АуылБасты жаңалықтар

Тіршілігі қайнаған берекелі ауыл

Күре жолдың бойында орналасқан Ноғайты ауылы — Байғанин ауданы Ащы ауылдық округінің орталығы. Ауылдан бір жарым шақырым жерде Ақтөбе-Атырау тасжолы бар. Еліміздің барлық бағытына пойыздар қатынайтын теміржол да осы елді мекеннің үстінен өтіп жатыр. Осылайша ауылмен аттас станса республикаға кеңінен танылған. Теміржолдың бойында тіршілігі қайнаған берекелі ауылдың бүгінгі тынысына зер салған едік…

Кәсіпкерлер көбейген

Ноғайты аудан орталығы Байғаниннен — 60, облыс орталығы Ақтөбе қаласынан 310 шақырым қашықтықта орналасқан. Пойызда немесе көлікте кетіп бара жатқанда Ноғайтының 274 үйі алыстан шашыраңқы көрінеді. Алайда үйлердің төбесіндегі заманауи шатырынан-ақ тұрғындардың тіршілікке бейім, ауқатты тұратыны білінеді.

Мың жарымға жуық тұрғыны бар Ащы ауылдық округін бүгінде Нұржан Жанғалиев басқарып отыр. Былтыр ғана дауыс беру арқылы сайланғанәкім — осы ауылдың перзенті. Содан да оның жауапкершілік жүгі екі еселене түсетіні анық. Осыны сезінетін ол Ноғайты ауылын көркейтуге қолынан келгенінше үлесін қосып жүр.

Округ әкімінің айтуынша, Ащы ауылдық округі мал шаруашылығына қолайлы болғандықтан, тұрғындардың негізгі кәсібі де — осы сала. Ауылда мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржы алып, мал басын көбейтуге ниеттенгендердің қатары артқан.

— Ауыл тұрғындары, негізінен, мал шаруашылығымен айналысады. Округте 32 шаруа қожалығы бар, оның жетеуі қыстақта отырып, мал бағып, шаруашылығын жүргізіп келеді. Шаруалар, негізінен,етті бағыттағы ірі қара, қой-ешкі, жылқы ұстайды. Төрт қожалық иесі асылтұқымды ірі қара алып, бағып отыр. Сонымен қатар шағын кәсіпкерлікті дамытып отырған 4 сауда дүкені бар. Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауылымыздың екі адамы қой алса, біреуі ет өнімдерін өңдейтін шағын цех ашты, тағы бір кәсіпкер сабын шығаратын станок сатып алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Биыл осы бағдарламамен тағы бір кәсіпкер наубайхана ашу үшін несие алып, қазіргі кезде құрылыс жұмыстарын бастап кетті, — дейді округ әкімі Нұржан Жанғалиев.

1443 тұрғыны бар Ноғайтыда дәрігерлік амбулатория, жаңа модульді кітапхана, Мәдениет үйі, «Ауыл» телетаратқышы, орталық тұрғындарын ауызсумен қамтып отырған «Байғанин» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны, пошта, байланыс бөлімшелері және теміржол стансасы жұртшылық игілігіне қызмет етеді.

Округ орталығындағы Сағыз орта мектебінде 297 оқушы білім алса, балабақшада 50 балақай тәрбиеленеді.

Әлеуметтік нысандар бой көтереді

Осыдан төрт жыл бұрын Ащы округіне газ құбыры тартылған еді. Бүгінде бұл ауылдың тұрғындары ошақтан күл алып, отын жақпайды, көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Ауыз сумен қамтылған, интернет жүйесі жұмыс істеп тұр.

Нұржан Жанғалиевтің айтуынша, халықтың басым бөлігі мектепте, балабақшада және теміржол саласында жұмыс істейді. Сондай-ақ ауылдаіргедегі «Сағыз ПетролеумКомпани» кәсіпорнында, басқа да Атырау, Маңғыстау облыстарындағы, Кеңқияқ кентіндегі мұнай компанияларында вахталық әдіспен жұмыс жасап, отбасын асырап отырғандар да бар. Округ әкімі «СағызПетролеумКомпани» кәсіпорныосы жерде орналасқандықтан, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін сезініп, ауылға демеушілік көрсетіп,көмек беріп тұратынын айтты.

— «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 40 адамға арналған фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы былтыр шілде айында басталған болатын. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталуға тиіс.

Алдағы 2026 жылы «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасымен кітапханасы бар жаңа үлгідегі 80 орындық Мәдениет үйі бой көтермек. Қазіргі кезде бұл жобаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынып, жобалық-сметалық құжаттары дайын тұр.

Елдің еңсесін көтеріп, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына бірден бір себеп, ол — ауылға келіп тұрған газ, су, жарық. Осы мәселелер шешілгелі ауыл адамдарының тұрақтануымен жаңадан шаңырақ көтеріп, заман талабына сай үлкен зәулім үй салуы көбейіп келеді. Мәселен, ауылда былтыр үш жаңа үй салынып,иелері қоныстойын тойласа, биыл да үш отбасы жаңа үйдің іргетасын құйып, құрылысты бастап кетті. Бұл жайт бізді қуантып отыр. Ауылдастарыма шын тілекшімін, — дейді Нұржан Жанғалиев.

