Басты жаңалықтарЖұмысшы мамандықтары жылы

131 жылын зауытқа арнаған жұмысшылар әулеті

Ешкіммен қақ-соғы жоқ, өз ісімен ғана айналысып, бәрінен де жұмысын бірінші орынға қоятын адамдар болады. Сол қатарда Себеновтер әулеті бар. Әйтпесе сұхбаттасатын уақытты екі ай дегенде әзер белгіледік: біреуі кәсіпорындағы ауысымдық қызметінде болса, екіншісінің қолы босамайды. Үшіншісі де тым жұмысбасты. Олардың басын қосып, өндіріс орнында суретке түсіру де кәдімгідей жырға айналғаны рас… Бір анығы, Ақтөбе ферроқорытпа зауытында әкесі мен балалары, олардың апа-қарындастары, жалпы алғанда бір әулеттің 6 мүшесі 131 жыл жұмыс істеп келе жатқан мұндай еңбек династиясы саусақпен санарлық.

Ағасының жолын қуған Назарбай

Алға ауданында туып-өскен Назарбай Себенов еңбек жолын тракторшы ретінде бастаған. Кейіннен ауылдағы үлкендердің ақылымен түрлі металды өңдеуге бет бұрыпты.

Ауылдас аға Николай Лысенко дәнекерлеу ісін үйретті. Сол кісінің арқасында бұл саланың арнайы оқуына түспей-ақ бәрін меңгеріп алдым. Іле-шала үйленіп, жас отбасы болып Ақтөбе қаласына көштік. Жұмыс іздеуге келгенде аса ойланбадым, туған ағам Базарбай Ақтөбе ферроқорытпа зауытында электрик, ал апам Ырысты материалдарды өлшейтін маман (дозировщица), жездем Жұмабек балқытушы еді. Сондықтан1984 жылы ірі өндіріс орнына дәнекерлеуші боп қызметке орналастым.

Елді мекенде «сваркамен» айналысу анау айтқандай ауыр болмаса, зауыттағы жағдай мүлдем бөлек екен. Цехтың іші шаңнан көрінбейді, өте ыстық. Жастықтың буымен жоғары температураға қарамай, өндіріс орнындағы жалынның ортасында жүрдік. Металл балқытылатын жерде оңай болсын ба?.. Талай жігіт соған шыдамай, қызметтен кетті. Сөйтіп, 1984-1997 жылдары жөндеу-механикалық цехында, кейіннен зейнет демалысына шыққан 2023 жылға дейін қондырғыларды жөндейтін цехта еңбек еттім. Зауыттағы 39 жылда пеш, құбыр, техникаларды, әйтеуір, металы бар заттардың барлығын дәнекерледім. Қысқасы, кәсіпорындағы 27 топтың (бригада) әрқайсысында 4 адамнан бар, ешқайсысымыз дамыл таппайтын едік. Күн сайын тапсырма дайын тұрады (күлді).

Шүкір, жағдайымыз жаман болған жоқ. Осы зауытта жүріп, 1989 жылы ақысыз негізде 3 бөлмелі жаңа пәтер алдым, балаларымды бақшаға орналастырдым. Басқа да әлеуметтік қолдауға ие болдым. Владимир Хомяков бастаған әріптестерімнің баршасы бауырымдай болып кетті, — дейді тәжірибелі дәнекерлеуші.

Жұмыс барысында түрлі жағдайдың болатыны белгілі. Алғашқы әңгімелесушіміз зауытта өндірістік жарақат алып, төсек тартып қалған кезі туралы еске алды:

Аяққа байпақ, үстіме арнайы қызметтік форма киіп, көзілдірік тағып, қауіпсіздік ережелерін қанша жерден сақтасам да, оқыс оқиғаны бастан өткердім. 2013 жылы жұмыста денемнің 36 пайызын күйік шалды… Цехтан бригадирім алып шықпағанда, жанып кетер ме едім, кім білсін. Құдай сақтап, 6 ай ауруханада жатып, аман қалдым. Бүге-шігесін айтпай-ақ қояйын, бірақ басшылық айыбын түсініп, өтемақысын берді, кейін жұмысқа қосылғанда да біраз уақыт денсаулық жағдайымды ескерді. Бұның бәрін айтып отырған себебім, өндіріс орнында жұмыс істегесін бәріне де дайын болу керек.

Жұмысшы болғаныма ешқандай өкініш жоқ. Керісінше, еңбек адамы болғаныма мақтанамын. Менен кейін қарындасым Гүлсім зертханашы боп зауытқа қабылданды. Қос ұлым да өндірістегі ізімді жалғады. Тек тұңғышым Руслан ғана басқа салада, — дейді Назарбай аға.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Қазіргі таңда Ақтөбе ферроқорытпа зауытында 4 мыңнан астам адам еңбек етеді. Ал еңбек династияларының саны онға жуықтайды. Солардың бірі — осы Себеновтер әулеті.

