Басты жаңалықтарЭкономика

Қытайға сапар

Ынтымақтастық

Облыс делегациясы маңызды келісімдерге қол жеткізді

Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Асхат Шахаров бастап барған делегация энергетика, металлургия және машина жасау салаларында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Кездесулер Бейжіңдегі Қазақстан Республикасы Елшілігінде Қытайдың жетекші компаниялары басшыларының қатысуымен өтті.

Қытайға іскерлік кездесулерге барған делегация құрамында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен«SM Minerals», «AqtobeCem», «Зерде-Керамика», «ВЕСТ СНАБОПТТОРГ», «КЗНО», «ФИБС», «Казахстанская нерудная компания», «Ramazan», «Эко-Техникс Ақтөбе», «М8 Duty Free», «ҚазМеталлГрупп», «Aqtobe Steel Production» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің өкілдері бар.

Бүгінде қол жеткізілген негізгі келісімдер — жел электр станцияларын салу, никель, кобальт және темір кендерін өндіру мен өңдеу бойынша өңдеу кәсіпорындарын іске қосу, сондай-ақ энергетика мен мұнай-газ саласына арналған жабдықтар өндірісі жобалары.

Маңызды оқиғалардың бірі«SANY Renewable Energy» компаниясының вице-президенті Гай Фэнмен серіктестік перспективаларын талқылау болды. Тараптар облыста жел электр станцияларын салу және қосалқы бөлшектер өндіретін зауыт құрылысына инвестициялар тарту мүмкіндігін қарастырды.

«SANY Renewable Energy»— Қытайдың ең ірі машина жасау компаниясы және бұл компаниямен серіктестік орнату өңір үшін жасыл энергетика саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.

Тұрақты экономикалық саясат пен мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында Ақтөбе облысы шетелдік инвесторлар үшін әсіресе жасыл энергетика саласында тартымды орталыққа айналуда. Біздің жаңартылатын энергия көздерін дамытудағы әлеуетіміз жеткілікті, бұл ірі жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер береді. Қазақстан жасыл экономиканы белсенді түрде дамытып жатыр және біз Қытай серіктестерімен ынтымақтастықтың осы саланың дамуына ықпал ететініне сенімдіміз. Ақтөбе облысы табиғи ресурстарының арқасында ВИЭ және тұрақты даму саласында жобаларды іске асыру үшін жетекші өңірлердің біріне айналуға дайын, — деді облыс әкімі Асхат Шахаров «SANY Renewable Energy» компаниясының вице-президенті Гай Фэнмен кездесуде.

Бұдан кейін делегация «Jinchuan Group» компаниясының вице-президенті Чэнь Цзюньмен келіссөздер жүргізді.

Кездесу барысында өңірде никель-кобальт кендерін өңдейтін зауыт салу мүмкіндігі талқыланды.

«Jinchuan Group»— түсті және қымбат металдарды өңдеу саласында әлемдік көшбасшы және бұл жоба облыс үшін стратегиялық маңызға ие.

Делегация мүшелері кейін «Shanghai Jayson New Energy» компаниясының вице-президенті Лу Чаомен кездесті, онда түсті металдар кен орындарын игеру және жаңа энергетикалық материалдарды дамыту бойынша инвестициялар тарту мүмкіндіктері қарастырылды. PetroChina президенті Хуан Юнчжанмен CNPC корпорациясының бас кеңсесінде өткен кездесуде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ және мұнай-газ өнеркәсібіндегі жаңа жобаларды дамыту мәселелері талқыланды.

Сондай-ақ«Beijing Jianlong Heavy Industry Group» компаниясының вице-президенті Юань Чжаньюнмен өңірімізде темір кендерін өңдеу зауытын салу мәселелері бойынша келіссөздер жүргізілді.

Сапардың бірінші күнінің қорытындысы бойынша Хромтаудағы 300 МВт қуаттылығы бар екі жел электр станциясын салу туралы «Sungrow» және «Universal Energy» компанияларымен, сондай-ақ Мұғалжар ауданында орта көміртекті легирленген болат өндірісі зауытын салу ниеті туралы «Yima Machinery Co. Ltd» компаниясымен меморандумға қол қойылды.

