Спорт

Мұз үстіндегі сайыс

Хоккей

Ақтөбе қаласындағы №5 «Олимп» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 2017-2018 жылы туған балалар арасында шайбалы хоккейден облыстық ашық турнир өтті. Жарысқа Жезқазған, Атырау, Орал, Ақтөбе облыстарынан жасақталған 7 команда қатысты.
Аталған спорт мектеп директорының орынбасары Ақмарал Қарымсаққызының айтуынша, жарыс кросс айс жүйесінде өтті.
— Жарыстың мақсаты — қысқы спорт түрлерімен айналысатын жастар қатарын көбейту. Турнирдің өтуіне облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы қолдау көрсетті. Әр командада 9-15 балғын хоккейшілер ойнады. Ойынның ұзақтығы — 20 минут. Жарыстың бас төрешісі Данияр Асылбекұлы ойынның әділ өтуін қадағалады. Хоккейдің денсаулыққа пайдасы зор. Жарысқа балалар дәрігердің бақылауымен ғана жіберіледі. Хоккей командалық ойындардың ішіндегі қимыл-қозғалысының көптігімен ерекшеленеді. Мәселен, хоккейшілер футболшыларға қарағанда екі есе шапшаң қимылдап, тез шешім қабылдайды. Сондықтан жас спортшыларды хоккей спортымен шұғылдануға шақырамын, — дейді ол.
Атырау қаласынан келген «Бейбарыс» командасы жарыста нәтижелі ойын көрсетті. Аталған команданың жаттықтырушысы Даниил Бакалдиннің айтуынша, елімізде қысқы спорт түрлері қарқынды дамып келеді.
— Қысқа мерзім ішінде жас хоккейшілеріміз жеңіс тұғырынан көрініп келеді. Осы сайыста ойыншыларымыз қарсылас шақ келтірмей, үздік нәтиже көрсетті. Турнирге 2017-2018 жылғы балалардан жасақталған екі команда қатысты. Хоккей — эмоцияға толы ойын. Жас хоккейшілеріміз қарсылас командадан мықты ойнауға бар күшін салды. Бұл хоккейшілердің жеңіске деген жігерін нығайта түсті. Бір қуантарлығы, ойыншыларымыз жарыс барысында түрлі әдістерді қолданып, қарсыласқа тойтарыс берудің тәсілдерін ұтымды пайдаланды, — дейді Даниил Бакалдин.
Мұз үстінде «шайқасқан» хоккейшілер турнирге физикалық тұрғыдан жоғары даярлықпен келген. Солардың бірі — Хазірет Азамат.
— Мәнерлеп сырғанауды жақсы көремін. Ептілігімді байқаған әкем Азамат Бисауытов мені №5 «Олимп» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің хоккей секциясына апарды. Ол қысқы спорт түрлерімен шұғылданатын жастарға үнемі қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, әкем былтыр өз күшімен балаларға арнап үйдің ауласына хоккей алаңын құйды. Өзім астаналық «Барыс» командасының жанкүйерімін. Болашақта осы командадағы спортшылар секілді шапшаң қимылдап, мықты ойыншы атанғым келеді. Шайбалы хоккейге 4 жасымда қабылдандым. Бүгінде нәтижелі ойын көрсетіп, телеарнадағы «Көреміз» бағдарламасына сұхбат бердім. Алдағы уақытта Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткім келеді. Арманыма жету жолында тынбай жаттығуым керек, — дейді балғын хоккейші.
Турнир нәтижесінде атыраулық «Бейбарыс-1» командасы жеңіске жетті. Екінші орын оралдық «Динамо», 3-орын ақтөбелік «Олимп-2017» командасына бұйырды. Жарыс жеңімпаздарына Туризм және спорт министрлігі Спорт және денешынықтыру істері комитетінің дипломы мен медальдары табысталды. Сондай-ақ жарыстың бас демеушісі «Авто Helper» автодүкендер желісі «Үздік шабуылшы», «Үздік ойыншы», «Үздік қорғаушы», «Үздік қақпашы», «Үздік ойыншы» номинацияларының иегерлеріне арнайы статуэтка мен жеңімпаз командаға Кубок табыстап, үздік сұрмергендерді Алғыс хатпен марапаттады.

Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button