Әлеумет

Ислам ұғыну мен ұйысу

Амангелді АЙТАЛЫ, философия ғылымдарының докторы,

Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтының профессоры

Қазақстан әуелі Ислам конференция ұйымы, кейін Ислам ынтымақтастық ұйымы деп аталған беделді халықаралық Ұйымның тізгінін қолға алды. Бұл төрағалық бізге ең бір күрделі кезеңде қолға тиіп отыр.

Ислам әлемі дегеніміз не?

«Ислам әлемі» ұғымы екінші дүниежүзілік соғыстан кейін араб елдері тәуелсіздік алып, Батыстың «қамқорлығынан» азат болғаннан кейін пайда болды. Бұл әлем тіл, мәдениет, дәстүр, шаруашылық жағдайларына байланысты алуан түрлі. Барлығына ортақ құндылық ол — ислам діні.

Бүгін ислам туралы көп айтылып, жазылып, зерттеліп те жүр, әсіресе ислам елдері халықтарының санының өсуі, әлемдегі қоныстану географиясы туралы әңгімелер көп. Қайда барсаң да мұсылмандар, ислам қаупінен қалай құтыламыз деушілер де аз емес.

Шынында да мұсылмандардың саны басқа діндерді ұстанушыларға қарағанда тез өсуде. ХХ ғасырдың басында әлемде 150-170 млн. ғана мұсылман болса, ғасыр соңында  1 млрд. 400 миллионға жетіп, әлемнің әрбір бесінші тұрғыны мұсылман болып отыр. 2030 жылы мұсылман әлемінде 2,2 миллиард адам өмір сүретін болады.

Ал бүгін мұсылмандардың жартысынан астамы 20-ға жетпеген жастар, демек ислам — ең жас дін. Енді осы асып-тасқан күш-қайрат пен энергияны пайдаға асыру — ең маңызды мәселе. Әлеуметтік-экономикалық салада жастар аз көрінеді. Мұсылман жастарының идеологиялық ұстанымы да бүгін ең өткір стратегиялық проблема. Әзірге оларға жағымсыз күштердің ықпалы зор.

Әлемдік діндерді ұстанушылардың саны туралы әңгіме қозғағанда «шамамен», «аса» «жуық» деген өлшемдер айтылады. Христиандар, мысалы, екі миллиардқа жуық, үндістер  миллиардтан асады, 500 миллион буддист бар, ұстанушылары ең аз дін — иудаизм, олардың саны, шамамен, 13-14 миллион. 57 елде мұсылмандардың саны басым, басқаларда олар халықтың жартысын, онан да азын құрайды. Мұсылмандар Ватикан, Сан-Марино және Исландияда ғана жоқ. Мұсылмандар ең көп елдер — Индонезияда  —220 миллион, Пәкістан мен Бангладеште 150 миллион, Иран мен Түркияда 75 миллион мұсылман тұрады. 1 миллиард 150 миллион халқы бар Үндістанда 160 миллион мұсылман бар.

Мұсылмандардың басын ислам діні біріктіреді дедік. Бір Аллаға, Құранға сенім, Мұхаммед пайғамдарды Алланың ең соңғы елшісі деп тану және шариғат заңын мойындау мұсылмандарды біртұтас ислам дінін ұстанушылар деп танытады. Бірақ діни сәйкестілікті бірлікті аса жоғары бағалауға болмас, мұсылмандар арасындағы қарым-қатынастар қайшылықтар мен жанжалдарға толы.

Еуропа мұсылмандары

Еуропада мұсылмандар төңірегінде шиеленіс, күрделі жағдай қалыптасып келеді. Францияда 61 млн. адамның 5 миллионы, Германияда 82 миллионның 2 миллионнан астамы, Италияда 60 миллионның   1 миллионнан астамы — мұсылмандар. Мұсылмандар туралы деректер болжамды және олардың саны тез өсуде. Бүгінде Еуропада қанша мұсылман тұратындығын ешкім дәл айта алмайды. 15,17,20 тіпті 25 миллион деген дерек бар. Еуропалықтар мұсылмандарға бойлары  үйренгенімен, араб ұлты өкілдерінің атына тағылатын шағым да көп. Есесіне, журналистер жазғандай, Парижде мұсылман бистросында (кафеде) әруақытта арзан және дәмді тамақ ішуге болады. «Мұсылмандар санының және қоныс аударушылардың өсуі де Еуропаны мұсылмандандырады» деген болжам бүгінде жиі кездеседі.

