Басты жаңалықтарЖеңіс

Соғыстың соңғы солдаты

101 жастағы хромтаулық соғыс ардагері Василий Грецкий Жеңістің 80 жылдығын қарсы алмақ.

Бүгінде облыста Ұлы Отан соғысының жалғыз ардагері қалды. Ол — Хромтау ауданының тұрғыны, 101 жастағы Василий Иванович Грецкий. Жеңіс мерекесі қарсаңында біз Хромтау аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Берік Жаржанов бастаған топпен бірге майдангердің үйіне бардық. Дәрігерлер қауымы тарапынан жауынгерге сый-сияпат табысталып, құрмет көрсетілгеннен соң Василий Ивановичпен оңаша сөйлесудің сәті түсті.

Қазір жауынгер қызы Наталья Жемчужниковамен бірге Хромтау қаласында соғыс ардагері Амантай Әліповтің атына берілген көшедегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде тұрады. Жергілікті билік ардагер тұратын үйдің подъезіне «Осы пәтерде Ұлы Отан соғысының жауынгері тұрады» деген жазуы бар белгіні қағуды да ұмытпапты. Ғасыр жасаған жауынгер тұратын үйдің бір бұрышы музей көрмесі  сияқты жасақталған. Дөңгелек үстел үстіне патрон пішінді статуэткалармен бірге жауынгер флягасы,  Жеңістің әр жылдарына арналған құттықтау хаттар мен наградалары қойылған. Тұсына «Қызыл жұлдыз»және ІІ дәрежелі «Отан соғысы»ордендерінен бастап тізбектеліп тағылған медаль толы костюмін киіп түскен жауынгердің үлкен портреті де қабырғаға ілінген.

Мойынқұмнан майдан жолына

Хромтау қаласында ғасырдан астам ғұмыр кешіп отырған майдангер Владимир Грецкий — сан қилы тағдырды басынан өткерген жандардың бірі.

Ол 1924 жылы Белоруссияның Витебск облысындағы Полоцк қаласында көпбалалы шаңырақта дүниеге келген. Әкесі ерте көз жұмған соң анасы жеті баласын жетектеп, 1935 жылы Қазақстанның Жамбыл облысының Мойынқұм ауданына қоныс аударады.Шу станциясына жер аударылған бұл отбасы  ұзақ жыл сонда тұрған. Владимир Иванович Мойынқұмдағы мектепті аяқтап, кейін мақта алқабында еңбек етеді. Дәл осы кезде соғыс өрті тұтанып, бүкіл елмен бірге ол да майдан жолына түседі.

Он сегіз жасымда әскерге шақырды. Алты ай бойы Алматыда оқу-жаттығудан өткен бізге «заттарыңды жинаңдар, майданға барасыңдар» деді. Бізді эшелонға отырғызып, алдыңғы шепке алып кетті. Жол бойы неміс авиациясы пойызды бомбалап отырды. Воронеж облысындағы Лиски станциясында эшелон қатты шабуылға ұшырады. Төрт цистернадағы мұнай жанып кетті. Біз жан-жаққа кеттік. Түнде әрең тығылып, таңертең қайтадан жиналып, бізді жүк пойызына отырғызып, Мәскеуге аттандырды. Майданға қарай батысты бетке алған пойызға тағы да неміс ұшақтары шабуыл жасады.Паровоз дабыл бергенде біз баяу қозғалып келе жатқан вагондардан секіріп түстік. Неміс фашистері дәлдеп бомбалады. Мақсаттары — паровозды қирату еді. Абырой болғанда, бәріміз аман қалдық. Сөйтіп, түнде біз мінген пойыз Мәскеуге жетті. Солдаттарға азық-түлік беріліп, келесі күні бізді Брянск облысындағы жолдан алыс орманға жіберді. Сол жерде біз өзімізге баспана салып, жеркепе қазып алдық, — деп ардагер сұрапыл жылдарды осылай еске алды.

Осылайша Василий Грецкий 1942 жылдың қаңтарында Алматы қалалық әскери комиссариатына шақырылып, алты айлық әскери дайындықтан өткеннен кейін алдыңғы шепке аттанады. Жауынгер 1943 жылы Брянск майданына аттанып, 1- кавалерия корпусының 8-полкінде шайқасқан. Украина, Беларусь, Чехословакия, Польша, Венгрия мен Германия далаларындажауменшайқасып, үшретжараланған.