Сапардың екінші күні Қытайдағы металл өңдеу, экология және энергетика саласындағы ірі компанияларда кездесулер өтті. Басты кездесудің бірі «Zhaojin Group» компаниясының вице-президентімен болды. Бұл компания қымбат және түсті металдарды өндіру және өңдеу саласында жұмыс істейді. Басқосуда Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар қымбат металдарды өндіру және өңдеу саласында ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.

Бұдан кейін «China Non-Ferrous Mining» компаниясының басшылығымен Әйтеке би ауданында мыс кендерін өңдейтін зауыт құрылысы мәселесі қарастырылды. Бұл жоба өңірдің тау-кен өнеркәсібінің мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді.

Энергетика саласы — облыс үшін басты салалардың бірі және біз халықаралық компаниялармен тұрақты энергетикалық шешімдер саласында ұзақмерзімді ынтымақтастық бағытында жұмыс істейміз. Өңірімізде металлургия және аккумуляторлық материалдар саласында жобаларды жүзеге асыру үшін салықтық және әкімшілік жеңілдіктер ұсынатын Ақтөбе арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. Біз электромобильдер мен жаңартылатын энергия көздерін дамыту сияқты жаһандық процестерге қатысуға дайынбыз, — деген Асхат Шахаров серіктестерге ынтымақтастықтың келешектегі бағыттарын таныстырды.

Сондай-ақ өңір басшысы «CITIC Environment Investment Group» компаниясының төрағасы Ян Шупингпен кездесті. Бұл — Қытайдағы экология саласындағы ірі компаниялардың бірі. Кездесуде суды тазарту және қалдықтарды өңдеу саласындағы инновациялық технологияларды енгізу және Қазақстанда экологиялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.

Сонымен қатар делегация «SINOPEC Corporation» компаниясының аға вице-президенті Ниу Шуаньвэньмен жүздесті. Бұл — Қытайдың ең ірі мұнай-газ және химиялық компаниясы. Кездесу барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері қарастырылды.

Жалпы, облыстан барған делегация Бейжіңде болған екі күннің ішінде 12 кездесу өткізіп, ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойыншатөрт меморандумға қол қойды.

Жобалар бойынша инвестициялардың жалпы құны — шамамен 1 млрд АҚШ доллары.

Сапар барысында Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратовтың екі қытайлық компания —«SUNGROW Renewables Development Co. Ltd» және «Universal Energy Co. Ltd»-мен меморандумдарға қол қоюы басты жетістіктердің бірі болды. Инвестицияның жалпы құны — 218,8 млн АҚШ доллары.

Бірінші жоба бойынша «SUNGROW Renewables Development Co. Ltd» компаниясымен 200 МВт жел электр станциясын салу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Оның құны —171 млн АҚШ доллары. Жобаны іске асыру биыл басталады, ал толық пайдалану 2027 жылға жоспарланған.

Екінші жоба — 100МВт жел электр станциясын салу туралы «Universal Energy Co.Ltd» компаниясымен келісімге қол қойылды. Жобаның құны — 47,8 млн АҚШ доллары.

Нысан 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жобаларды іске асыру шеңберінде 65 жаңа жұмыс орнын құру көзделген.

Бұл жобалар аймақтың жаңартылатын энергия көздеріндегі әлеуетін нығайтады және электр тапшылығының алдын алады.

Сондай-ақ Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов пен қытайлық «Yima Machinery Co.Ltd» компаниясы арасында орташа көміртекті легирленген болат зауытын салу туралы меморандумға қол қойылды. Жоба 60 жаңа жұмыс орнын құра отырып, машина жасау және өнеркәсіп қажеттіліктері үшін жабдықтарды импорт алмастыру, өндірісті локализациялау және орташа көміртекті легирленген болаттан жасалған өнімдерді шығаруды көздейді.

Төртінші меморандумға облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов, қытайлық «China Non-Ferrous Mining» компаниясы және қазақстандық «SM Minerals» компаниясы бірге қол қойды. Құжат Әйтеке би ауданында Бенқала мыс кен орнын игеру бойынша ауқымды жобаны іске асыруды көздейді. Жоба өңірдің тау-кен өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік береді. «Астана» халықаралық қаржы орталығы Қазақстан Республикасының ҚХР-дағы Елшілігімен ынтымақтаса отырып, аталған инвестициялық диалогтың ұйымдастырушысы әрі бастамашысы болды.

