Ашық аспан астындағы кітап мерекесі

Ұлттық кітап күні
Ұлттық кітап күніне орай, сондай-ақ Абай Құнанбаевтың 180 жылдығы қарсаңында Ақтөбедегі ұлы ақынның ескерткіші орналасқан және оның атын иеленген даңғыл бойында «Кітап әлемі» атты салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
Абай ескерткішінің екі жағын ала — бірін облыстық Сақтаған Бәйішев атындағы әмбебап-ғылыми кітапхана; екіншісін Абай атындағы №1 қалалық кітапхана ұйымдастырған кітап көрмелерінің екеуі де «Бабалар сөзі» жүз томдығымен ашылуының астарында үлкен мағына жатса керек. Book tourism форматындағы бұл мерекелік шарада Ақтөбедегі барлық кітапханалар, сонымен бірге бірқатар мектеп кітапханалары, кітап дүкендері қала жұртшылығы мен оқырмандарға кітап көрмелерін ұсынып, жаңа шыққан кітаптарды, биыл мерейтойы өтетін қазақ қаламгерлерінің шығармашылығын таныстырды, сұрақ-жауап түріндегі, т.б. да байқаулар, ойындар ұйымдастырды, LED экрандардан кітап оқудың артықшылығы, жергілікті қаламгерлер шығармашылығы туралы бейнероликтер көрсетілді.
500 метрге созылған гүлзарды алып жатқан осы кітап әлемінің ортасына қойылған сахнадан Абайдың қара сөздері оқылды. Ақын бейнесін Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының артисі Әсет Оразалин сомдады.
Жиналған кітапсүйер қауымды алдымен облыс әкімі Асхат Шахаров құттықтады.
— Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы бастаманы қолдап, бұл мереке 23 сәуірге белгіленіп, биыл елімізде алғаш рет атап өтіліп жатыр. Кітап — білімнің қайнар көзі, руханияттың алтын қазығы. Елімізді дамыту, тәуелсіздікті нығайту, оны қорғау сынды ұлы мұраттардың бәрі де тек білім арқылы, оқыған, сапалы ұрпақ арқылы жүзеге асады. Сондықтан оқырман ұлт қалыптастыру, әсіресе жас ұрпақтың кітапқа, рухани мұраға деген сүйіспеншілігін ояту — маңызды міндет, — деп атап өтті ол.
Облыс басшысы сондай-ақ кітапханаларды заманға сай жаңғырту, кітаптарды сандық нұсқаға көшіру бағытында өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Қазір облыстағы кітапханалардың жалпы кітап қоры 3,5 миллионнан асады. Өткен жылы 298 мыңға жуық адам кітапхана қызметін пайдаланған. бағытында да жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қазақстан Жазушылар одағының біздің облыстағы өкілі Бауыржан Құрманқұлов та құттықтау сөз сөйлеп, бүгінгі оқырманның талғамы, көп кітаптың ішінен шын мәнінде рухани құндылық болып табылатын дүниені таңдап оқи білетін сауатты оқырман қалыптастыру мәселесі төңірегінде ой қозғады. Айта кетейік, бүгінгі күні облысымызда Қазақстан Жазушылар одағына мүше 27 қаламгер бар.
Мерекеге орай кітап көрмесін ұйымдастырғандар қатарында өңірдегі ең көне басылымдар — «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің басын біріктіріп отырған «Ақтөбе Медиа» ЖШС да бар. Көрмеге өңір баспасөзі тарихынан сыр шертетін кітаптар, ескі газеттер, аталған басылымдарда еңбек еткен журналистердің кітаптары қойылды.
Ақтөбедегі №28 орта мектептің кітапханасы да өз көрмесін ұсыныпты. Кітапханашылар Жазира Бисембина мен Гүлжайнар Қозыбағарова жас оқырмандар мен ата-аналарды жаңа кітаптармен таныстырып, баланың кітапқа деген қызығушылығын арттырудың жолдары жөнінде әңгімеледі.
— «Оқуға құштар мектеп» жобасының аясында мектебімізде көп жұмыстар жасалды. Кітапхана қорында 9 мың кітап бар, биылғы оқу жылында 155 кітап алынды. Жаңа кітаптар оқушылардың тіл үйренуіне де жақсы көмектеседі. Қазір бастауыш сынып оқушыларына арналған кітаптар да балалардың жас ерекшелігіне, оқуды оңай меңгеруіне лайықталып шығарылады, — деді Жазира Бисембина.
Барлық дерлік кітапханалар бұл іс-шарада түрлі қызықты байқаулар өткізсе, олардың бірі — Абай шығармашылығына, екіншісі — жалпы қазақ әдебиетіне, ал тағы бірі жергілікті қаламгерлердің шығармашылығына, яғни алуан тақырыпқа арналды. Ақтөбедегі «Студент», Тахауи Ахтанов атындағы кітап үйі сынды кітап дүкендері қазақ жазушыларының, оның ішінде бүгінгі қаламгерлердің де соңғы жылдары жарыққа шыққан кітаптарын көпшілікке таныстырды.
Сонымен қатар кітапсүйер қауым алдында облыстық қуыршақ театрының артистері, әншілер, дарынды оқушылар өнер көрсетті. Бүгінде жұртшылық қолынан түспейтін смартфон мен кітаптың «айтысы» да ұйымдастырылды. Бұл «айтыс», әрине, мереке иесі — кітаптың жеңісімен аяқталды.
Кітапқа, оқуға құштарлық — халқымыздың қанында бар қасиет. Астанадағы Ұлттық музей, Алматыдағы Орталықмемлекеттік музей, еліміздегі кітапханалар және басқа да көптеген мәдениет ошақтарында бабаларымыз оқыған сандаған көне кітаптар сақталған. Мысалы, 2022 жылы Орталықмемлекеттік музей ұйымдастырған көне кітаптар мен қолжазбалар көрмесіне алты тілде (қазақ, араб, парсы, т.б.) шыққан кітаптар қойылды. 1871 жылы Қазанда басылған қазақтың «Ер Тарғын» эпосы, ұлы Абайдың 1909 жылы шыққан кітабы Алматыдағы Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар қорында сақтаулы тұр. Сан тілде шыққан кітапты оқып, білім жиған жұрттың ұрпағы екенімізді, «білімді мыңды жығады» деген бабалар аманатын әсте естен шығаруға болмайды. Ұлттық кітап күнінің өз алдына атап өтілуінің түпкі мәні — осында.
Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.