
Ақтөбелік жастар арасында «Dostyq Cup» спорттық турнирі өтті.
Облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен болған спорттық іс-шарада жастар волейболдан және тоғызқұмалақтан өзара сынға түсті.
Турнирдің мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту, достық қарым-қатынасты нығайту, ұлттық құндылықтарды насихаттау.
— Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ұйымдастырылған бұл жарысқа волейболдан 10 команда қатысты. Ойыншылар — кәсіпорындардағы жұмысшы жастар, өзге ұлт өкілдері, белсенді студенттер мен еріктілер. Мұндай іс-шара аймақта жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады, — деді облыстық жастар ресурстық орталығы жастар бастамаларын қолдау және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Дана Санатқызы.
Оның айтуынша, жастар арасындағы ойындар тартысты өткен. Турнир қорытындысы бойынша волейболдан «АЗФ жастары» командасы жеңіске жетсе, екінші орын «СНПС жастары» командасына бұйырды. Жүлделі үшінші орынды «Ақтөбе автожол колледжі» командасы иеленді. Ал тоғызқұмалақ ойындарында О.Жетпісбайұлы, А.Әділханов, Д.Айтуаров пен А.Айтуаровалар үздік нәтиже көрсетті.
Жеңімпаздар дипломдар мен Алғыс хаттармен марапатталып, кубок, медальдарға ие болды.
Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.