Таным

«Валентин күні» қандай күн?

Соңғы жылдары елімізде 14 ақпанды басыбайлы «еншілеп» алған «Әулие Валентин күнін» тойламау туралы мәселе көтерілгенмен, жыл сайын жастар бұл күнді атаусыз қалдырмайды. Ақпан айы басталған кезде, әсіресе, студенттер мерекені қалай атап өтуді жоспарлап, алдын ала ғашықтарына сыйлық сатып алады. Бұл уақытта қала дүкендері мен қара базардағы сатушылардың да қолы жүреді. Сонымен…


Базар және «валентинка»

«Әулие Валентин күні» жақындағанда базар сөрелерінде түрлі-түсті қағаздан жасалған жүрекшелер мен ленталар, қос ғашықтың суреті бейнеленген қызылды- жасылды бұйымдар көздің жауын алып, жайнап тұрады. Қазірдің өзінде халық жиі баратын сауда орындарында бұндай дүниелерден көз сүрінеді. Олардың бағасы да әр түрлі. Мәселен, ең кішкентай «валентикалардың» құны елу  теңге болса, орташа қалыптағы «жүрекшелер» 100-150-200 теңге аралығында сатылады. Ал сыртын сәндеп ораған «жүректердің» бағасы қымбат, яғни 300-500 теңге тұрады. Ал  «Я люблю тебя», «Мой страстный!»,  «Зайчик мой!», «Я не забуду наше первое свидание!» секілді сөздер жазылған «валентинкалар» тіпті өтімді келеді. Қаладағы Орталық базар сатушысының бірімен тілдескенімізде, бұндай бұйымдар негізінен көрші елдерден әкелінетінін, әсіресе мектеп оқушылары мен студенттердің жақсы алатынын айтты.

Мен негізінен той-томалақтарға және Наурыз, Жаңа жыл секілді мерекелерге арналған құттықтау қағаздарын сатамын. Ал «Әулие Валентин күніне» арналған бұйымдарды ақпан айына таман әкелемін. Қазір бірлі-жарым жастар болмаса, әлі сауда қыза қойған жоқ. Он төртінші ақпанға бір-екі күн қалғанда жақсы өтеді, — деді аты-жөнін айтудан бас тартқан сатушы.

Демек, адамдардың «валентинка» алып, осы «мерекені» атап өту құштарлығының арқасында біреулер үлкен табыс тауып жатыр.  Мәселен, көрші Ресейде халықтың сексен пайызы осы күнді атаусыз қалдырмайды және оның алпыс төрт пайызы сыйлық алады екен. Ал біздің еліміздегі «Әулие Валентинге» табынушылардың ресейліктерден кем түспесі, яғни «ескерусіз» қалдырмайтыны белгілі.

 

Әулие Валентин кім болған?

Әулие Валентинге қатысты бірнеше аңыз бар. Солардың бірінде, христиан дінінің алғашқы тараған жылдарында Валентин есімді католик шіркеуінің қызметкері туралы айтылады. Ол Рим императоры Клавдий II тұсында өмір сүрген. Сол уақытта жас жігіттер әскерге бармау үшін ерте үйленетін болған. Бұндай қулықтың алдын алу үшін Клавдий II олардың әскерге бармай тұрып үйленуіне тыйым салады. Ал Валентин пірадар болса, оларды құпия түрде некелестіріп отырған. Алайда, оның әрекеті әшкереленіп, 14 ақпан күні басы шабылады. Кейінірек, 469 жылы Римнің Геласиус деген императоры 14 ақпанды «Әулие Валентин күні» деп жариялады. Екінші аңызда Валентиннің дін қызметкері екендігі, христиандарға көмектескені үшін түрмеге қамалғаны, осында жатып оның түрме қызметкеріне ғашық болғаны, оның жазаға тартылып, басының шабылғандығы айтылады. Ал енді үшінші аңызда Валентин деген шіркеу қызметшісі болғандықтан қызға сезімін білдіре алмайды. Сосын қызға жүрек тәрізді хаттар жолдайтын болған. Кейін оның ісі әшкерленіп, жазаланады. Ал жастар оны үлгі тұтқан.

Жалпы,  «Әулие Валентин күнін» Батыс Еуропа елдері ХІІІ ғасырдан бастаса, АҚШ 1777 жылдан бастап мерекелеуде. Оның Ресейге келген кезі — тоқсаныншы жылдардың басы. Осы уақыттан бастап біздің елімізде де «Әулие Валентин күнін» тойлай бастады. Алайда аталған мерекенің шығу тарихынан жастарымыздың көпшілігі бейхабар. Тіпті католик шіркеуінің қызметшісінің атымен аталып кеткен бұл күнді қазір дәл сол шіркеу мойындамайды екен. Ал бізде керісінше.

 

Жастар және «Валентин»

Әу баста әлемде «Әулие Валентин күні» мерекесінде жастар жиналып тойлайтын болған. Мереке күні қыздар есімдері жазылған қағазды қораптың ішіне тастайды. Ал жігіттер  қораптан бір қағазды таңдайды. Онда кімнің есімі жазылса, мереке күні сол серігіне айналады екен. Ал қазіргі таңда мерекенің рәсімі сәл өзгерді. Яғни арнайы қорапқа қыз да, жігіт те өзіне ұнаған адамға ғашықтық сезімін білдіріп хат жазады. Осыған қарап, кім кімге ұнағанын біліп алады.  Кейбір жоғары оқу орындарында бұл рәсім әлі де бар. Жалпы бұл күнді жастар не үшін тойлайды?  Осы орайда бірқатар жастардың пікірін білген едік.

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының студенті Арай Өмірғалиева былай дейді:

Оқушы кезімізде  «Әулие Валентиннің» кім екенін білмесек те, он төртінші ақпанды «Махаббат күні» ретінде қарсы алатын едік. Мектепте арнайы шара ұйымдастырылмайды. Бірақ өзіміз осы күні ұнаған адамымызға құттықтау хатын жолдап, тілегімізді білдіретінбіз. Ал  жоғары оқу орнына түсіп,  яғни Валентиннің кім екенін білгеннен кейін өз басым бұл күнді мереке ретінде қабылдамайтын болдым. Себебі қазақ жастарының әулие тұтып жүргені жәй ғана  шіркеу қызметкері, тіпті бұл біздің дінімізге жат нәрсе екен. Алайда студенттердің көпшілігі осыны білмейді, көпшіліктен  естігені бойынша «Махаббат күні» деп атап өтеді. Тіпті осы күні  қыдырмаған студент өзін бір нәрседен құр қалғандай сезінеді. Сондықтан өзім қатарлы жастарға осы күннің тарихын түсіндіруге тырысамын. Қазір мен Студенттер үйінде тұрамын. Менің құрбыларымның барлығы бұл күнді мереке ретінде тойламайды, — деді.

Ал Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің студенті Айдын Құламанбаев достарынан қалғысы келмей, мерекені атап өтетінін айтты.

Өз басым «Әулие Валентин күнін» тойлауға қарсымын. Себебі өзге елдің салтын насихаттап жүрміз. Оның есесіне Қыз Жібек пен Төлегеннің немесе Қозы Көрпеш пен Баян сұлу күнін неге атап өтпеске?! Олардың арасындағы махаббат Валентиннің махаббатынан әлсіз деп ешкім айта алмайды. Өкінішке орай, қазір олардың махаббатын насихаттау өте әлсіз, яғни он төртінші ақпан сияқты дүркіреп өтпейді. Сондықтан өзім қатарлы жастардың көпшілігі «Әулие Валентин күнін» тойлайды. Мен де амалым жоқ, қатарластарымнан қалғым келмейді. Бұл күнді асыға күтпесем де достарыммен бірге кафеге барамын, — деді.

Ал Благодар орта мектебінің 11-сынып оқушысы Айболат Серiкжанов «Әулие Валентин күнін» мерекелеуге қарсы.

Мектепте ұстаздарымыз бұл күннің біздің ұлтымызға ешқандай қатысы жоқ екенін айтып, түсіндіреді. Алайда оқушылардың көпшілігі он төртінші ақпанды «Махаббат күні» деп санайды.  Бір-біріне сезімдерін білдіреді. Жалпы, өзім «Әулие Валентин күнін»  атап өтуге қарсымын. Және, ең бастысы, бұл күнді елемеу керек. Сонда өздігінен ұмытылады, — дейді Айболат.