Майдан даласындағы алғашқы күндерді жауынгер былай баяндады:

Алғашқы күні бізге жау орналасқан ауылға шабуыл жасау бұйырылды. Біз жас едік, бойымызда ерік-жігер күшті. Бұйрық берілгенде, алға ұмтылдық. Бірақ ауыл оқ астында екен. Жанымыздағы солдаттардың бес-алтауы жараланып, кейбірі қаза тапты. Біз ол кезде «шабуыл ережесін» білмейтінбіз. Бұл шайқас жас солдаттарға яғни бізге үлкен сабақ болды. Өйткені бастапқыдағыдай емес, күш-қайрат сәл бәсеңдегенмен, бойымыздағы рух өшпеді. Осылайша бір шайқастан соң бірі болып жатты. Беларусь жерін, кейін Польша мен Чехословакияны жаудан азат еттік, — деп майдангер естелігімен бөлісті.

Жауынгер мінген жылқы

Майданда Василий Иванович Украинаның Ровно облысындажараланады. Біразуақыт сол жерде госпитальде жатқан. Сауығып шыққан соң оны басқа жауынгерлермен бірге Броды қаласына жіберген. Ал сол жерде олар түскен бөлімше жау қоршауында қалады.

Біз төртеу едік. Бізге ештеңені түсіндірместен бір ғимараттың екінші қабатына шығарып, «жолға қараңдар,жау келе жатқанын бақылаңдар» деген бұйрық берілді. Күтпеген жерден жолмен неміс танкісі, артынан екі көлік пен десантшылар келе жатқанын байқадық. Олар үйдің жанына тоқтап, бұйрық алып жатты. Мен бұйрық бойынша пулеметтен оқ жаудырдым. Кейбірі құлап, біреулері танкіге қайта кіріп кетті. Бір кезде танк бұрылып, біз тұрған үйді нысанаға алды. Алғашқы снаряд ғимарат бұрышына тиді. Жанымдағы серігім қаза тапты. Дереу төмен түсіп, жағдайды хабарламақшы болғанымда, екінші снаряд мен тұрған жерге түсті. Айналамда жан баласы жоқ. Жау шабуылдағанда бәрі шегініп кеткен.Бұл жерден дереу кетуді біліп, пулемет пен гранаталарымды алып, көшеге жүгіріп шықтым, бірақ қайда барарымды білмеймін. Өйткені біз үшін бұл бейтаныс қала. Егер жау қоршап алса, гранатамен бірге жарыламын, бірақ тірілей берілмеймін» деген ой келді, — дейді Василий Иванович.

Қысылтаяң шақта олөздері келген траншеяны тауып алып, жағалап келе жатып,жылқылар тұрған жерге жетеді. Жауынгер әлгі жылқылардың біріне мінеді. «Астымдағы атымды оңға бұрсам, жануар солға қарай ыңғайлана береді. Қазақтың ортасында өскендіктен, жылқы малының бәрін сезетін қасиетін жақсы білемін. Сондықтан оны еркіне жібердім. Жануарға сендім, дұрыс істеппін. Үш шақырымнан соң өзіміздің колоннаны қуып жеттім», — деді ардагер.

Жеңісті жақындатқан сәт

Бөлімше Буг өзенінен өтіп, шеңберліқорғаныс құрады. Олар жауды тосты. Түн ортасында немістердің келгенін байқаған кеңес жауынгерлері оқ жаудыра бастайды. Сөйтіп, фашистердің көзін жойып, бірқатарын тұтқынға алған бөлімше солдаттары Берлинге қарай жылжиды.

Берлинге түнде келдік. Қарасақ, шамдар жанып тұр, дүкендер ашық, сөрелерде түрлі тағамдар, шұжықтар ілулі тұр. Құдды бір ешқандай соғыс болмағандай. Өз көзімізге өзіміз сенбедік. Бір сержант шыдамай: «Бауырлар, олар бізді тонады, ал біз қарап тұрамыз ба? Дүкенге кірейік», — деді. Бірақ сол сәтте дабыл қағылып, бізді шұғыл қала сыртына шығарды, — деп Василий Иванович сәл кідіріңкіреп, сөзін қайта жалғады.

Бұл 1945 жыл болатын. Соғыс аяқталып келе жатқан уақыт еді. Василий Грецкий Ұлы Жеңісті Берлин түбіндегі Эльцах қаласындағы әскери госпитальда қарсы алады.Жеңістен кейін олқызмет еткен кавалериялық корпус Украина арқылы ормандарда тығылып жүрген жау солдаттарын тазалауға жіберілді. Ардагер 1946 жылы елге оралады.

