200-ден аса көшет отырғызылды

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Болашақ шағын ауданындағы Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайға барар жолдың бойына мойыл, бөртегүл және алма ағаштары отырғызылды.
Сенбіге белгіленген акцияға Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жұмысшылары қатысты. Қала әкімі Азамат Бекет те зауыт еңбеккерлерімен бірге осы іске үлесін қосты.
«Ел Президенті жариялаған «Таза Қазақстан» ауқымды экологиялық акциясы аясында 27 наурыздан бастап санитарлық тазарту және ағаш отырғызу бойынша екі айлық науқан басталды. Өткен жылы ферроқорытпа зауытының ұжымы қаланың Алтын Орда шағын ауданына 3 мың ағаш отырғызған еді. Биыл осы іс Болашақ шағын ауданында да жалғасады. Мұнда да 3 мың көшет отырғызу жоспарланған», – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» акциясы аясында биыл қаладағы кеңістік орындарға, саябақтар мен гүлзарларға абаттандыру жұмыстарын жүргізу көзделген. Бұл іске кәсіпкерлер де үлес қоспақ. Қалада жалпы саны 11 гүлзар салынады және жөнделеді. Ол жерлерді тұрғындар демалысына қолайлы ортаға айналдыру үшін ағаш егіледі, суару жүйелері жасақталады.
Бұл күні жол бойына 200-ден астам көшет отырғызылды. Қалған көшеттер Болашақ шағын ауданының әр тұсына егілетін болады.
«Біз ірі кәсіпорындардың бірі ретінде қаланы жасыл желекке бөлеп, көгалдандыруға үлес қосуға міндеттіміз. Биыл Болашақ шағын ауданына ағаш егіп қана қоймай, екі жыл ішінде оларға күтім жасап, суаруды да өз жауапкершілігімізге аламыз. Ол үшін көгалдандырумен айналысатын мамандандырылған компанияға жүгіндік. Өткен жылы Алтын Орда ауданында отырғызған алма ағаштарының 90 пайызы тамыр алды, биыл гүлдеп тұр. Тамыр алмаған көшеттер жақын арада жаңасына ауыстырылады», — деді ферроқорытпа зауытының директоры Ержан Абдулабеков.
А.САРЫБАЙ.