Құқық

Ғаламторға заңсыз өнім салмаңыз!

әйтпесе, жауапқа тартыласыз…

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ

«Ақтөбе»

Жыл басында Мемлекет басшысы зияткерлік меншік құқығын қорғау жүйесін жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлiк меншiк мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заңға қол қойды. Заң талаптарына сәйкес, ғаламтордағы кейбір танымал қазақстандық торрент-трекерлер жұмысын тоқтата бастады. Әлқисса…

 

Осы жылдың 31 қаңтарында зияткерлік меншікке қатысты мәселелер бойынша ҚР кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізілді.

Таратып айтсақ, ҚР Қылмыстық Кодексіне енгізілген өзгертулер бойынша авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектісін заңсыз пайдалануға болмайды. Ал егер пайдаланып қалсаңыз, онда сақтау, дыбыс бейне жазбаларын электронды сандық форматта тарату кезінде келтірілген айтарлықтай шығындар үшін 600-ден 800 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін яғни, 970 800-ден 1294 400 теңгеге дейінгі мөлшерде айыппұл жазасы қолданылады. Сондай-ақ, шығынның көлеміне қарай 200 сағаттан 240 сағатқа дейінгі уақытқа қоғамдық жұмысқа тарту, болмаса, 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы да қолданылады.

Егер де осындай құқықбұзушылықтар бірнеше рет және алдын ала ұйымдасқан топпен үлкен мөлшерде шығын келтірсе немесе қызметтік лауазымын пайдаланып жасалған болса, екі жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасымен бірге мүлкі тәркіленеді.

Сонымен қатар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексіне де өзгерістер енгізілді. Авторлық және сабақтас құқық объектілерін заңсыз түрде иелену, сақтау және пайда табу мақсатында тарату, егер де осы әрекеттерде қылмыстық жауапқа тартатын негіздер болмаса, жеке тұлғаларға 10-15, лауазымды тұлғаларға 20-30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Дискілер, кітаптар және басқа да авторлық және сабақтас құқықтар объектісіне қатысты пайда табу мақсатында құқықбұзушылық жасалған жағдайда, сатушы мен сатып алушылар келтірген шығын үшін 500-700 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 809 000-нан 1 132 600 теңгеге дейін немесе 180-240 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылады, я болмаса, бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы қолданылады.

Бұл заңның орындалуын бақылау үш ведомствоға — Қазақстан Республикасының әділет министрлігі, ішкі істер министрлігі, қаржы полициясына жүктеліп отыр.

Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың кей тұсы ғаламторды пайдаланушылар арасында түрлі пікір тудырды. Бірі дұрыс десе, тағы бірі заңға енгізілген өзгерістерді құп көрмеді.

 

Автордың рұқсаты бар ма?

Бұл жайтты бізге облыстық әділет департаменті санаткерлік меншік құқықтары жөніндегі бөлімнің бастығы Тимур Убишев жете түсіндіріп берді:

Ғаламторда файл алмастырғыштар, торрент-трекерлер бар. Қазір сіз де, мен де,  Дамир, Азамат, Жандарбек — бәріміз ғаламтор пайдаланамыз. Мысалы, Дамир бір қызық кино тауып алады, яғни, лицензиясы бар өнімді сатып алады да, оны өзі көріп болған соң, достарымен бөліскісі келіп, торрент-трекер сайттарына салады. «Трекер» сөзі «жол беруші, жол салушы» деген мағынаны білдіреді. Бұл жерде Дамир — таратушы, ал оның достары өздеріне көшіреді. Егер таратушы аз болса, жылдамдығы да аз болады. Ал таратушы екеу немесе үшеу болса, тіпті жүз болып жатса, өзіне көшіру жылдамдығы арта түседі. Тіпті, торрент-трекердегі өнімді онлайннан көрсек те, жылдамдықты арттыруға көмектесеміз.

