Басты жаңалықтарМереке

Астанада әскери парад өтті

Елордадағы «Қазақ Елі» алаңында Мемлекет басшысы — Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтті.

Жеңістің 80 жылдығына арналған парадқа 4000-нан астам әскери қызметші жұмылдырылды. Оған қоса қала тұрғындары мен қонақтары 200-ден астам заманауи әскери техника мен қару-жарақты, әскери-көлік авиациясының 66 ұшағы мен тікұшағын тамашалады.

Әскери парад республикалық телеарналардан, еліміздің барлық қаласында LED-экрандардан, Қорғаныс министрлігінің ресми YouTube-арнасынан тікелей эфирде көрсетілді.

Әскери парадқа ел өңірлерінен соғыс ардагерлері , тыл еңбеккерлері, сондай-ақ елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам және дипломатиялық корпустың өкілдері де келді. Одан бөлек Мұхтар Алтынбаев, Сәт Тоқпақбаев, Бақытжан Ертаев, қазақстандық ғарышкерлер Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов құрметті қонақ болды.

Қазір ел аумағында 105 соғыс ардагері бар. Олар 80 жылдан бері бейбітшіліктің қадір-қасиетін қазіргі ұрпаққа айтып, түсіндіріп келеді.

1941-1945 жылдардағы алапат соғысқа 1,2 миллион-нан аса отандасымыз қатысты. Республиканың әрбір төртінші тұрғыны әскер қатарына шақырылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев парад кезінде Қазақстан үшін ең басты мақсат — ұлт мүддесін қорғау екенін қадап айтты.

Соғыстың тарихи ақиқатын, Ұлы Жеңістің мән-мағынасын қасақана бұрмалауға жол беруге болмайды. Қазіргі құбылмалы заманда Қазақстан үшін ең басты мақсат — ұлт мүддесін қорғау. Сыртқы саясатымыз осы мақсатты қамтамасыз ету үшін жүргізіліп жатыр. Қазақ халқы — бейбіт халық. «Жаным — арымныңсадағасы» дегенөрнамысты, айбарлы ел, — деді Президент.

Әскери шеру мазмұндық тұрғыдан екі бөліктен тұрды, яғни тарихи және заманауи бағыттарды қамтыды. Тарихи бөлігінде Жеңістің 80 жылдығында аға буын батырларымыздың ерлігіне құрмет көрсетілді. Ал заманауи бөлігіндеТәуелсіз Қазақстан армиясының бүгінгі күш айбыны таныстырылды.

Әскери парадты ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-мойор Мереке Көшекбаев басқарды. Оның пайымынша, әскери парад бойынша алға қойған мақсат орындалды.

Осы күнге дейін тиянақты оқу-жаттығу болғанын білесіздер. Жеке өзім өте жақсы деп бағалаймын… Барлығы жоспардағыдай жүзеге асты. Алға қойған мақсат орындалды деп есептеймін. Сонымен қатар халық та өзінің бағасын бере жатар. Атап айтқанда, әскери тәртіп пен жоспар бойынша бәрі ойдағыдай өтті, — деді М. Көшекбаев.

Айта кетейік, ҰлыЖеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеру кезінде беделді офицерлер парад топтарын бастап шықты. Көрермендер алдында Отанымыздың әуе шебін қорғаушылар да сап түзеді. Қазіргі кезде Әуе қорғанысы күштері кез келген қиындық деңгейіндегі міндеттерді шешуге қабілетті және практикалық сабақтар мен тактикалық жаттығуларда өзінің жоғары шеберлігін растайтын Қарулы күштердің ең мобильді және техникалық жабдықталған түрі саналады.

Мұнымен қоса, шеру барысында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің парадтық есеп тобы сап түзеп өтті. Шеруді арнайы операциялар күштерінің парадтық қатары жалғастырды. Бұл құрылым төтенше жағдайлардағы күрделі тапсырмаларды орындау үшін құрылған. Әрбір жауынгер кез келген тапсырманы тез әрі уақтылы орындауға дайын. Салтанатты шеру кезінде алаңға Десанттық-шабуылдау әскерлерінің парадтық тобы да шықты. Олардың әрқайсысы ең қатал дайындықтан өткен және кез келген төтенше жағдайда әрекет етуге дайын.