Майдангердің ерлігі ескерусіз қалмай, «Қызыл жұлдыз» және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталады.

Теміржолшының тағдыры

Демобилизациядан кейін Василий Иванович теміржолда слесарь болып жұмысқа орналасып, тепловоздарды жөндеумен айналысты. Осы салада ол табан аудармай 43 жыл еңбек етті. Бұл жылдарды ардагер ерекше мақтанышпен еске алады. Өмірлік жары Татьяна Дмитриевнаны Шу қаласында жолықтырды. Ол кезде Татьяна теміржол станциясында байланысшы болып қызмет ететін. Екі жас 1950 жылы шаңырақ көтеріп, 65 жыл бойы бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілігін жоғалтпай, тату-тәтті өмір сүрді. 2001 жылы ерлі-зайыптылар қыздарының қолына, яғни Хромтауға қоныс аударады. Өкінішке қарай, 2015 жылы жары Татьяна тоқсан жасында өмірден озды.

Екі қыз, бір ұлым бар. Екеуі Челябідетұрады. Алтынемерем, он біршөберем бар. Қазіргі таңда қызымНаташамен жәнежиенмен біргетұрамын. Оларменібағып-қағады, жалғызсыратпайды, — дейді Василий Иванович жылыжымиып.

Қызы Наталья Жемчужникова әкесінерекшеқұрметтейді. Оныңайтуынша, Василий Иванович — мінезді, тәртіпті, шыншыладам. Олөзөмірімен, еңбекқорлығымен, адамдарғадегенқұрметіменбалалары мен немерелерінеәрдайымүлгіболыпкеледі.

Әкем ешқашан шағым айтпайды. Денсаулығы сыр берсе де, сыр білдірмей, ауырсынуға мойымайды. Ол — төзімді, нағыз майдангер, — деді қызы зор мақтанышпен.

Жауынгер телеарнадан жаңалықтарды қалт жібермей қадағалап отырады. Бұрын спортты,әсіресе футбол мен боксты, сондай-ақ теңіздегі тірлікке қатысты түсірілген сюжеттерді қарағанды өтежақсыкөретін. Көруқабілетінашарлағаннан бері, ардагер телеарнаны көп қарай бермейді. «Біз әкеміздің үнемі жанындамыз, оған қамқор боламыз. Ол — біздің ғана емес, таныстарымыздың, көршілеріміздің, дәрігерлердің де құрметіне бөленген адам. Өте қарапайым, мейірімді жан. Қиындықтарға қарамастан, өмірге деген шынайы сүйіспеншілігін жоғалтпаған ардақты әке», — деді Наталья.

Қимылы ширақ, көңілі көтеріңкі…

Ақтөбеліктер Василий Грецкийді «соғысты көрген облыстағы тірі аңыз» деп ерекше құрметтейді.Жасы жүзден асса да, ардагердің сергектігі мен өмірге деген құштарлығы жұртты таңғалдырады. Хромтау аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Берік Жаржановтың айтуынша, қазір аймақтағы жалғыз соғыс ардагеріне ерекше медициналық көмек көрсетіліп жатыр.

Ардагеріміз ауруханада ресми есепте тұр. Ол үшін арнайы әлеуметтік қызметкер бекітілген. Мадина есімді медбике аптасына екі рет ардагердің үйіне барып, денсаулығын бақылап отырады. Айына бір рет арнайы медициналық құрылғылармен барып, қан қысымын, жүрек соғысын тексеріп, толық медициналық зерттеу жүргізеді. Сонымен қатар ардагермен әңгімелесіп, қажет болса, дәрігер мамандарды шақыртады. Жалпы, Василий Ивановичтің денсаулығы жаман емес. Жасына байланысты көзінің көруі сәл нашарлағанымен, құлағы жақсы естиді. Аяқтары сәл сырқырағаны болмаса, қимылы әлі де ширақ, көңіл күйі көтеріңкі, — дейді Берік  Жаржанов.

P.S. Жауынгермен сұхбаттасып болғаннан соң: «Жеңісті күндерде жолығайық. Келер жылы осы күні кездескенше» десек, Василий Иванович: «Әуелі бір Алла біледі», — деп сұқ саусағын жоғарыға қаратып, бізбен жылы қоштасты.

 Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button