Балқан елдеріндегі 4 млн. босниялықтар мен албандықтар күні кешеге дейін өздерінің мұсылман екендіктеріне мән бермеген. Югославия ыдырағаннан кейін Иран мен Сауд Арабиясының қолдауы арқасында кенеттен мұсылман екендіктерін еске алды. Аяқ астынан Косово атты мұсылман мемлекеті пайда болды.

Демографиялық бәсекелестікте христиандық Еуропа  исламнан ұтылуда. 2003 жылдың 1 ақпанында «Известия» газетінде Э.Гусейновтың «Бельгия халифаты» атты мақаласы жарық көрді. Автор жуықта Еуропада, дәлірек айтқанда,  Бельгия топырағында жаңа араб мемлекеті пайда болады деді. Оның мемлекеттік тілі – араб тілі, діні – ислам болады деп нақтылады. Қандай жағдай болса да бүгінде саны жағынан төртінші қала – Антверпенде көшелерді марокколықтардан жасақталған қара киімді мұсылман полициясы күзетеді. Осында мемлекеттік органдарымен қатар жұмыс жасайтын арабтардың Еуропалық Лигасы қызмет атқарады. Саяси партиялар сайлаушылардың дауысын көп жинау үшін арабтардың бұл ісін мақұлдайды, олардың Марокко мен Солтүстік Африкадан Бельгияға қоныстануын қолдайды.
Мұсылмандардың Еуропаға көптеп қоныстануы енді оларды еуропалық мұсылмандар деп жеке-дара қарауға негіз болып отыр. Себебі олар еуропа өркениетіне сіңісуге асығар емес, өз дінін, тілін, дәстүрін берік ұстанады. Соған қарамастан олар Еуропа Парламенттері мен үкіметтерінде, сондай-ақ спортта, әсіресе футболда лайықты орындарын алуда.

Еуропадағы мұсылмандардың басым көпшілігі — инженерлер, дәрігерлер, полицейлер, аспазшылар мен басқа да мамандар. Оларға сұраныс та жоғары.

Француз, швед, ағылшын қыз-келіншектері мұсылмандарға қуана-қуана тұрмысқа шығады, бірақ мұсылман әйелдері католик, протестанттарға күйеуге өте сирек шығады.

Еуропадағы исламның ертеңгі тағдыры қалай болмақ? Мүмкін ұтқыр, икемді , жаңалықтарға ашық, бейімді  немесе бөтенді жатырқайтын еуропалық ислам өмірге келер. Кейбір бельгиялық, неміс, француздың арғы тегі араб, түрік, ирандық болып шығады. Ғалымдардың байламынша, егер мұсылмандар еуропалықтармен араласып сіңіспесе, екі Еуропа болуы да ықтимал. Мұсылмандардың айтуынша, еуропалықтар өз дінінен, көзқарасынан аулақ кеткен, дінінен айныған, тұрақсыз болып отыр, сондықтан мұсылмандар оларды ақиқат жолына оралуға мәжбүрлейді. Бұл — шындыққа жақын пікір.

Ресейлік ислам

Ресейге исламдану қаупі төніп тұр ма деген сұрақ негізсіз емес. Орыстардың 1990 жылдан бастап Ресейге көптеп қоныс аударуына қарамастан, орыстардың саны 119-дан 115 миллионға дейін азайды, ал мұсылмандардың саны 20 миллионға жетті. Мұсылмандар, әсіресе,  Мәскеуде көп.  2005 жылы мэр Лужков онда екі миллион мұсылман бар десе, Муфтилер кеңесінің төрағасы Равиль Гайнутдинов мұсылмандардың санын үш миллионға жеткізді. Демографтар ол пікірлерге қосыла қоймайды. Мәскеуде діни негізде ірі қақтығыстар болмағанмен, базарларда, футбол стадиондарында жанжалдар кездесіп қалады, олар діндер араздығынан гөрі, саудагерлер мен бұзақылардың төбелесі.

