«Таза Қазақстан»

Тазалық — қамқорлық көрінісі

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының аясында сенбі күні ақтөбеліктер қаланың әр бөлігінде тазалық жұмыстарын жүргізді.

Гитлерлік басқыншыларға қарсы соғыс жылдарында Ақтөбеде құрылған 312-атқыштар дивизиясы мен 101-атқыштар бригадасы жауынгерлерінің құрметіне қойылған «Зеңбірек» ескерткіш-обелискісі мен оған іргелес аумақты тазалау, абаттандыру жұмыстарына жастар, еріктілер ұйымдарының мүшелері, мемлекеттік органдар өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты.

Ерікті Абыл Кенжебек осыған орай өз пікірін:

—Соғыс жылдарында аталарымыз өз Отанын, жақындары мен ұрпағының болашағын қолына қару алып қорғады. Ал бейбіт күнде де еліңе, ұрпағыңа қамқорлық жасау керектігін ұмытпауға тиіспіз. Сол қамқорлықтың бірі — қоршаған ортаңды таза ұстау. Бұл — үлкен жауапкершілік. Сондықтан сенбілікке жай тазалық шарасы емес, ортақ парыз ретінде қараймыз, — деп жеткізді.

Іс-шараға қатысушы Жансейіт Қуандықов та осы пікірді қуаттайды:

— Қаламыз таза, көркейіп, гүлденіп тұрса, бұл біздің еңсесі биік, еңбекқор жұрт екенімізді көрсетеді. Ал осыған жұмыла кірісіп, ұйымшылдық арқылы қол жеткізсек, оның қуанышы екі есе артады, — дейді.

Ал қаладағы діни бірлестіктер өкілдері Оңтүстік айналма жолда тазалық жұмыстарын ұйымдастырды. Баланың бойымен шамалас қураған шөп, қыс бойы қар астында жатқан қоқыс әп-сәтте жиналып, қапшықтар бірінен соң бірі толып жатты… «Жарық» ақпараттық-түсіндіру орталығының жетекшісі Аян Задыбектің айтуынша, сенбілікке қаладағы түрлі діни бірлестіктер өкілдері — 30 шақты адам қатысты.

Жалпы, облыста 98 діни бірлестік тіркелген. Оның басым бөлігі — Қазақстан мұсылмандарының діни бірлестігіне қарасты мешіттер.

Ақтөбе қалалық орталық мешітінің ұстазы Рүстембек Аманғосұлы:

— Еліміздегі абаттандыру, көркейту бағытындағы бастамаларға мешіттер әрдайым үлес қосып келеді. Біздің мешіттің ұжымы мен жамағаты қаланың ішіндегі сенбіліктерден бөлек, қорымдарда да тазалық жұмыстарын жүргізеді. Өкінішке қарай, қорымдардың аумағын шашып кететін адамдар да бар. Исламда тазалықтың орны бөлек. Сондықтан бұл жұмыстар бір күнмен шектелмеуі керек. Әр адам өзі тұратын елді мекенді, көшені әрқашан өз ауласындай таза ұстауға тырысса ғана бұл жұмыстар нәтижелі болмақ, — деді.

И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button