Ақтөбеде қазақ күресінен республикалық турнир өтіп жатыр

Ақтөбедегі «Жастар» спорт аренасында қазақ күресінен 2010-2011 жылы туған жасөспірімдер арасында «Балуан Шолақ» республикалық турнирі өтіп жатыр.
«Балуан шолақ» спорт клубының негізін қалаушы, жасөспірімдер арасындағы қазақ күресінен аға бапкер Әділет Шалғынбек:
— «Балуан шолақ» республикалық турнирі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының және қазақ күресі федерациясының қолдауымен биыл төртінші жыл қатарынан өткізіліп жатыр. Бастамамызды қолдап, демеп жатқандарға ризашылығымыз шексіз.
Турнирге биыл Батыс Қазақстан, Атырау, Қарағанды, Қызылорда облыстарынан және Ақтөбе өңірінен барлығы 250-ге жуық спортшы келіп қатысып отыр. Палуандар 38 келіден 72 келі аралығында 10 салмақ бойынша бақтарын сынайды. Бас демеушіміз — «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы. Жеңімпаздар мен бапкерлерге ақшалай сыйлықтар табысталады. Жарыстың бас төрешісі — ұлттық дәрежедегі төреші Тұрлыбек Айтжанов, — деді.
Құрметті қонақтар қатарынан қазақ күресінен екі дүркін Әлем және Азия чемпионы, бүгінгі таңда Қарабұтақтағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бақтыбай Қисықовты көрдік.
— Облыста қазақ күресі жақсы дамыған. Әсіресе, ауыл балаларының күреске деген қызығушылығы жоғары. Біздің өңірде спорттың бұл түріне көңіл бөліп, дамытуға ерекше үлес қосқан — менің бапкерім, облысқа еңбек сіңірген жаттықтырушы Орынбасар Жолмағамбетов. 2004 жылы қазақ күресінен облыстық федерация құрылып, содан бері бұл спорттың жаңа тынысы ашылғандай. Бүгінде жас палуандарымызға арналған жарыс та жетерлік, жағдай да бар, мүмкіндік те қарастырылған.
Бүгінгі турнирге Қарабұтақ спорт мектебінен команда алып келдік, балаларымыз топ жарады деген үміттеміз, — деді Бақтыбай Қисықов.
Жүректері дүрсілдеп, боз кілемге шыққалы тұрғандардың бірі — Ескендір Есқалиұлы.
— Ырғыз ауданы Құтикөл ауылынан келіп тұрмын. Жарыс алдындағы оқу-жаттығу жиынына қатыстым. Жарысқа «чемпион боламын» деп келіп тұрмын. Алты жылдан бері қазақ күресінің үйірмесіне қатысып, жаттығамын. Бапкерім — Еділ Сағынаев, — деді ол.
Турнир ұйымдастырушысы Әділет Шалғынбектің айтуынша, жарыс жеңімпаздарына дипломдар мен ақшалай сыйлықтармен қоса спорт шеберлігіне үміткер атағы беріледі.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.









