Газдандырылған ауылдар саны артады

Көгілдір отын
Облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен жиында өңірді газдандыру және бекеттердегі газ тапшылығын жою мәселелері қаралды.
Бірінші мәселе бойынша облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Арысұлан Айтбаев баяндама жасады.
Ол облыстағы елдімекендерді газдандыру жоспары туралы айтты. Мәселен, өңірдегі 319 елді мекеннің 172-сі (немесе 53,9 пайызы) газбен қамтамасыз етілген. Биыл 9,1 млрд теңгеге 14 ауыспалы жобаны аяқтау, нәтижесінде 9,8 мың тұрғыны бар 23 ауылды газдандыру жоспарлануда.
Сондай-ақ «QazaqGaz Aimaq» АҚ инвестициялық бағдарламасы аясында Мұғалжар ауданы Қожасай ауылын газдандыру аяқталады. Осылайша, жыл қорытындысы бойынша газбен қамтылған ауылдар саны 196-ға (61,4%) жетеді.
Бұған қоса 8 жаңа жоба бойынша 4,7 млрд теңгеге бюджеттік өтінім берілді. Оларды өткізген жағдайда 206 елді мекен (64,6%) және 901,5 мың адам (97,1%) газбен қамтамасыз етіледі.
— Ақтөбеде магистралды газ құбырының үшінші желісінің құрылысын аяқтау маңызды кезең болды, бұл өткізу қабілетін сағатына 526,5 мың текше метрге дейін арттыруға мүмкіндік берді. Газ құбырын қалалық әкімдіктің балансына беру үшін құжаттар дайындалды,— деді А.Айтбаев.
Аймақ басшысы ауылдық елді мекендерді газдандырудың басымдығын атап өтіп, жобалардың нақты орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
—Ауылдарды газдандыру мәселесі өте маңызды. Осы жылға жоспарланған жобалардың уақтылы және сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету қажет. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына, сондай-ақ аудан әкімдеріне бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстауды тапсырамын,— деді Асхат Шахаров.
Д.ҚАЗИХАН.