Елордада Жеңістің 80 жылдығына орай өткен әскери парадқа бітімгерлер тобы да қатысты. Әскери шеруде жауынгер арулар да жүріп өтті. Бүгінде әскердегі арулар психолог, медицина қызметкері, мерген, байланысшы, теңізші және басқа да мамандықтарды жетік меңгерген. Қарулы Күштер әскерлерінің барлық түрі мен құрамында әскери қызмет өткереді. Бұдан әрі Астанадағы әскери парад аса маңызды әскери оқу орындарының әлеуетін көрсететін топтардың шеруімен жалғасты. Шеру алаңында Ұлттық ұланның жедел мақсаттағы І жеке бригадасының салтанатты есептобы сап түзеді. Бұл бригада полиция қызметкерлерімен бірге Астана мен оның іргесіндегі ауыл көшелерінде тыныштықты күзетеді. Ірі халықаралық, қоғамдық-саяси және спорттық іс-шаралар кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін — осылар.

Елордадағы әскери парадта Төтенше жағдайлар министрлігінің халықты өрт пен тасқыннан, зілзала мен техногендік апаттан құтқаруға маманданған офицерлері мен сержанттары бой көрсетті.

Салтанатты іс-шараға Қазақстан Қарулы күштерінің барлық түрінен 4 000-нан астам әскери қызметші, 200-ден астам әскери техника мен қару-жарақ, сондай-ақ майдандық, армиялық және әскери-көліктік авиацияның 66 ұшағы мен тікұшағы жұмылдырылды. Оның ішінде бұған дейінгі парадтарда болмаған зенитті зымыран кешендері, роботтың көмегімен жүретін су жаңа әскери техниканы тамашалау мүмкіндігі болды.Атап айтқанда, парад кезінде әскери техника үлгілері, сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңіс жолында армияның негізгі қаруы болған техника үлгілері көпшілік назарына ұсынылды. Алаңнан соғыс кезінде ең көп шығарылған әрі аса танымал болған Т-34 танкі мен танымал БМ-13 («Катюша») реактивті артилеррия машинасы жүріп өтті. «Т-34» танкі — Екінші дүниежүзілік соғысының аңызы. Қарапайым әрі сенімді, ұрысқа кірген алғашқы сәттен бастап ол теңдесі жоқ сапасын көрсетті. Соғыс жылдарында 30 мыңнан астам «Т-34» танкі шығарылды. Бұл жауынгерлік қасиеттері бойынша фашистік Германияның орташа танктерінен асып түсетін танк болды.Одан соң сол кезеңдегі ЗИС-2 зеңбіректері мен М-30 гаубицалары көрсетілді. Бір кездері ЗИС-2 зеңбірегі танкке қарсы ең қуатты қару ретінде танылды. Соғыс кезінде ол «Тигр» ауыр танктеріне қарсы қолданылды. Сондай-ақ парад кезінде еліміздің Қарулы Күштері қатарындағы заманауи техникалар таныстырылды.

**

Жеңістің 80 жылдығына орай Астана қаласында өткен әскери парадтың тікелей көрсетілімі Ақтөбе қаласының тұрғындары үшін ерекше ұйымдастырылды. «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы алаңында орнатылған үлкен экраннан қала тұрғындары мен қонақтары мерекелік шеруді тамашалады. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет, сондай-ақ облыстық және қалалық мәслихат депутаттары мен әскери сала мамандары, ардагерлер, қоғамдық және азаматтық ұйым өкілдері, жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студент жастар, қала тұрғындары қатысты.

Ашық аспан астында ұйымдастырылған көрсетілім патриоттық рухты көтеріп, көпшілікті ерекше әсерге бөледі.

Елорда төрінде өткен әскери парадты қала тұрғындары облыс әкімдігі жанындағы үлкен экраннан да тамашалай алды. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралардың жастардың отансүйгіштік сезімін арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button