ал жарыстың белді қатысушысы Берік Срашов ҚР Ұлттық Банкінің Ақтөбе облыстық филиалында валюталық-операциялық бақылау бөлімінің бас маманы қызметін атқарады. Ол «Шынықсаң, шымыр боласың» деген қағиданы қатаң ұстанады.
— Спорттың адам үшін, қоғам үшін, мемлекет үшін маңызы зор. Сондықтан жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға ден қою керек. Былтыр Маңғыстауда өткен дүбірлі додада Ақтөбе командасы жеңіс тұғырынан көрінген еді. Биыл да Жеңістің 80 жылдығында жанкүйерлерімізді Кубокпен қуантқымыз келеді, — дейді ойыншы.
Спартакиада соңында жеңімпаздарына арнайы кубок пен Алғыс хат табысталады. Айта кетейік, аталған спартикиада жыл сайын дәстүрлі түрде жалғасын таба бермек.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button