Қамқорлық жалғасады

Облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Таза бейсенбі» акциясы аясында Қазақ зағиптар қоғамының Ақтөбе оқу-өндірістік кәсіпорнына тазалық жұмыстары жүргізілді.
Акцияға облыстық «Жастар рухы» жастар қанаты филиалының өкілдері, колледж оқушылары және қала еріктілері қатысты. Олар кәсіпорын аумағына санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізіп, ғимарат ішін де ретке келтірді.
— Іс-шараның негізгі мақсаты — экологиялық мәдениетті қалыптастыру, еңбекке баулу арқылы жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру және ерекше қажеттіліктері бар жандарға құрметпен қарауға тәрбиелеу, — деді облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Заманай Қайнарұлы.
Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай қаладағы еңбек ардагерлері мен жалғызілікті қарияларға көмек көрсету де жоспарланып отыр.
20 жылдық тәжірибесі бар кәсіпорын соңғы бес жылда эко-пакеттер жасаумен айналысып келеді. Кәсіпорында 30-дан астам қызметкер бар. Оның 70 пайызы — көру қабілетінен айырылған жандар.
— 2019 жылдан бері қоршаған ортаны ластамайтын қағаз орауыштар шығарумен айналысып келеміз. Бес жылдың ішінде кәсіпорын сапалы әрі сәнді крафт-орауыштарды шығаруды жолға қойып, өнім түрлерін көбейтіп, сатылым арналарын кеңейтті. Күніне 50-60 мың эко-пакет шығарамыз. Әлеуметтік кәсіпкерлікке жататын жобамыздың басты мақсаты –— мүгедектерді жұмыспен қамту, экологиялық таза өнім өндіру және отандық тауар өндірушіні қолдау. Қазіргі таңда біздің шығарған барлық өнімде экология және сапа қауіпсіздігі сертификаттары бар. Әрбір пластик пакет немесе пластик құтының ыдырауы үшін 100 жылдан астам уақыт қажет екенін ескергенде, экологиялық таза өнімдерге көшу — болашақ үшін маңызды қадам. Біз
тұты¬нушыға экологиялық таза қаптамаларды ұсыну арқылы қоршаған ортаға қамқорлық жасап отырмыз. Егер мемлекеттен қолдау артып, сырттан әкелінетін пластиктерге шектеу қойылса, біздің өндірісіміздің қарқынды дамуына мүмкіндік туар еді, — деді кәсіпорын дирек¬торы Дәметкен Жалмағамбетова.
Кәсіпорын басшылығы алдағы уақытта барлық сауда желілерінде пластиктің орнына қағаз пакеттер ұсынылатынына үмітті. Олар экологиялық таза өнімдер шығарудың қоғам үшін үлкен маңызы бар екенін атап өтіп, кәсіпорындарға қолдау білдіру арқылы елімізде жасыл экономикаға үлес қосуға шақырды.
А.НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ.