Тігін ісінің шебері

Тігін саласында табысты қызмет етіп, кәсіби шеберлігімен танылып келе жатқан ақтөбелік Нұргүл Жұмабаеваның қолынан шыққан ұлттық киімдеріАқтөбе қаласы тұрғындары арасында сұранысқа ие.
Нұргүл Жұмабаева мектеп бітірген соң, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде экономика және құқықтану мамандығы бойынша білім алған. Кейін«Aqtobe su-energy group»компаниясында мамандығы бойынша заңгер болып қызмет атқарады. Бүгінде декреттік демалыста.
Бала күнінен тігін ісіне қызыққан Нұргүл бастапқыда бұған әуесқой ретінде қарағанын жасырмайды. Кейін қызығушылығы артып, тігін курстарына жазылып, онлайн оқып алады. Одан соң кәсіби тігіншілерден білмегенін үйреніп, сабақ алып, пікірлеседі. Екі жыл бұрын «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасының «Бизнес және кәсіп» бағыты бойынша
ұсынған жобасы үздік көрініп, 300 мың теңге көлеміндегі грантқа ие болады. Қазір Нұргүлдің тігіншілікке махаббаты оянғаны соншалық — кәсіп ретінде осы саланы қолға алған.
Нұргүл — қаламыздағы «Ақтөбе ажары» сауда үйінің үшінші қабатындағы «Тұмар» бутигінің иесі. Бұл бутикке кіргенде ең әуелі көзің демалады, қазақтың ою-өрнектері түскен ұлттық киімдеріміз манекенге киіліп, тізіліп тұр, бірінен бірі әдемі, көздің жауын алады.
— Бутигімді 2023 жылы күз айында ашқан болатынмын. Қазіргі таңда қасымда бір тігінші, бір бисер тоқитын қыз бар. Қасымдағы Үміт Қалдауова — кестелеу өнерінің шебері. Кесте тігуді содан үйрендім. Дайын кәжекей-камзолдарды, сәукелелерді бисерлеп, моншақтар тізіп, әшекейлеп, көйлектерді қажет болса, кестелеп, безендіреміз. Қыз ұзату, сырға салу, шай құю рәсімдеріне арналған көйлектерге тапсырыс қабылдаймыз. Сондай-ақ жеңгелер мен кішкентай ханшайымдарға арналған көйлектер топтамасы да бар. Сауда нарығында қазақы көйлектердің қасына ұлттық нақыштағы әшекейлерді де ұсынып жатырмыз. Қоржындар да тігеміз.
Ең қиыны — киім пішу жұмыстары. Тігін ісі шыдамдылықты, ұқыптылықты талап етеді. Дайын бұйымдарды сатып қана қоймаймыз, жалға да береміз. Сондай-ақ қала тұрғындарынан басқа да тігін жұмыстарына тапсырыс қабылдап жатамыз. Қыз ұзату көйлегі пішіп-тігіп, кестелеуін қосқанда — 180-250 мың теңге. Қыз ұзату көйлегін жалға беру 50 мың теңгеден басталады.
Осылайша үш қыз болып, бірігіп жұмыс істейміз. Әліміз келгенше қолөнерімізді, ұлттық киімдерімізді дәріптеп келеміз, — деді Нұргүл Жұмабаева.
Қолынан шыққан бұйымдары арқылы қыз-келіншектерге әдемілік сыйлап отырған кейіпкерім қажет маталарды Ақтау қаласынан алдыртатынын, кейде көтерме бағамен Ақтөбе қаласындағы «Ботагөз ткани»дүкенінен сатып алатынын айтты. Сапалы тастар мен моншақтардың да әлемі — бөлек әңгімеге тақырып.
Нұргүл Әділбекқызының басты мақсаты — ұлттық өнерді насихаттап, тігін ісін жаңа деңгейге көтеру. Ұлттық киімдердің небір үлгілері арқылы қыз-келіншектерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, өміріндегі маңызды қадамдарына сән-салтанат сыйлап жүрген Нұргүл Жұмабаева алдағы уақытта қолөнер бұйымдары қатарына ұлттық өрнектері бар, оюланған сандық жасап, қосқысы келетінін де айтты.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.



