Темірден түйін түйген

Қобдалық Жақсығали Құжымұратовты арнайы іздеп келетіндер көп. Тұрғындардың айтуынша, біріншіден,ол өз ісіне аса жауапкершілікпен қарап, тапсырысты сапалы орындайды.Екіншіден, ауылдамұндай маман тапшы. Қызметін жоғары бағалағандардың жарнамасы арқылы ауданға танылып үлгерген ол тапсырыссыз қалып көрмегенін айтады.
Кейіпкерім Жақсығали Рамазанұлы 1960 жылы Қобда ауданы «Бегалы»кеңшарында дүниеге келіп, Бесқұдық ауылындағы мектептің сегізінші класын бітіріп, Алға қаласындағы ГПТУ-49 деп аталатын оқу орнында токарь мамандығын алып шығады. Жұмыс жолын 1977 жылы Хабаловка, қазіргі Білтабан ауылынан бастайды. 1978-1980 жылдары әскери міндетін атқарып келеді. Сол жылы Ақтөбе қаласында «Актюбсельмаш» зауытына 4-разрядты токарь болып жұмысқа қабылданады. Екі жылдан соң Орал қаласына қоныс аударып,көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді.Сосын Орал қаласындағы К.Е.Ворошилов атындағы машина құрастыратын зауытқа темір ұстасы болып жұмысқа орналасады.
1984 жылы Қобда ауданы «Қиыл»кеңшарына келіп, токарь болып еңбек етеді. Бес жылдан соң аудан орталығына қоныс аударып, қазіргі Қобда көпсалалы колледжіне жұмысқа тұрады.
Ақтөбе көлік жолдары мекемесінде ұзақ жылтемір ұстасы болып жұмыс істейді. 2005-2015 жылдары «Тенгиз Шевройл» компаниясында, сосын зейнетке шыққанша Қобда су мекемесінде оператор қызметін атқарады.
— 2019 жылы баламтемір ұстасына қажет станок алып берді. Содан бері үйден тапсырыстар қабылдаймын.Осы мамандықты игергеніме еш өкінбеймін, керісінше, мақтан тұтамын. Әрине, токарь жұмысы өте жауапты, күрделі. Берілген тапсырмаларды сызбалар арқылы дәлме-дәл етіп жасап шығару, үзіліссіз жұмыс істеп тұрған станоктың шуылы, сегіз сағат бойы аяқпен тұру сияқты өзіндік қиындықтары да жетерлік. Бірақ көпшіліктің көңілінен шығып жатқанда бар қиындықты ұмытып, өз кәсібіңнен ләззат аласың. Зауытта жұмыс істеген жылдары ешқашан өкінбедім. Жақсы командада еңбек еттім. Токарьдың міндеті — берілген схемаға сәйкес әртүрлі мөлшерде және күрделілікте әртүрлі бөлшектерді шығару. Ұқыптылық, жауапкершілік, жинақылық қажет. Жастарға кәсіби қызметін жұмысшы кәсібінен бастаудан қорықпауын тілеймін.Осылайша тәжірибе жиналады. Кез келген өндірісте, құрылыста металл конструкциялар, станоктар, металл бөлшектер қолданылады.Сәтті жұмыс істеп, сенің қызметіңе жүгінген адамдардың сұранысын қанағаттандыру үшін шеберге ең әуелі дәлдік, ұқыптылық, төзімділік керек.
Дәлдігіңіз математика, геометриямен ұштасады, сызу, физиканы да білу маңызды. Мұны айтып отырған себебім, білімі таяздар жұмысшы болады деген теріс түсініктің бары белгілі. Сонымен қатар кез келген токарь физикалық тұрғыда мықты болуға тиіс. Өйткені таңның атысынан станокты маңайлап тізе бүкпей жұмыс істеу оңай шаруа емес. Станок жабдығы жоғары кернеуде жұмыс істейді, жылдам айналатын ыстық металл элементтері көп. Сондықтан қауіпсіздікті сақтау да аса маңызды. Рас, қазіргі таңда темір ұсталары өте аз. Жұмысы ауыр болғасын шығар, бұл мамандықты таңдайтындар сирек, сондай-ақ токарь мамандығына оқытатын оқу орындарының жоқтығын алға тартатындар да бар, — дейді жұмысшы.
Темірден түйін түйген Жақсығали Рамазанұлы — қазіргі уақытта зейнеткер. Зейнетке 6-разрядты токарь болып шыққан шебер бүгінде станокта металл мен басқа да материалдарды пайдалана отырып,оларды өңдеп, кесіп, ауылдастарының тапсырысы бойынша жұмыс істеп отыр.
Кейіпкерім әңгіме арасында токарьлықты үйренуге ниет еткен жастарға көмектесуге әркез дайын екендігін де айтты. Оның айтуынша, сұранысқа ие жоғары деңгейдегі токарь болуға ең кемі екі-үш жылдық тәжірибе керек екен.
— Жастардың оқып-үйренгені жақсы. Білімін растайтын дипломы болса, жұмысқа кіруі де оңай болады. Осы орайда Президентіміздің 2025 жылды
Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялауы ертеңгі күнге сенімді нығайтады.Яғни бүгінде тапшы болып тұрған жұмысшы мамандықты таңдаушылар қатары артады, — деді Жақсығали Рамазанұлы.
Қай кезде де еңбек нарығында токарь мамандары жоғары сұранысқа ие. Бүгінде өнер-білім іздегенге мүмкіндік көп. Түрлі курстарға қатысып, токарьлық істің негіздерін оқып-үйренуге болады. Әйтпесе шеберлерден үйренгендерде жаман болмайды. Жас мамандарға теорияны көбірек зерделеп, тәжірибенің мәнін терең білу де өте маңызды.
Анаргүл ЕГІЗБАЕВА,
Қобда ауданы.