Демографиялық ахуал және еврейлер тағдыры

Демографиялық ахуал палестина-израиль қатынастарына өз ықпалын тигізуде. Ғалымдардың болжауынша, Израильдың әскери басымдығы түбінде еврейлерге жеңіс әкелмейді. Рухы күштілер түптің түбінде әскери жағынан мықтыларды жеңеді, оған қоса ол аймақта демографиялық дүмпу болып жатыр. Батысқа қарағанда Израиль халқының саны өсуде, бірақ ол осы елде тұратын палестиналықтар есебінен болып отыр. Израильде тұратын палестиналық әйел орта есеппен дүниеге 5,5 сәби әкеледі. Бүгінде Израильде 6,2 млн адам тұрады. 15 жылдан кейін ондағы халық саны — 8,3 миллионға, ал Иорданияда 12 миллионға, Египетте 96 миллионға,  Сирияда 27 миллионға,  Сауд Арабиясында  40 миллионға жетеді. Демек, Израильге іргелес араб елдерінде 180 млн. жуық адам тұратын болады. Сонда не болмақшы? Кейбіреулер еврейлерге неғұрлым тез Еуропаға жетіп қалуға кеңес береді. Әзірге бұл әзіл болып көрінгенмен, ойланатын мәселелер бар. Дөңгеленген дүниеде бәрі де болуы ықтимал. Кеңес үкіметі құлайды, жаңа мемлекеттер пайда болады деп кім ойлаған. Әлем мәңгілік даму үстінде. Мұсылмандар да өзгеріп, жаңарып жатыр.

Фундаментализм, экстремизм, терроризм

Дін туралы әңгіме қозғағанда біз де фундаментализм, экстремизм және терроризм ұғымдарын ажырата алмаймыз. Фундаментализм қай дінге тән, оны жақтаушылар діннің бастауына, қайнар көзіне оралуына шақырады. Исламда «Салафи», «салаф» – бабалар, арғы тегіне оралуға, дінді соңғы «күдікті, шүбәлі» өзгерістерден тазарту дегенді білдіреді?

Фундаменталист бола тұра сонымен бірге экстремизмді,  терроризмді айыптаушылар бар. Бірақ фундаментализм – экстремизм — терроризм қай дінде де іштей бір-бірімен жалғасып жатыр. Әділетсіздік, қайыршылық, жұмыссыздық экстремизмге негіз болады. Араб елдеріндегі бүгінгі революциялар соған куә.

Әлемдік қоғамдық пікір бүгін мұсылмандарды терроризм үшін айыптаудан бас тартып келеді, сарапшылар исламды бүркемелеуші экстремизм туралы сөз болғанда, «ислам экстремизмі», «ислам терроризмі» сияқты сөздерді  пайдалануды бүгінде әдепсіз қылық деп есептейтін болды, олардың орнына «исламист» сөзін қолданады. Мұсылмандардың аса соғысқұмарлығы, ислам өз жолын қуушыларды басқа діндегілермен аяусыз күреске шақыруы туралы пікір де  — аңыз.

Іздесе соғысқұмарлыққа саятын ойларды әр ұлы дінде табуға болады. Мысалы, Иса пайғамбардың Інжілде айтылатын: «Мені бұл дүниеге бейбітшілік әкелді деп ойламаңдар. Мен бейбітшілік емес, семсер әкелдім» — деген сияқты сөзін әдебиетте жиі кездестіреміз.

Мысалы, бүгінде мұсылмандардың басқа діндегілерге қасиетті күресі ретінде жиһадты жиі сөз қылады, тіпті ол мұсылмандарды исламнан басқа әлеммен соғысуға, террорға құқық береді, тіпті міндеттейді дейді. Белгілі батыстық исламтанушы Дж.Эспозито «Жиһад» ұғымы мазмұнының әртүрлі қырына назар аударып, оның мейірімді өмір сүруге, қоғамды кісілікке және әділдікке жетелейтінін, исламды қарумен емес уағызбен насихаттауды ұстанатынын, ал қажет болған тұста, әсіресе отарланған елдерде қарулы күрестің де қажет екенін мойындайтынын айтады. 1941 жылы неміс фашистері серт бұзып, қиянатшыл шабуыл жасаған тұста кеңес елінің мұсылмандары фашизмге жиһад жариялады. Бұл жиһадты коммунистер қолдады.

Батысқа, отаршылдыққа қарсы көңіл-күй Азия, Африка елдерінде кең тараған. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін де отарлаушы елге қарсы ұстаным жойылмайды. Ол отарланған халықтың тарихи жадында, идеологиясында, психологиясында, менталитетінде, географиялық атауларда сақталады. Біз де өзіміздің күнделікті өмірімізде мәдениет, тіл мәселелерінде бұрынғы бастан кешірген теңсіздіктің, дискриминацияның әсерін, іздерін әлі бастан кешірудеміз. Ал діни тәрбие алған адамдар үшін ол тіпті де күрделі, себебі отарлаушы ұлт отарланған ұлтқа өз тілін ғана емес, дінін де зорлап таңады.