Кәсіпорынның үздік қызметкері

Әлгінде айтқанымыздай, зайыбы Светлана екеуі үш баланы тәрбиелеген Себеновтер әулетінің отағасысы ғана металлург емес. Назарбайдың балалары — ағалы-інілі Рустам мен Талғат та осы зауытта жемісті еңбек етіп жүр. 37 жастағы екінші ұл теміржол цехында тер төгеді. Оны әңгімеге тартқанымызда, әу баста әке жолын қууды мақсат етпегенін ашып айтты.

— 9 жыл гипс шығаратын зауытта қызмет еттім. 2017 жылы белгілі бір себеппен осында ауыстым. Мұнда вагондардан көмір, әктас, кен, ферроқорытпа сияқты шикізат түсіреміз. Бәрін қолмен істегендіктен, мұнда ең бастысы — физикалық күш қажет. Соның әсерінен алғашқы жылдары «осы жерге қайдан ғана келдім?» деген ойдың болғанын жасырмаймын. Қазіргі уақытта үйренісіп кеттім. Жалақым 500 мың теңгеге жуықтайды. Бұйыртса, енді жоғары білім алып, зауытта диспетчер немесе шебер болғым келеді.

Жүкші ретінде күніне 23 вагонға дейін түсіргендіктен, демалған 2 күнде тек отбасыма көңіл бөлемін. Компанияның қоғамдық өміріне араласып, КТК ойындарына, спорттық жарыстарға қатысуға да уақыт табамын. Бұның барлығы ескерілген болуы керек, былтыр басшылық «Үздік қызметкер» атағымен марапаттады, — дейді Рустам.

Бір қызығы, зейнет демалысына шыққанша жұмыс істеген әкесі, ағайынды Рустам мен Талғат та бір-бірін зауытта мүлде көрмейді екен. Өйткені алып өндіріс орнындағы үшеуінің саласы әртүрлі.

Кенже ұлдың сәтті қадамы

Әңгімешіл, елгезек Талғаттың Ақтөбе ферроқорытпа зауытының сапына қосылғанына 13 жылдан асыпты. Қарапайым жұмысшыдан қойма шаруашылығының басшысы қызметіне дейін көтерілген үйдің кенжесінің талабы таудай, арманы асқақ.

— Әкемнің қалауымен Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетін экономист мамандығы бойынша тәмамдадым. Әйткенмен дипломымды алғанда банкке баруға үзілді-кесілді қарсы болдым. Басқа жерге «тәжірибең жоқ» деп алмай қойды. Содан әкем мен ағам жұмыс істейтін зауытқа қоймашы боп орналасуға тура келді. Бұл туралы жұмысқа тұрғанша ешкімге айтпадым. Бұны әкем білгенде қатты ұрысып, игерген жоғары білімімнің текке кеткеніне күйінді.Асылы, алғашында өзім де қатты қиналдым. Қоймашы деген аты ғана, әкелінген материалдарды тасып, қабылдап аласың. Техникаларды санап, бәрінің есебін жүргізесің. Жауапкершілік жүгі деген орасан, құны қымбат қондырғыларға бас-көз болудың өзі — үлкен уайым.

Арада жарты жыл өткенде, сол кездегі қойма шаруашылығының басшысы Сақыпжамал Айтжанова шақырып алып: «Сенің экономист деген дипломың бар, бұлай жүре беруіңе болмайды» деп экономист-бухгалтер етіп тағайындады. Сөйтіп, бірте-бірте жетекші маман, менеджер, бөлім басшысының орынбасары болдым. Былтыр мамыр айында қойма шаруашылығының басшысы етіп қойды. Міндетім — бүкіл зауытты қажетті материалмен қамтамасыз ету.

Кезінде оқытып, мамандық таңдауда бағыт берген әкеме алғысым шексіз. Осы жұмыстың арқасында жеңілдетілген несиемен пәтер де алдым. Қызметте де еңбегімді өз деңгейінде бағалап, шынайы тілеулестік танытқан басшыларыма ризамын. Еңбекте жолым болған адаммын, — деп сыр ақтарды Талғат.

Екі ұлы да жұмысшы мамандығын өздері таңдағанын, олардың жүрек қалауына мүлде араласпағанын айтқан Назарбай Себенов — 8 немеренің атасы.

Қарап отырсам, өзім 39 жыл, ағам Базарбай 32 жыл, апам Ырысты 15 жыл, қарындасым Гүлсім 24 жыл, ұлым Рустам 8 жыл, кенжем Талғат 13 жыл осы зауытта жұмыс істеппіз. Барлығы — 131 жыл. Балалар әлі жас, жұмысын жалғастыра береді. Бұйыртса, үлкен немерем Имран да «ата, сіз сияқты өндіріске барамын» деп талаптанып отыр. Ұрпағымның бұл тілегін қолдаймын, жұмысшы болғанның жақсылығы көп.Өзім дәнекерлеуші мамандығының әлі күнге шарапатын көріп келе жатырмын. Көршілерім, ағайын-туыстардың алғысын алып жүрмін.

Тәжірибелі маман ретінде Жұмысшы мамандықтары жылында осы салада жүрген жастарға баспана алу жағынан көмек берілсе деймін. Сосын жалақы көтерілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Әлеуметтік жағдайы жақсы болса, ешкім де жұмысын ауыстырмайды, тұрақтап қалады, — деп тілегін білдірді еңбек адамы Назарбай.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button