Ал заң не «дейді»? Кез келген өнімді автордың рұқсатынсыз ғаламторға салуға тыйым салып отыр. Арнайы дүкеннен лицензиясы бар өнімді сатып алсаңыз да, оны автордың рұқсатынсыз көшіріп, қайта таратуға болмайды. Яғни, ғаламтордан өзіңізге көшіріп алғаныңыз үшін кінәлі болмайсыз, оны сайтқа қайта салып, таратқаныңыз үшін жауапқа тартыласыз. Ал автор өзінің құқығы бұзылмас үшін тұрғындарға өз өнімін сатып алып, пайдалануға рұқсат береді. Мәселен, кино түсірген адам да пайда көруі керек қой… ал мына интернетте ол тегін таратылады. Осы жерде автордың құқығы бұзылады.

Өзінің құқығы бұзылған автор торрент-трекерге «мына сайттан өз өнімімді тауып алдым, оны таратуға шектеу қоямын» деп хат жазуына болады. Торрент-трекерді ұйымдастырушы оны алып тастаса, жақсы ғой. Ал егер алып тастамаса, онда автор құзырлы органдарға арыздануына болады. Әділет, ішкі істер министрліктеріне, қаржы полициясы араласып, автордың құқын қорғайды. Ал кінәлі жазаланады.

Байқасаңыздар, сайттардың көбісінде негізгі  беттің төменгі жағында «Барлық құқықтары қорғалған» деген жазу тұрады. Оны елеп жатқан ешкім жоқ.

Айтпақшы, «utorrent, bittorrent» бағдарламалары өз жылдамдықтарын көбейту үшін өнімді сіздің компьютеріңізден өзі келіп алады. Тексеріс кезінде қолданушы өзінің тарату туралы ойы болмағанын, бірақ, «юторрент» арқылы көшіріп алғанын және оның таратылымда тұрғанын дәлелдей алады.

Кей жағдайда кең ауқымда жұмыс жасап жатқан торрент иесі «мен сіздің атыңызды шығарғым келеді, рұқсатыңызды бересіз бе?» деп автордың өзіне тікелей шығып, өзара келісулері де мүмкін. Егер автор торрент иесіне рұқсатын берсе, онда автордың сайтқа енгізілген өнімінің бір тұсында «автордың рұқсаты бар» деп көрсетіледі.

 

Тақырып терминдері

Торрент желілік протокол, мұның көмегімен қолданушылар ғаламторда файлдар алмастыру мүмкіндігіне ие болады.

Торрент-трекер — сізді қызықтыратын фильмдер, бағдарламалар, ойындар, әуендер туралы сипаттамалар орналасқан кәдімгі сайт. Ақпараттық порталдардан ерекшелігі торрент-трекерлер көптеген тегін және ақылы файлдар қоймасына сілтеме бермейді. Сіз «көшіру» пернесін басқанда, қызыққан файлдың өзін көшірмейсіз, тек «.torrent» арқылы кеңейтілетін файл туралы жалпы ақпаратты, яғни, трекерде тіркелген қолданушы паролын, мекен-жайын ғана көшіріп аласыз.

Таратылымға көмектесетін арнайы әлеуметтік бағдарламалар да бар. Оларды «торрент – клиент» деп атайды. Атап айтсақ, «utorrent» — әлемдегі ең танымал «пысық» бағдарлама.  Барлық операциялық жүйелерде жұмыс істейді. Орыс тілді интерфейстері бар. Бұл клиентті әлемде 30 млн. адам қолданады. Бағдарламаны қолдану — тегін.

«Bittorrent» — протокол құрушының өз клиенті. Бірақ, бұл «utorrent» секілді аса танымал емес.

 

Қашып құтыла алмайсыз!..

Аталған заң енді күшін ала береді. Алдағы уақытта қаржы полициясы мен ішкі істер министрлігіне арнайы жабдықтар беріледі. Сосын ғаламторға ену трафиктерінің шегі де анықталады екен.

