ЖАС ДЗЮДОШЫЛАР БАҚ СЫНАДЫ

Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек сарайында Жеңіс күні қарсаңында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған дзюдодан республикалық турнир ұйымдастырылды.
Облыс әкімдігі және облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен 2009-2010 жылы туған ер балалар мен қыз балалар және 2011-2012 жылы туған ер балалар арасында өткен жарысқа Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Жетісу, Қызылорда, Түркістан және Ақтөбе облыстарынан барлығы 400-ге жуық спортшы қатысып жатыр.
Турнирді дзюдошы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Саламат Отарбаев ұйымдастырды.
— Бұл турнир жас спортшыларға тәжірибе жинақтап, өз шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Әлия Молдағұлованың ерлікке толы ғұмырын насихаттау арқылы жастарға патриоттық тәрбие беруді көздедік. Турнирдің бас төрешісі — халықаралық дәрежедегі төреші Әділ Бисенқұлов. Балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту мақсатында демеушілеріміздің көмегімен жүлдеге ақшалай сыйлықтар тіктік. Жүлде қоры — 2 миллион 400 мың теңге. Жеңімпаздарға 50 мың теңгеден, жүлдегерлерге 30-20 мың теңгеден беріледі. Облыстық команданың дайындығы жақсы, кемі 3-4 алтын алатын шығармыз деген дәмеміз
бар, — деді Саламат Отарбаев. Сондай-ақ ол Париж Олимпиадасында Елдос Сметов чемпион болып, Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдегер атанғаннан кейін жасөспірімдердің дзюдоға деген қызығушылығы арта түскенін айтты.
Саламат Отарбаевтың айтуынша, әлем бойынша 186 ел дзюдо спортымен айналысады екен. Кеңінен танылған спорт түрі — дзюдомен айналысатын жеткіншектер кимоноларын киіп, алаңға шығып, татамиде өзара түрлі әдіс-тәсілдерін көрсетіп, әркім өз пайдаларына ұпай жинады.
Жарыс соңында 2009-2010 жылы туған қыздар арасында қостанайлық Д.Қуаныш (40 кг), ақтөбелік И.Жұбатқан (44 кг), ақтөбелік А.Мамышева (48кг), шалқарлық А.Серік (52 кг), қызылордалық Г.Әбдуалиева (57 кг), шалқарлық И.Сержанова (57+ кг) өз салмақтары бойынша мықтылықтарын көрсетіп, І орынды жеңіп алды.
Ал ер балалар арасында ақтөбелік Ж.Серікбай (42 кг), ақтөбелік Н.Жұбатқан (46 кг), атыраулық Д.Теміров (50 кг), ақтөбелік Р.Есенбол (55 кг), оралдық Т.Аманғос (60 кг), ақтөбелік А.Қырымгерей (66 кг), ақтөбелік Б.Қордабай (66+ кг) өз салмақтары бойынша үздік көрініп, жеңіске жетті.
2011-2012 жылы туғандар арасында Батыс Қазақстан облысынан келген палуандар шеберліктерін көрсетіп, бірнеше салмақ бойынша көзге түсті. Таратып айтсақ, оралдық Б.Жақсылық (32 кг), ақтөбелік Д.Сейтмағамбетов (35 кг), оралдық Н.Маратұлы (38 кг), оралдық А.Мұратов (42 кг), оралдық Е.Тасқайыров (46 кг), ақтөбелік А.Шахаров (50 кг), ақтөбелік Д.Саматов (55 кг) өз салмақтары бойынша бірінші орынға ие болды. Мұндағы 50 келі салмақта жеңімпаз атанған Әлинұр Шахаров — облыс әкімі Асхат Шахаровтың ұлы. Әкесі секілді дзюдоны таңдаған Әлинұр бүгінде Саламат Отарбаевтың дзюдо академиясында жаттығады. Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері дипломдармен, медальдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.