3 мың тал егіледі

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясыаясында сенбі күні Болашақ шағын ауданындағы Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайға барар жолдың бойына мойыл, бөртегүл және алма ағаштары отырғызылды.
Бұл акцияны Ақтөбе ферроқорытпа зауытының еңбеккерлері қолға алыпты. Қала әкімі Азамат Бекет те осы іске өз үлесін қосты.
— Ел Президенті жариялаған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының аясында 27 наурыздан бастап қаламызда санитарлық тазарту және ағаш отырғызу бойынша екі айлық науқан басталды. Өткен жылы ферроқорытпа зауытының ұжымы Алтын Орда шағын ауданына 3 мың ағаш отырғызған еді. Биыл осы бастама Болашақ шағын ауданында жалғасады. Мұнда да 3 мың көшет отырғызу жоспарланған. Бүгін сол істі бастап жатырмыз, — деді қала әкімі.
Сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясының аясында биыл қаладағы бос алаңдар, саябақтар мен гүлзарларға абаттандыру жұмысын жүргізу көзделген. Бұл іске кәсіпкерлер де үлес қосады. Жаңадан салынатыны бар, жөнделетіні бар — барлығы 11 гүлзар абаттандырылмақ. Кәсіпкерлермен тек ағаш, гүл егу ғана емес, суару жүйелерін орнату жөнінде де келісім жасалыпты.
Сенбіде жол бойына 200-ден астам көшет отырғызылды. Қалған көшеттер жақын күндері шағын ауданның әр тұсына егілетін болады.
— Біз ірі кәсіпорындардың бірі ретінде қаланы жасыл желекке бөлеп, көгалдандыруға үлес қосуға міндеттіміз. Биыл Болашақ шағын ауданына ағаш егіп қана қоймай, екі жыл ішінде оларға күтім жасап, суаруды да өз жауапкершілігімізге аламыз. Ол үшін көгалдандырумен айналысатын мамандандырылған компания қызметіне жүгіндік. Өткен жылы Алтын Орда ауданында отырғызған алма ағаштарының 90 пайызы тамыр алып, биыл гүлдеп тұр. Тамыр алмаған көшеттер жақын арада жаңасына ауыстырылады, — деді ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков.
Ертерек келіп, тал егуге кіріскен мамандардың бірі — зауыттың шебер-механигі, жастар лигасының үйлестірушісі Ернар Байарыстанов.
— Қаламыз жасыл желекке бөленіп тұрса, ол, ең алдымен, өзіміз, отбасымыз, жақындарымыз үшін пайдалы. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген сөз бекер айтылмаған: жасыл желек ауаны тазартады. Біздің ұжым үшін көктемде тал егу қарбаласы дәстүрге айналған. Әрқайсысымыз осы істен шет қалмауға тырысамыз, — деді Ернар.
Болашақ шағын ауданына егілетін 3 мың ағаштан бөлек, аталған зауыттың күшімен биыл қаланың санитарлық аумағына да 2 мың ағаш отырғызылады.
Айна САРЫБАЙ.