Жерлестеріміздің жүлдесі

Бокс
Ақтөбеде Жеңістің 80 жылдығына және Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Валерий Аносовты еске алуға арналған төртінші халықаралық турнир мәресіне жетті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 200-ден астам спортшы қатысты.
2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында өтіп жатқан халықаралық турнирде 19 команда бақ сынады.
— Біріншілікте жасөспірімдер 15 түрлі салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Шаршы алаңда қарсылас шақ келтірмейтін жас өрендер жарысқа қызу дайындықпен келген. Валерий Аносовты еске алуға арналған турнир жеңімпаздарына арнайы кубок пен медаль табысталды. Осындай сайыстар арқылы бокс спортын насихаттап, әлем чемпиондарының қатарын арттырғымыз келеді. Салауатты өмір салтын насихаттау, өскелең ұрпақты спортпен белсенді шұғылдануға тарту бағытында жұмыла жұмыс істеуіміз қажет, — дейді облыстық бокс федерациясының атқарушы директоры Әлібек Қойшыбайұлы.
Аталған турнир жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биылғы турнирге халықаралық дәрежедегі төреші Аманғос Қалиев төрелік етті. Жарысқа қатысушылар арасында Өзбекстан құрамасының бапкерін де жолықтырдық. Ол бұған дейін Ақтөбеде өткен турнирлерде жақсы көрсеткішке қол жеткізген.
— Бұл спорттық дода — аты аңызға айналған бапкер Валерий Аносовтың спорт саласындағы еңбегін еске алудың әрі жастарға үлгі етудің жарқын көрінісі. Жарыстың басты мақсаты — жас спортшыларды шыңдау, халықаралық жарыстарға дайындау. Осы жолғы жарысқа Өзбекстан құрамасының атынан 10 спортшы қатысты. Олардың дені — спорт шеберлігіне үміткерлер, — деді Әнуар Қарабеков.
Халықаралық жарыста сынға түскен жасөспірімдердің қарасы көп болды. Бұл жас жеткіншектердің салауатты өмір салтын ұстануға деген ұмтылысын көрсетеді. Сондай жастың бірі — Мағжан Өтегенов.
— Бокспен төрт жылдан бері шұғылданып келемін. Қандыағаштағы спорт мектебінде жаттығамын. Бұған дейін 50 жекпе-жек өткізіп, оның 35-інде айқын басымдықпен жеңіске жеткенмін. Осы жолы да ел мерейін асқақтатуға бар күшімді салдым, — дейді жас боксшы.
Дүбірлі дода төрт күнге жалғасты. Нәтижесінде Маңғыстау облысының құрамасы төрт алтынмен жеңіс тұғырынан көрінді. Жүлделі 2-орынды Қандыағаш қаласының құрамасы иеленсе, 3-орынды Өзбекстаннан келген жас боксшылар жеңіп алды. Сондай-ақ ақтөбелік Ерік Балжанов «Үздік төреші», қарағандылық Скоба Мирослав «Үздік боксшы» номинациясының иегері атанды.
Ақмарал МҰҚАШЕВА.



