БілімБасты жаңалықтар

Сапалы білімге қадам: жоба мен жоспар

Өңірде 2023-2024 оқу жылының басынан Оқу-ағарту министрі мен Ақтөбе облысы әкімінің бірлескен бұйрығы және Қаулысы негізінде «Цифрлық технологияларды пайдаланып, Ақтөбе облысындағы шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасы жүзеге асырылып келеді. Аталған сала мамандарының айтуынша, бұл жобақалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқартуға, шағын жинақты мектептерде онлайн білім беру технологияларын халықаралық стандарттарға сай қолданысқа енгізуге, тірек және магнитті мектептердің өзара ықпалдаса жұмыс істеуіне ықпал етті.

Өңірдегі 435 мектептің 281-і ауылдық жерде орналасқанын, оның 202-сі шағын жинақты мектептер екенін, пән мұғалімдерінің, материалдық-техникалық базаның жеткіліксіздігін ескерсек, бұл жобаның тұтас облыс үшін, еліміздің білім саласы үшін маңызы зор.

Жақында «Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорының қамқоршылар кеңесінің төрағасы Күләш Шәмшидинова мен білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаеваның қатысуымен өткен жиында аталған жобаның іске асу барысы талқыланды. Облыстық білім басқармасы мен облыстық ғылыми-әдістемелік орталықтың мамандары қатысқан іс-шарада тірек және магнит мектептері мұғалімдерінің өзара тәжірибе алмасуы, кәсіби байланыс орнату, ауылдық мектеп мұғалімдерінің біліктілігін арттыру, қашықтан оқыту мен цифрлық платформаларды қолдану арқылы білім сапасын көтеру бағытында атқарылған істер баяндалып, табысты тәжірибені өзге өңірлерге тарату, әдістемелік қолдауды жетілдіру және шағын жинақты мектептердің тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытындағы ұсыныстар қаралды.

— «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасы шағын жинақты мектептерге цифрлық шешімдерді енгізу арқылы білім беру сапасы мен оқыту тиімділігін арттыруға бағытталған.

Бұл жобаға 134 шағын жинақты, 12 тірек мектеп қатысты. Жобаны жүзеге асыру үшін «Білім саласын тұрақты дамыту» қорының қолдауымен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан 5 миллиард теңге қаражат бөлініп, жобадағы мектептер заманауи құралдармен жабдықталып, материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Сонымен қатар педагогтер әдістемелік қолдауға ие болды.

Әр ауданда бір-бірден 12 тірек мектеп анықталып, оған 3 шағын жинақты ауыл мектебі бекітілді. Тірек мектебі осы магнитті мектепке жан-жақты жетекшілік жасап, бірлесіп жұмыс жасады.

Үкімет тарапынан ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыру мен сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында аталған жобаны масштабтау тапсырмасы берілген-ді. Осыған орай Ақтөбе облысындағы жобаны іске асыру қорытындысы негізінде  «Тірек мектеп» жобасының серіктестерімен бірлесіп жобаны республика көлемінде іске асыру бойынша «Тірек мектебі» жобасын масштабтау механизмі жасалды. 2024 жылы басталған бұл жұмыстар 2026 жылға дейін жүргізілмек. Пилоттық жобаның нәтижелері 2023-2024 оқу жылында талданып, тиімділігі айқындалды. Аталған жоба 2024-2025 оқу жылында Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының 40 мектебінде апробациядан өткізілді. Осы оқу жылында да жұмыстар жалғастырылып жатыр.

Шағын жинақты мектептерді қолдау мақсатында әрі осы бағыттағы жұмысты масштабтау үшін биыл тірек мектептер қатары тағы 12 бірлікке көбейді, оған бекітілген шағын жинақты мектептер саны — 64. Қазір облыс бойынша барлығы 24 тірек және 107 шағын жинақты мектеп цифрлық технологияны, оқу платформаларын тиімді қолдана отырып өзара тәжірибе алмасу, сабақ өткізу мүмкіндіктерін кеңейтуде, — дейді облыстық білім басқармасының басшысы Бұлбұл Күзембаева.