Сондай-ақ округ әкімібылтыр мемлекеттік бағдарламамен ауылда Бейбітшілік көшесінен теміржол өткеліне дейін тас жол салынып пайдалануға берілгенін, ал биыл Бейбітшілік көшесінен теміржол вокзалына дейінгі тасжол мен жаяу жүргіншілер жолының құрылысы басталғалы жатқанын айтты.

«Ақтөбенің» анықтамасы

  • ХХ ғасырдың 30-жылдарының басында Табын ауданында «Ноғайты»ұжымшары құрылады. Кейін Ащы ауылдық кеңесі территориясынан қаракөл қойын өсірумен айналысатын Сағыз кеңшары ашылғанда, оның негізгі мекенжайы осы Ноғайты болады.

  • Ноғайты ауылында кезінде «Даңқ» ордендерінің толық иегері Сәрсенғали Ешбаев, Социалистік Еңбек Ерлері Қылыш Төлепов, Кеңес Бірқұлақов, Қазақ КСР ағарту ісінің үздік қызметкері Михаил Жәленов, т.б. тұрды.

  • Ноғайты атауының шығуы ертеде осы маңайды мекендеген Ноғайлы жұртының Ноғай руына байланысты. Ноғай руы қоныс еткен осы төңірек — Ноғайты, Ебейлер мекендеген аймақ — Ебейті аталып кеткен.

Түлектердің тартуы

Сағыз орта мектебінің әр жылдардағы түлектерінің ұшқан ұяға сағынышпен оралып, туған жерге тағзым етіп, тарту жасайтыны қандай жақсы.

Дәстүр бойынша мектеп бітіргендеріне биыл 50 жыл болған түлектер бірігіп, алаңсыз балалық шақтары өткен ауылға 250 түп тал алып берсе, мектепті 25 жыл бұрын бітірген түлектер орталық саябаққа су жүйесін жүргізіп, 120 түп көшет әкеліп еккен.

Округ әкімінің айтуынша, Сағыз орта мектебін бітіргендеріне 20 жыл болған түлектер мамыр айында ауыл кіреберісіне «Қош келдіңіздер!» деген жазуы бар,түнде жанып тұратын арка тарту еткелі отыр.

Биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы аясында майдангер аталарымызға арналып салынған Мәдениет үйі алдындағы ескерткіш қайта жаңартылды. Аталған қайта жаңарту жұмыстарына ауылымыздан түлеп ұшқан, жүрегі «туған ауылым» деп соғатын ел азаматтары үлкен демеушілік жасады. Осы жұмыстарға көмектескен ауыл жанашырларына зор ықыласымызды білдіре отырып, алдағы уақытта ауылымызды  көркейту, гүлдендіру үшін мектеп түлектерін, ауыл белсенділерін осындай игі іске атсалысуға шақырамыз, — дейді Нұржан Әбдірұлы.

«Спорт кешені керек»

 Ауыл халқының спортқа деген қызығушылығы мен жүйелі түрде спортпен айналысуының нәтижесінде соңғы уақытта оқушылар мен жастар арасында облыс және республика деңгейінде көптеген жеңімпаз бен жүлдегер шығып отыр. Әсіресемұнда волейболдан республикалық чемпионаттар мен турнирлердің жеңімпаздары, сондай-ақ ұлттық спорт түрлерінен жеңіске жеткен жасөспірімдер қатары артқан. Мұның өзі ауыл жастарының салауатты өмір салтын ұстануға деген талпынысын көрсетеді.

— Жас ұрпақтың жат қылықтарға бой алдырмай, салауатты өмір салтын қалыптастыруына үлес қосу, оларды денешынықтыруға тәрбиелеу үшін ауылымызға қазіргі заманға сай ангар типтес жабық спорт кешені қажет. Себебі 1979 жылы салынған орта мектептің спортзалы қазіргі уақытта бірнеше спорт түрімен айналысуға, әсіресе, кешкі мезгілде жастардың жаттығуына тарлық етеді. Ауылымызға келіп тұрған инфрақұрылым — су, газ, электр қуаты және жолдардың жағдайын ескерсек, Ноғайты ауылы даму үстінде. Осы себептенжаңа бір спорт кешені салынса, ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын одан әрі арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға өз септігін тигізетіні анық,— дейді Ноғайты округінің әкімі Нұржан Жанғалиев.

Осы аталған ғимараттар бой көтерсе, ауылдан жас отбасылардың қалаға көшуі тоқтап, жастар жұмыспен қамтылып және де кешкі мезгілде бос уақытын тиімді пайдаланып, заманауи Мәдениет үйінде өнерлерін ұштап, жаңа спортзалында спортпен айналысатынына үмітпен қараймыз.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button