Басты жаңалықтарМереке

Құрметті ақтөбеліктер!

Сіздерді 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл — бірлік пен татулықтың, достық пен ынтымақтастықтың мерекесі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ынтымақ-бірлік, диалог, өзара сенім мен құрмет, азаматтық жауапкершілік — мұның бәрі елімізді қарқынды дамытудың мызғымас қағидаттары.

Біз өз жерінде тыныштық пен келісімде өмір сүруге болатынын дәлелдеген, өз тағдырын өзі шеше алатынына көптің көзін жеткізген, болашаққа нық қадам басқан біртұтас ұлтпыз» деп атап көрсетті.

Ұлттар достығы мен татулығы — қай қоғамда да маңызды фактор. Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің көрінісі біздің әр қадамымыз мен ұмтылыстарымыздан табылып жатса игі.

Бүгінде біздің облысымызда тоқсаннан астам этностың өкілдері тұрады, он жеті этномәдени бірлестік жұмыс жасайды. Сондай-ақ, Ақтөбе облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанында ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, этномедиация кеңесі, басқа да топтар жұмыс істейді. Мұның бәрі ортақ игілікке, елдің кемелді келешегіне, ауызбірлікке қызмет етеді.

Құрметті жерлестер!

«Ынтымақ түбі — игілік» дейді халқымыз. «Ынтымақ — бұзылмайтын қорған» деген тағылым да өмір тәжірибесінен алынған.

Биылғы Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланған тұста әсіресе еңбек адамдарының бірлігі, олардың өзара түсіністігі ерекше мәнге ие болары анық.

Мерейлі мереке тұсында әрбір отбасына амандық, елімізге береке-бірлік, татулық пен ырыс тілеймін!

Бір мақсатты көздеген облыс халқының үйлесімі жарасып,  қазақ елінің даңқы арта берсін!

Асхат ШАХАРОВ,

Ақтөбе облысының әкімі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button