Басты жаңалықтарЖеңіс

Қадірлі жерлестер!

Мамыр—халқымыз үшін ерекше, тарихи жадымызды жаңғыртып, отаншылдық рухымызды биіктететін, батырлық пен ерліктің, табандылық пен отансүйгіштіктің айы. Биыл—Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және қан майданда ел үшін жанын берген қаһарман қыз, Шығыстың қос шынарының бірі, КеңесОдағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл.

Ақтөбе өлкесі—талай батырлар мен ержүрек ұл-қыздарды түлеткен киелі мекен. КеңесОдағының құрамына кірген елдердің ортақ қасіретіне айналған зұлмат соғысқа өңірден 122 мың жауынгер шақырылды. Солардың 36 мыңнан астамы майдан даласынан елге оралған жоқ. Сұрапыл қан майданда ерлік көрсеткен 35 ақтөбелік Кеңес Одағының Батыры атанса, 8-і «Даңқ» орденімен марапатталды.

Бүгінде облыста Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен майдангерлерден жалғыз ардагер Василий Грецкий ғана қалды. Ол кісінің жанқиярлығы мен өмір жолы—нағыз патриотизм мен табандылықтың жарқын үлгісі. Облыс жұртшылығы атынан ардагерімізге алғысымызды білдіреміз, ұзақ ғұмыр және деніне саулық тілейміз.

Ата-бабаларымыздың ерлігі мен тегеурінді рухы, бейбіт өмірге деген ұмтылысының нәтижесі, ұлы тұлғалардың өнегесі—өскелең ұрпақ үшін өшпес рухани мұра.

Отан алдындағы парызын адал атқарып жүрген азаматтарға, ел тыныштығын күзеткен ерлерге деген құрметтің айшықты белгісі болған Отан қорғаушылар күнінде еліміздің әскери әлеуеті мен қорғаныс қабілеті паш етілді. Әскери парад еліміздің бейбіт болашағына деген сенімнің, әскери қуатымыздың және ұлттық рухымыздың айқын көрінісі болды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Аға буынның өшпес ерлігі – ұрпаққа ұлағат. Отаншылдығы мен жанқиярлығы – үлгі-өнеге. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлерін ешқашан ұмытпаймыз!» —деді.

 Құрметті ақтөбеліктер!

Ер есімі — ел есінде. Ұрпақ қамын ойлаған қайсар азаматтардың ерлігінің арқасында біз алаңсыз тіршілік кешіп, өсіп-өркендеп келеміз. Тәуелсіздік пен тыныштықты ңбағасын біліп, оны көздің қарашығындай сақтау — баршамыздың борышымыз.

Елдік пен бірліктің, ерлік пен бейбіт өмірдің нышаны болған мерекемен құттықтай отырып, әр шаңыраққа береке, елімізге тыныштық пен тұрақтылық тілеймін. Әрқашан көк Туымыз көгімізде желбірей берсін! Батыр бабалар аманатына адал болайық!

Асхат ШАХАРОВ,

Ақтөбе облысының әкімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button