Сондай-ақ  бақытының баянды болуын  Алладан емес, қайдағы бір Валентиннен тілеп, некелесу салтанатын дәл осы күнге сәйкестендіретіндер де табылады екен. Мәселен, Ақтөбе қалалық әділет басқармасы  АХАЖ бөлімінің жетекші маманы Жадыра Ешпанованың айтуынша, 14 ақпан күні некесін қидыруға 27 жұп арыз беріпті. Жас жұбайлардың көпшілігі «Әулие Валентин күнін» арнайы таңдаған. Арыз беруші жұптардың он тоғызы  бірінші рет некесін қидырғалы отырса, қалғаны ажырасып, қайта қосылғандар екен. Оның ішінде бесеуі — аралас неке.

 

Сіз не ойлайсыз?

Ғабит МАТКАРИМОВ, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің найб имамы:

—  Жастардың көпшілігі осы күннің тарихын білмейді, сондықтан арзан сезімге бой алдырып, бір-біріне сыйлық ұсынып жатады.  Ал «Әулие Валентин күні»  Еуропадан келген біздің дінімізге, қазақы салт-дәстүрімізге жат мереке. Сондықтан бұл күнді мереке ретінде қабылдап, тойлауға мүлде болмайды. Біз жақсы қасиеттерді ислам діні мен салт-дәстүрімізден аламыз. Құранда: «Алланың құдіретті белгілерінің бірі сендерге өздеріңнен жұбайлар жаратты. Және сендердің араларыңда сүйіспеншілік пен мейірім жасады…» дейді. Яғни ислам дінінде адамдар арасындағы өзара махаббат Алла тағаланың разылығы үшін және Оның заңдарының шеңберінен шықпауға, адамдардың бір-біріне деген бауырмалдыққа негізделеді. Өйткені Алладан қорқатын адам дінімізге жат нәрседен бойын аулақ ұстайды, әрбір ниеті мен амалы үшін ахиретте Алла алдында жауап беретіндігіне кәміл сенеді.

 

Өзбекстанда «валентинге» тыйым салынды

Өзбекстанның құзырлы орындары ұлттың ұлы құндылықтарына көлеңке түсіретін жат әдеттерге тоқтау салуда. Мәселен, 14 ақпан — «Әулие Валентин күнінде» ала тақиялы артистерге жұртты шулатып концерт ұйымдастыруға тыйым салынды. Есесіне, 14 ақпан күні «Тәуелсіздік» сарайында өтетін «Махаббат күні» мерекелік шаралары салмақты да салиқалы мерекемен алмастырылды. Нақтырақ айтсақ, өзбек ақыны Бабырдың туған күнін (14 ақпан 1483-1530ж) салтанатты түрде өткізуге шешім қабылданыпты.

Орта ғасырда өмір сүрген самарқандтық ақын, философ, қайраткер Бабырды өзбектер әлемдік тарихта өзіндік орны бар ғұламалар қатарына қосып отыр.

Оның «Бабырнамасы» әдебиет тарихында қалған құнды шығарма. Сондықтан да осыдан алты жыл бұрын Өзбекстан ақпарат және баспасөз агенттігі арнайы кеңес өткізіп, 14 ақпан — «Махаббат күнін» атап өтпеуді бұқаралық ақпарат құралдары басшыларына ескерткен.

«Бұл мұсылмандардың мерекесі емес» деп шешкен Өзбекстан Республикасы «Әулие Валентин күнін» қара тізімге іліктірді. Ал бұл жолы желөкпе артистер қауымына тағы бір рет ауызша ескерту жасалып, осы күні Валентинді емес, Бабырды ғана еске алуды құлаққағыс жасады.

Айтпақшы, бәріміздің басымызды қатырған бұл мерекені атап өтуге Түрікменстанда да тыйым салған. Жергілікті мейрамханалар мен кафелердің басшыларына 14-і күні отырыстар ұйымдастыруға болмайтындығы қатаң ескертілген. Ал біз…

«baq.kz»

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button