Сала мамандары аталған жобаның бірнеше ерекшелігін атап өтті.

Біріншіден, сапаға қол жеткізіліп отыр: жалпы білім сапасы 4%-дан 11%-ға дейін артты. Білім алушылар қашықтан оқыту әдісін қызығушылықпен қабылдап, теориялық білімдерін практикалық, зертханалық сабақтарда қолдануда белсенді болған.Білім алушылардың компьютермен еркін жұмыс істеуі, яғни цифрлық құзыреттіліктері артқаны байқалды. Сондай-ақ онлайн сабақтар барысында білім алушылар бір-бірімен  пікір алмасып, көпшілік алдында өз ойын ашық жеткізуге үйренді.

Екіншіден, тірек және шағын жинақты мектеп педагогтерінің арасында коллоборация орнады. Ауыл мектептері педагогтерінің ортақ пәндік әдістемелік топтары құрылып, тиімді оқыту әдістерін енгізуге бағытталған бірлескен жұмыстары іске асырылды.

Үшіншіден, педагогтердің сабақта білім беру ресурстарын тиімді пайдалану, оқу материалдарын әзірлеу бағытында тиімді цифрлық қосымшаларды оңтайлы қолдану дағдылары қалыптасып, шыңдалды.

— Стриминг, яғни «Білім ALL» өңірлік жобасы моделі бойынша республикалық жобаға енген 89 және облыстан қосымша 21 шағын жинақты мектеп қамтылды. Оқушыларға облыстағы 18 жетекші мектептің 5 пән бойынша 36 үздік педагогіZOOM платформасы арқылы сабақ берді. Оның ішінде математика пәнінен — 9, физика пәнінен — 6, химия пәнінен — 7, биология пәнінен — 7, ағылшын тілі пәнінен 7 педагог бар. Стриминг сабақтарына барлығы 4069 оқушы (оның ішінде І ауысымда — 3357, ІІ ауысымда — 712) қатысты. 

Сонымен бірге жобаның «Шағын жинақты мектептерде тірек мектебінің сабағы» моделі бойынша 12 жетекші тірек және оларға бекітілген 36 шағын жинақты магниттік мектептер қатысты. Шағын жинақты мектеп оқушыларына математика, физика, химия, биология және ағылшын тілі пәндерінен 129 пән мұғалімі  таңдалды. Оның ішінде тірек мектебінен — 108, мамандардың жетіспеушілігіне байланысты магниттік мектептен 21 мұғалім бар. Барлығы 6-11 сыныптар аралығында 1506 оқушы қамтылды, — дейді Б.Күзембаева.

Жоба аясында «Білім ALL» өңірлік жобасы моделі бойынша шағын жинақты мектептерде аптасына бір рет онлайн сабақ өткізіледі, мамандығы сәйкес келмейтін мұғалімдері бар және әдістемелік көмек қажет ететін шағын жинақты мектептерде тірек мектеп мұғалімдері офлайн, онлайн сабақтар өткізеді, сонымен бірге цифрлық құралдармен жабдықталған шағын жинақты мектептерде тірек мектептердің мұғалімдері, жергілікті мұғалімдер офлайн сабақтар өткізеді.

— Шағын жинақты мектептер «Bilim Media Group», «Bugin Holding»,  «Aman Sultan», «Roqed», «Online Mektep» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері ұсынған платформаларымен танысып, жүктеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда педагогтер алған білімдері бойынша сабаққа тиімді платформаларды қолданып отыр. Жоба аясында «Стриминг», «Шағын жинақты мектептерде тірек мектебінің сабағы» модельдері бойынша өткізілетін сабақтарды бақылаушы 60 педагогтен тұратын жұмыс тобы күнделікті бақылау картасын толтырып отыр. Сабақ үнемі қадағаланып отыр.Онлайн сабақтар «bilimclass» платформасында жүргізілуде, — дейді басқарма басшысы.