Бөлім бастығы Тимур Убишев:

Егер таратушы өз ісін қазақстандық доменнің сыртына шығып жалғастырамын деп ойласа, қателеседі. Себебі, авторлық құқықты қорғайтын арнайы халықаралық құжат бар. Жергілікті жердің заңдары сол құжатқа сәйкестендіріліп жасалады. Әрі өзге елдерде де осындай шектеулер қойылған заң бар. Сондықтан да серверімді сыртқа шығарып тастап, құтылып кетемін деуге болмайды. Уақытша құтылуы мүмкін, бірақ, түбінде тұтылады, — дейді.

Көршіміз Ресейде осындай заңға 2010 жылы өзгертулер енгізіліп, содан кейін екі торрент-трекер жабылып қалған болатын. Осы заң қабылданғаннан кейін біздің елде де он шақты торрент-трекер өз жұмысын тоқтатқан. Атап айтсақ, оның ішінде екі ірі қазақстандық торрент-трекер — «Kaztorka.org» пен «Megatorrents.kz» бар. Олар осы зияткерлік меншік құқықтарын қорғауға қатысты заңнамаларға өзгерістердің енгізілуіне байланысты жабылып қалды. Тағы да мысал, елімізге танымал «намба.кз» сайты өзінің бірнеше қызмет көрсету түрлерін алып тастады.

Облыстық әділет департаментінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері біздің облыста аудио-бейне өнімдерге қатысты 34 қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы Тимур Убишев:

— Елімізде заң қабылданып, көліктер терезесіндегі «күңгірт жапсырманы» шешіп жатқанда да ешкім сенген жоқ қой. Сол сияқты ғой, заң енді бірте-бірте күшін ала береді. Әрине, аудио-бейне өнімдердің «пираттық» түрі барлық жерде бар. Біз пайызын төмендетуіміз керек. Ең бастысы — заңсыз өнімдерді пайдалануға тыйым салынғанын адамдардың санасына сіңіруіміз қажет. Санасына сіңгеннен кейін өзі үшін белгілі тәртіпке сүйенеді. Еуропаның бір қаласында мынадай жағдай болған екен. Бір күні көшедегі жол белгілерінің бәрін алып тастаған. Бірақ, жол апаттары көбеймеген. Адамдар не істеген? Ішкі тәртіппен, яғни, санасында қалыптасқан жол жүру ережелерімен жүрген. Ешқандай жол көлік оқиғасы орын алмаған, — дейді.

Алдағы уақытта заңды бақылаушы органдардың өкілдері бірігіп, осы заңды жастар арасында кеңінен түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жүргізуді бастайды.

 

Комитет сайты бұзылды

Хакерлер еліміздегі Әділет министрлігінің зияткерлік меншік құқықтары жөніндегі комитетінің www.intellkaz.kz сайтын бұзды. Бұл туралы Әділет министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отыра tengrinews.kz сайты хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, сейсенбі күні комитет сайтының негізгі бетінде белгісіз біреулердің зияткерлік меншік мәселелері жөніндегі заңнамаларға енгізілген өзгеріске қарсы екендіктерін жазған баннер орналасты. Ертеңіне баннер алынып тасталды.

«Қазіргі уақытта заңсыз әрекет жасаған компьютердің орналасқан жері және IP-адресі анықталды. Өкілетті органдар заңға сүйене отырып, кінәліні жауапкершілікке тартып, шаралар қолданады», — деп көрсетілген министрлік хабарламасында.

Еске салсақ, 31 қаңтардан бастап авторлық және сабақтастық құқық объектілерін заңсыз пайдаланғандарды, электронды-сандық форматтағы сабақтастық құқық объектілерін және басқа да өнімдерді кейін сақтап, алмастыру мақсатында интернет-ресурстарын құрғандарды жазалайтын антипираттық заң күшіне енді.

Елімізде танымал файл алмастыратын ресурстар — kaztorka.org, megatorrents.org, btr.kz және басқалар өз жұмысын тоқтатты. Осындай ресурстарды пайдаланушылар өзгеріс әкелген оқиғаны қолдамайтындықтарын білдіріп, заңға енгізілген аталған түзетулерді өзгерту туралы ұсыныс айтып, хат әзірлеп жатыр.

 

tengrinews.kz

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button