Жұмысшы мамандықтары жылы

Жұмысшы мамандығы және заманауи білім

Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға бағытталған республикалық педагогикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ауқымды шара жұмысшы мамандықтарының маңызын арттыру мен оларды насихаттауға бағытталды.

«Жұмысшы мамандығы — жарқын болашақтың бастауы» атты республикалық конференция Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің 60 жылдығына және Жұмысшы мамандықтары жылына орай ұйымдастырылды.
Конференция Білім министрлігі бекіткен республикалық жоспар мен 2025-2027 жылдарға арналған техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау жөніндегі Жол картасына сәйкес өткізілді. Пленарлық отырыста облыстық білім басқармасы басшысы Бұлбұл Күзембаева, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы Ақтөбе облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Нұргүл Әбішева және басқа да сала өкілдері сөз сөйлеп, конференцияның маңыздылығын атап өтті.
— Бүгінгі конференцияның басты мақсаты — педагогтердің шығармашылық белсенділігін арттыру және оларды ғылыми-зерттеу қызметіне тарту. Конференция бірнеше бағыт бойынша жүргізілді. Атап айтқанда, жаңа кәсіптер мен әмбебап құзыреттерді дамыту, білім алушыларды жалпыадамзаттық және рухани құндылықтарға тәрбиелеу, жасанды интеллект пен инновациялық технологияларды білім беру үдерісіне енгізу, кәсіби бағдар беру арқылы жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар Өскемен, Қостанай қалаларынан қатысқан спикерлер дуальды оқыту, кәсіби бағдарлау және WorldSkills талаптары бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Іс-шараға республика бойынша 35 білім мекемесінен 100-ден астам педагог қатысты, — деді Ақтөбе жоғары политехникалық колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары Абзал Мұхтаров.
Пленарлық отырысқа қатысқан облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева конференция жұмысына сәттілік тілеп, өз сөзінде жұмысшы мамандықтары қоғам үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
— Бүгінгі конференция — тек білім саласының мамандарына арналған іс-шара ғана емес, ел экономикасын алға сүйрейтін нақты мамандықтар мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жұмысшы кадрлар — елдің тірегі. Олардың сапалы даярлығы — біздің болашағымыздың кепілі. Бүгінгі конференцияда көтерілген бес бағыттың әрқайсысы өндірістегі нақты сұраныстармен ұштасып жатыр. Біз әрқашан мұндай бастамаларды қолдауға дайынбыз, — деді басқарма басшысы.

А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button