ЖеңісСпорт

Жас дзюдошылар бақ сынаған күн

Ақтөбе қаласындағы Жекпе-жек сарайында Жеңіс күні қарсаңында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған дзюдодан республикалық турнир ұйымдастырылды.

Облыс әкімдігі және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен 2009-2010 жылы туған ер балалар мен қыз балалар және 2011-2012 жылы туға нер балалар арасында өткен жарысқа Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Жетісу, Қызылорда, Түркістан және Ақтөбе облыстарынан барлығы 400-ге жуық спортшы қатысып жатыр.
Турнирді дзюдошы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы Саламат Отарбаев ұйымдастырып отыр.
— Бұл турнир жас спортшыларға тәжірибе жинақтап, өз шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Әлия Молдағұлованың ерлікке толы ғұмырын насихаттау арқылы жастарға патриоттық тәрбие беруді көздедік.
Турнирдің бас төрешісі — халықаралық дәрежедегі төреші Әділ Бисенқұлов.
Балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту мақсатында демеушілеріміздің көмегімен жүлдеге ақшалай сыйлықтар тіктік. Жүлде қоры — 2 миллион 400 мың теңге. Жеңімпаздарға 50 мың теңгеден, жүлдегерлерге 30-20 мың теңгеден беріледі. Облыстық команданың дайындығы жақсы, кемі 3-4 алтын алатын шығармыз деген дәмеміз бар, — деді Саламат Отарбаев.
Сондай-ақ ол Париж Олимпиадасында Елдос Сметов чемпион болып, Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдегер атанғаннан кейін жасөспірімдердің дзюдоға деген қызығушылығы арта түскенін айтты.
Саламат Отарбаевтың айтуынша, әлем бойынша 186 ел дзюдо спортымен айналысады екен.
Кеңінен танылған спорт түрі — дзюдомен айналысатын жеткіншектер республикалық турнирде бақтарын сынап, татамиде өзара түрлі әдіс-тәсілдерін көрсетіп, әркім өз пайдаларына ұпай жинап жатты.
Кимоноларын киіп, алаңға шығуға дайын тұрған өрендердің бірі өзіне сенімді көрінсе, тағы бірінің жүрексініп тұрғаны байқалады.
Айта кету керек, жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері бүгін кешкісін марапатталады.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button