Тағы бір құжат — негіздемелік келісімге Сиань қаласында «AqtobeCem» ЖШС мен «Sinoma (SUZHOU) Construction Co. Ltd» компаниясы қол қойды. Бұл — Алға ауданында қуаттылығы тәулігіне 5000 тонна клинкер цемент зауытын салу жөніндегі инвестициялық жоба. Кездесуге «AqtobeCem» ЖШС акционері Н.Шәкіров қатысты.

Тараптар жобаның қазіргі мәртебесін талқылады, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмыстарының кестесін бекітті. Жоба құны — 220 млн АҚШ доллары.

Жасалған келісімдер облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтады.

Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Асхат Шахаров бастаған ақтөбелік делегация және Қазақстан Елшілігінің өкілдері Шаньси провинциясына барып, Қазақстан-Қытай сауда-экономикалық ынтымақтастық форумына қатысты.

Іс-шараға 100-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында Ақтөбе облысы әкімдігі, қазақстандық кәсіпкерлер қауымдастығы, Шаньси провинциясының басшылығы және қытайлық инвесторлар бар.

Форумда Асхат Шахаров Ақтөбе облысының қытайлық серіктестермен белсенді ынтымақтастыққа дайын екенін атап өтті:

— Ақтөбе облысы қытайлық инвесторларға жобаларды жүзеге асыру үшін сенімді алаң ұсынуға дайын. Бізде қажетті инфрақұрылым, білікті кадрлар және өзара тиімді серіктестік үшін барлық жағдай бар, — деді ол.

Өңір басшысы сондай-ақ облыстың көлік-логистикалық әлеуетіне ерекше назар аударды.

— Ақтөбеде жүк тасымалдайтын «YTO Cargo Airlines» авиакомпаниясы 10 мамырдан рейстерді бастайды. Бұл Қытай-Еуропа бағытында өңірдің транзиттік рөлін айтарлықтай арттырады. Сонымен қатар Шаньси-Қазақстан-Өзбекстан жаңа теміржол маршрутының іске қосылуы тауар жеткізу мерзімін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді, — деді Асхат Шахаров.

Форум аясында ауыл шаруашылығы, машина жасау, логистика және туризм салаларындағы ынтымақтастықтың болашағы талқыланды.

Облыс әкімінің орынбасары Абзал Әбдікәрімов өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырып, «Ақтөбе» индустриалды аймағы мен арнайы экономикалық аймағы капитал құюға тиімді алаңдар екенін атап өтті.

Қытай тарапынан ерекше қызығушылық тудырған жоба — облыста агроөнеркәсіптік кластер құру. Осы тақырып бойынша Қытайдың агротехнология саласындағы көшбасшылардың бірі «Shennong Technology Group» мемлекеттік корпорациясымен келіссөздер жүргізілді.

Форум аясында B2B форматында кездесулер өтті, онда қазақстандық және қытайлық компаниялар ынтымақтастықтың нақты бағыттарын талқылады. Осы кездесулер нәтижесінде екіжақты құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, «Рамазан» ЖШС агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық туралы Қытай тарапымен келісімге қол қойды.

Сапар Ақтөбе облысы мен Шаньси провинциясы арасында бауырлас қалалар қарым-қатынасын орнату туралы ниет хаттамасына қол қою рәсімімен аяқталды. Салтанатты шара Шаньси халықтық үкіметінің уақытша төрағасы Лу Дунлянның қатысуымен өтті.

Бұл құжат экономика, мәдениет, білім және туризм сияқты салаларда алдағы межелі ынтымақтастық үшін берік негіз қалыптастыруға сеп болады. Бауырлас қалалар туралы келісімге қол қою ынтымақтастықты тереңдету, тікелей бизнес байланыстарды орнату және бірлескен бастамаларға жол ашады.

Сапар қорытындысы бойынша Асхат Шахаров Қытай елі тарапына жылы қабылдауы үшін алғыс білдіріп, Ақтөбе облысы Қытаймен стратегиялық серіктес болуға ынталы екенін жеткізді.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button