Мемлекеттігінен айрылған және әр күн сайын өз елінде бір жерден екінші жерге өту үшін израильдік биліктен рұқсат алу тек палестиналықтардың трагедиясы емес, барлық арабтардың намысына тиіп отыр. Палестина мәселесін араб әлемінде әлеуметтік, ұлттық, діни апатқа теңейді. Осыдан да бітпейтін, жарты ғасырға созылған, Израильге, оны қолдайтын АҚШ-қа қарсы террорлық күрес жалғасып келеді. «АҚШ — Израильдің әкесі мен анасы, ол оның әл-ауқатын қамтамасыз етеді, оны қаруландырады», — дейді арабтар. 2011 жылғы 11 қыркүйектегі террорлық акцияның мәні осында.

Сөздің кең мағынасындағы  Израильге қарсы көңіл-күй  Иерусалимге байланысты. Мәселе тек арабтарды ғана емес, тұтас ислам әлемін абыржытып отыр. Өйткені Иерусалим — мұсылмандар үшін қасиеттілігі жағынан Мекке мен Мединадан кейін әлемде үшінші қала.

«Палестиналықтардың өз мемлекетін құру жөніндегі заңды құқықтарының жүзеге аспауы,  — деді Н.Назарбаев Астанада өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері 38-сессиясында сөйлеген сөзінде, — Шығыс Иерусалим  мәртебесі туралы мәселенің шешімсіздігі, босқындардың ауыр жағдайы тек Таяу Шығыста ғана емес, сонымен қатар, одан шеткері аймақтарда да күрделі жағдайдың қалыптасу көзі болып отыр».

Ислам әлемінің Батысқа қарсы ұстанымының ең бірінші себебі — дін емес, әлеуметтік жағдай. Мысалы мұсылмандардың АҚШ-қа, Батысқа қарсы іс-қимылының сондай белсенді сипат алуына кіші Джордж Буштың Ирак еліне жалған сылтаумен баса көктеп кіруі негіз болды.

Посткеңестік ислам

Қазақстан Ислам Конференция Ұйымына 1995 жылы мүше болды. Ал қазіргі Қазақ даласындағы түркі халықтары Ислам дінін өз еркімен қабылдай бастауына 1260 жыл толды деген  дерек бар. 751 жылы Талас өзені бойындағы Атлақ мекенінде  түркілер мұсылман халифат әскері көмегімен бірлесе отырып қытай қосынысына қарсы соғысып жеңіске қол жеткізді. Содан  бастап алғашқы қазақтар Ислам дінін қабылдай бастады. Оның бергі жағында Қазақстандағы ислам талай тарихи сыннан өтті, ең бір қиын заман —кеңес дәуірі еді. Сондықтан да бүгін ғылыми әдебиетте посткеңестік исламды бөлек қарастырады. Кеңес билігінің алғашқы он жылында «Қызыл молда», «Қызыл шариат» сияқты қалыптасқан сөздер, «Кеңес билігі үшін, шариғат үшін» дегендей ұрандар қолданылды. Большевиктерге мешіттерді, мазарларды, қасиетті жерлерді жоюға оларды көп құдайға табынушылық деп есептейтін салафиттер көмектесті. Исламға деген төзімділік 1929 жылдан бастап  оларды қудалауға ауысты. Енді қандай да болмасын дін — дұшпан  саналды.

Бүгінде постсоциалистік кеңістікте мәдени мұраны, дінді қайта жаңғыртуға мән берілуде. Ол — мешіттер санының өсуінен, қажылыққа сапар, дәстүрлі киім киюге ықыластан, сонымен бірге хиджаб, орамал киюден көрініс алып отыр. Адамдардың ішкі дүниесі, психологиясы қайта өзгеруде.

Біздегі діндарлық мәселесі әлі күрделі. Аллаға ептеп болса да сенеміз, басымызға қиындық түссе жалбарынамыз, кейде қорқамыз, діни дәстүрлер мен ұлттық дәстүрлерді жиі шатастырамыз. Санақ бойынша қазақстандықтардың 70,2 пайызы —мұсылмандар. Бірақ бір мәселені ескеру керек, статистика діни сенімді емес, діни әдет-ғұрыпқа байланысты адамдардың таңдауын ғана тіркейді. Мұсылман бола тұра мешітке бармауға, ораза  ұстамауға, тіпті Аллаға да, Пайғамбарға да сенбеуі мүмкін, нақты дінге сенетіндердің деңгейін біз өзімізге, айналамыздағыларға қарап білеміз.

