
Жоба
Облыста ауыл жасөспірімдерін қолдауға арналған ауқымды спорттық жоба іске қосылды. Шалғай елді мекендерден жиналған жас спортшылардың жиыны «Бейбарыс» спорт кешенінде өтіп жатыр.
Белбеу күресінен екі дүркін әлем чемпионы, күрестен күміс жүлдегер, жасөспірімдер арасындағы қазақ күресінен аға бапкер Әділет Шалғынбектің айтуынша, жобада еркін күрес, грек-рим күресі, қазақ күресі, дзюдо және бокс секілді спорт түрлері қамтылған.
— Жобаның мақсаты — ауыл балалары мен жасөспірімдерін спортқа тарту, жаттықтырушылардың біліктілігін арттырып, оларды жаңа дағдыларға бейімдеу. Сондай-ақ шалғайдағы таланттарды анықтап, кәсіби спортқа баулу. Жаттықтыруға арналған жиынға 12 ауданнан 13 команда келді, барлығы 90-нан астам жас спортшы қатысып жатыр, — деді Әділет Шалғынбек.
Қарабұтақтағы спорт мектебінің жаттықтырушысы Нұрболат Ахметов осы жиынға жеті салмақ бойынша 7 жасөспірім әкеліпті.
— Қарабұтақ ауылында тұрамын. Алты жылдан бері Аралтоғай ауылына қатынап жұмыс істеймін. Бұл ауылда күрес үйірмесіне қатысатын 70 шақты баланы Аралтоғай мектебінің шағын залында жаттықтырамын. Ауыл балаларының спортқа деген қызығушылығы мықты. Жас палуандарым белбеу күресінен, қазақ күресінен жарыстарға қатысып, жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Мәселен, қазақ күресінен 5 бала спорт шеберлігіне үміткер, — деді Нұрболат Ахметов.
Жаттықтырушы әкелген жеті баланың бірі — С.Оразалин атындағы Аралтоғай орта мектебінің 8-сынып оқушысы Назар Мешітбаев.
— Спорттық жиынға бірінші рет қатысып тұрмын. Ұнап жатыр. Жаттығу кезінде физикалық тұрғыда дамып, техникамызды шыңдаймыз. Әдіс-тәсілдерімізді қолданып көреміз. Осы спорт кешенінде орналастық. Таңғы сағат сегіз жарымда тұрып, сосын таңғы ас ішеміз. Сағат 11.00-ден 13.00-ге дейін жаттығу болады. Одан соң жуынып-шайынып, түскі ас ішуге барамыз. Сосын ұйықтаймыз. Түстен кейін тағы да жаттығуға барамыз. Кешкі ас ішіп алып, ұйықтаймыз. Жан-жақтан келген балалармен танысып, достасып та кеттік, — деді қазақ күресі мен белбеу күресінен облыс чемпионы Назар Мешітбаев.
Жобаның алғашқы кезеңі 1–13 сәуір аралығында бокс спорт түріне арналса, 14 сәуірден бастап қазақ күресі бойынша өтіп жатыр. Оқу-жаттығу жиыны 27 сәуірге дейін жалғасады. Жиын соңында өзара жекпе-жектер өткізіліп, қорытындысы бойынша аудандық рейтинг жасалады.
Бұл жоба ауыл жастарына өз мүмкіндіктерін көрсетуге, кәсіби тұрғыда шыңдалуға және болашақ жеңістерге алғашқы қадам жасауға тамаша мүмкіндік береді.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.