Ойын өткізуге дайын

Орталық стадион
26 сәуір күні «Ақтөбе» командасыөзалаңында «Ұлытауды» қабылдайды.Осы орайда облыс әкімі Асхат Шахаров Қобыланды батыр атындағы орталық стадионға барып, матч алдындағы дайындық жұмыстарын бағамдады.
Облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов стадионның ойын алаңы, жанкүйерлерге арналған орындар, жарықтандыру, дыбыс жүйесі мен қауіпсіздік талаптары жіті назарға алынып, барлық инфрақұрылым футбол ойынына әзір екенін жеткізді.
Сондай-ақ матч кезінде көрермендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті қызметтермен бірлескен іс-шаралар да жоспарланып отыр.
Өңір басшысы «Ақтөбе» футбол клубы жаттығып жүрген Олимпиадалық резервті даярлау орталығының базасында жаттықтырушылар құрамымен және ойыншылармен кездесті. Кездесуде жаттығу барысы, ойыншылардың дайындығы және алдағы маусымдағы жоспарлар туралы айтылды. Сондай-ақ облыс әкімі спорттық инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.
—Қазір көптің көкейінде жаңа стадион қашан салынады деген сұрақ тұр. Біз бұл жоба бойынша алдын ала дайындықты бастап кеттік. Спорт нысаны Алтын Орда шағын ауданында бой көтереді. Жері белгіленді. Жобалық-сметалық құжаттары дайын болған соң, мемлекеттік сараптамаға жолданады. Қазіргі уақытта мамандар құрылысты тез арада бастау үшін жұмыс істеп жатыр. Біз Президент тапсырмасы аясында шетелдік инвестицияларды тарта отырып, осындай нысандардың көптеп салынуына жұмыс істейміз,— деді Асхат Шахаров.
Облыс әкімі командаға сәттілік тілеп, ақтөбелік жанкүйерлердің үміті мен сенімі зор екенін атап өтті.
— Әдетте біз Орталық стадиондағы ойындарды мамыр айында бастайтын едік, міне, биыл бір ай ерте матч өткізгелі отырмыз. Команда алдында үлкен міндеттер тұр. Барлық жағдай жасалды. Дайындықты күшейту керек. Ақтөбе халқы әрқашан өз командасын қолдап келеді. Сіздердің әр ойындарыңыз — жанкүйерлер үшін мереке. Сондықтан бар күш-жігерлеріңізді салып, ел намысын қорғауға дайын болыңыздар. Біз сіздерге сенеміз, әрдайым спортшыларымызға қолдау білдіреміз,— деді өңір басшысы.
Кездесуде ойыншылароблыс әкіміне алғыстарын білдіріп, алдағы матчтарға жоғары дайындықпен шығуға уәде етті.
Өз тілшіміз.