Біздің посттоталитарлық, постатеистік қоғамда мұның барлығы да түсінікті. Сондай-ақ шектен шығатын діндарлар да бар. Оның себебін сырттан гөрі ішіміздегі әлеуметтік-экономикалық өмірден іздегеніміз дұрыс. Радикалдық көріністермен күрес дөрекі, өрескел болса, ол жағдайды онан әрі ушықтырады. Мәселенің мәні мынада — діни ахуалды қадағалайтын құқықтық органдар кімнің және оның неге діни топтарға енгенін талдап жатпайды. Ресми дінбасылар беделге ие бола бермейді де, қоғамға нақты ықпал жасай алмайды. Кейбір молдалар мен имамдардың діни білімі төмен. Ал мұсылман елдерінде білім алғандар биліктің радикалдық идеяның жетегінде деген күдігін туғызады.

Ислам әлемі болашағы

Бүгін ислам әлемі күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Ислам Ынтымақтастық Ұйымы әлемдік энергетикалық ресурстардың 70 пайызына ие. Бірақ оған әлемдік ішкі өнімнің 7,5 пайызы мен сауда айналымының 11 пайызы ғана келеді. Шығыс мұсылман елдерінің мұнайды есептемегенде сыртқа шығаратын тауарлары Финляндиядан аз. 280 млн. халқы бар мұнай өндіретін елдер 5 млн. халқы бар финдерден тауарды аз сатады. Соңғы 20 жылда 22 араб елінің адам басына шаққандағы табысы жылына 0,5 пайызға өсті. Бұл, кейбір Африка елдерін ескермесек, ең төменгі көрсеткіш. Мұсылман елдері әлем ғылымдарының бір пайызын құрайды. Бір Израильдің өзінде ғалымдардың саны барлық мұсылман елдерінен көп.

Ұйымның 57 мемлекетінің 10-ы тұтас өнімнің 80 пайызын өндіреді. Ислам университеттері де әлемдік жоғары білім кеңістігінде төменгі орында. Кейбір мұсылман елдері, мысалы, Малайзия, алғашқы қадамдар жасауда.

Мұсылмандардың Батысқа көзқарасында  қайшылықтар бар. Бір жағынан, олар Батыстың материалдық, әлеуметтік және технологиялық жетістіктерін көріп, біліп отыр, бірақ, екінші жағынан, олар Батыстағы отбасы дағдарысын, менмендік, құндылықтар мен мәдениеттің күйреуін, пайдакүнемдікті де сезінуде. Әйел теңдігі азғындыққа, бейбастақтыққа ұласты, әйел коммерциялық тауарға айналды.

Сондықтан қоғамдағы беделді орындардағы дін қызметкерлері Батыстан келетін барлық ықпалға қарсы, мемлекетті бақылауда ұстайды.

Мұсылмандар өздерінің ата-бабаларының заманында мәдениет пен ғылымда Еуропадан озық болғандарын біледі.  Бүгінгі күні оқшаулану, еуропалық технологиялық құндылықтарды жатсыну әлеуметтік дамуға  кедергі болып отыр. Мұсылман елдерінің бүгінгі мешеулігі, артқа қалу себебі діннен емес, әлеуметтік-экономикалық жүйеден, мемлекеттік биліктің озбырлығынан, жаңаға деген ынта-жігерді басудан, кәсіпкерлікті қолдайтын құқықтық кепілдіктің жоқтығынан.

ХХ ғасырдың басында Түркия да дамыған елдерден артта қалған еді, тек Ататүріктің елді жаңартуға арналған реформалары елді алға бастады.

Н.Назарбаев ислам әлеміне дамудың шикізаттық бағытынан индустриялық-инновациялық қырына қарай көшу қажеттігін айтты. Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдерді энергетика саласында инвестициялық және технологиялық бағытта бірлескен жоспар әзірлеп қабылдауды, сондай-ақ Халықаралық Инновациялық орталық құруды, Ислам банкі жанынан Шағын және орта бизнестің арнаулы қорын құруды ұсынды. Сондай-ақ Нұрсұлтан Әбішұлы ислам қаржыландыру жүйесін жетілдіру туралы біраз тиімді кеңестер берді.

Көптеген мұсылман  елдері  бүгіннің өзінде заманға бейімделе алатындығын, ептілігі мен іскерлігін көрсетіп отыр. Мұсылман кәсіпкерлерінің бүгінгі ғаламдық экономикаға оңды үйлесуі ислам экономикасының болашағына сенім ұялатады.

Бұл мақалада ресейлік «Новая и новейшая история» (2010 ж.), «Свободная мысль» (2008 ж.), «Наука и религия» журналдарының, «Всеобщая история религий мира»

М.2010 ж.) және «Религии мира» (М.2008 ж.) материалдары пайдаланылады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button