Б.Күзембаеваның айтуынша,  жоба негізінде негізгі пәндер бойынша онлайн сабақ беретін мұғалімдерге жергілікті бюджет есебінен15% үстемақы төленіп отыр. Сонымен бірге 12 тірек мектеп пен оларға бекітілген шағын жинақты магниттік мектептерге «Қазақстан халқына» қоры арқылы 5 млрд теңге бөлінді.

— Өткен жылы бұл қаржы материалдық-техникалық базаны жақсартуға бағытталды. 2025 жылы қосымша 700 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, пәндік кабинеттерді жабдықтау жаұмыстары жүргізіліп жатыр. Барлық шаралар Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдігінің тікелей қолдауыменжүзеге асырылып жатыр. Жалпы, пилоттық жоба өз жемісін беріп отыр: шағын жинақты мектептерде білім сапасы 4 пайыздан 11 пайызға дейін артты. Жоба барысын облыстық білім басқармасы жүйелі түрде талдап, мониторинг жүргізіп отыр, — деді ол.

Қашықтан сабақ өткізу үшін интернеттің болуы, оның жылдамдығы маңызды рөл атқаратыны белгілі. Бұл ретте облыстағы барлық мектеп 100 пайыз интернетпен қамтылған. Б.Күзембаеваның айтуынша, интернет жылдамдығын арттыру үшін ең әлсіз 45 мектепке Starlink жүйесі орнатылған, бұл мектептерде интернет жылдамдығы 50 Мбит/сек және одан жоғары. Бүгінде барлық мектептермен интернет жылдамдығын 50-100 Мбит/сек жылдамдықпен қамтамасыз ету жөнінде келісімшарт жасалған.

«Білім беру саласын тұрақты дамыту» қорының қамқоршылар кеңесінің төрағасы Күләш Шәмшидинова Ақтөбеге сапарында Байғанин ауданынындағы тірекмектебі— Т.ЖармағамбетоватындағыортамектебініңбазасыменжәнемагнитмектептерініңбіріКөкбұлақортамектебініңжұмысыментанысып, ондағыбілімсапасынатигізертұстарынатоқталды. Сонымен бірге тірек және шағын жинақты мектеп басшыларымен онлайн форматта кездесу өткізіліп, «Цифрлық технологияларды пайдаланып Ақтөбе облысындағы шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту»  жобасын оңтайлы жүзеге асыру және жалғастыру бойынша ұсынымдар әзірленді.Ең алдымен,облыс деңгейінде әр пән бойынша тиімді онлайн платформалар тізімі жасақталып, қашықтан оқыту технологияларын жүйелі пайдалану жалғасуға тиіс екендігі айтылды. Сонымен қатар білім алушылардың үлгерімі мен оқыту процесіне қанағаттану деңгейі тұрақты түрде бақылауда болып, сабақ сапасына қатысты педагогтермен кері байланыс орнату тәжірибеге енуі қажет.

— Тірек мектептер мен шағын жинақты мектептер арасындағы өзара әрекет, ынталандыру және қолдау тетіктері де маңызды. Мұғалімдердің кәсіби бірлестіктерін қалыптастырып, бірлескен әдістемелік жұмыстар арқылы білім сапасын көтеру көзделіп отыр. Бұл орайда, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетімен бірлесіп, оқушылардың білім сапасына мониторинг жүргізу қарастырылып отыр. Тәжірибе алмасу мақсатында тірек мектептердің табысты тәжірибелерін тарату үшін Педагогикалық шеберлік орталығы, Назарбаев Зияткерлік мектебімен біргекөшпелі семинарлар ұйымдастырылуы қажет. Сондай-ақ ата-аналар мен оқушылардың пікірін ескеріп, қашықтан оқытудың тиімділігін бағалау жүйесін қалыптастыру маңызды. Ата-аналарға да балаларын оқыту барысында қолдау көрсету жолдары туралы үнемі ақпарат беріліп отыруы қажет. Осы бағыттағы кешенді жұмыстар ауыл мектептеріндегі қашықтан оқытудың тиімділігін арттырып, сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз етеді, — дейді басқарма басшысы.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button