БілімБасты жаңалықтар

Ақтөбедегі алғашқы жайлы мектеп

Биыл облыста жыл соңына дейін 12 жайлы мектеп пайдалануға беріледі. Білім беру саласындағы «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы апатты мектептерді, үш ауысымдық оқытуды және орта білім беру ұйымдарындағы оқушы орындарының тапшылығын жоюға бағытталған. Жуырда аталған жоба аясында Ақтөбе қаласының Есет батыр тұрғын алабындағы 3-шағын ауданда 2000 балаға шақталған №82 жалпы білім беретін орта мектеп бой көтерген-ді. Мұнда балалардың жан-жақты дамуына барлық жағдай жасалған. Аталған мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Абзал Тәжімішевтің айтуынша, жаңадан салынған мектептер аймақта үш ауысымды, апатты мектептердің мәселесін толығымен жояды.

«Біздерде мынадай бар…»

Мемлекет басшысы Жолдауында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Жоба аясында елімізде биылғы жылдың соңына дейін 460 мың орындық 217 заманауи мектептің құрылысы жоспарланған, оның ішінде 105 мектеп 2024 жылы салынды.

Абзал Тәжімішевтің айтуынша,  «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, заманауи талаптарға сай келетін тегін білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Мектептердің құрылысы Президент тапсырмасы және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында қолға алынды. Жақында Есет батыр тұрғын алабында ашылған «Жайлы мектеп» жобасының тағы бір жемісі — №82 жалпы білім беретін орта мектеп іске кірісті. Зәулім ғимаратта 55 оқу кабинеті бар. Соның 28-і — бастауыш, 7-еуі — мектепалды даярлық тобы, 20-сы —  оқу, 14-і ағылшын кабинеті болса, STEM-зертхана, робототехника, тігін кабинеттері де жасақталған. Сонымен қатар мұнда жалпы аумағы 600 шаршы метрлік екі спортзалы және басқа да кабинеттер бар. Ғимарат 2 мың оқушыға шақталған. Бүгінде мектепте 1856 оқушы білім алып жатыр.  Мұндағы оқу блоктары ғылым, технология, инженерия және математика пәндерін тереңдетіп оқытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 440 балаға арналған асхана да жұмыс істейді. Оқу кабинеттерінен бөлек, мектеп заманауи кітапхана, оқу залы, коворкинг-аймақтар және балалардың белсенді демалуына арналған ойын алаңдарымен қамтылған. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы кабинеттер мен қолжетімді орта жасалды, — дейді ол.

 

Кабинет көп, кадр аз…

Мұнда оқушылардың өз деңгейінде білім алуы үшін жайлы жағдай жасау, қажетті мамандарды тарту, оларды буллингтен қорғау мақсатында түрлі жобалар қолға алынып жатыр. Мектепте кадр мәселесі әлі толық шешілмеген.

— Қазір мектепте 120-дан астам маман жұмыс істейді. Конкурс бойынша мұғалімдер қызметке алынып жатыр. 2025-2026 оқу жылында 500-ге жуық оқушы мектеп табалдырығын аттайды. Соған дейін мектептегі кадр мәселесін шешуге тиіспіз, — деді ол. 

Заманауи мектептің ерекшелігі — мұнда Smart есіктер арнайы карточка арқылы ашылады. Дабыл жүйесі іске қосылған жағдайда есіктер автоматты түрде ашылып, оқушылар қосалқы апаттық есіктер арқылы сыртқа эвакуацияланады. Алдағы уақытта оқушылар мектепке Smart карта арқылы кіретін болады. Бұл — оқушылардың қауіпсіздігін бақылауға арналған пилоттық жоба.

— Жаңа оқу жылында факультатив сабақтары мектеп бағдарламасына енгізіліп, оқушылар зияткерлік ойын түрлері бойынша жаттығады. Сондақ-ақ жоғары сынып оқушыларына кәсіптік бағдар беру мақсатында заңгер кеңесі кабинеті өз жұмысын бастайды. Бұл кабинеттегі мамандар кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында түрлі іс-шаралар өткізіп, жоғары сынып оқушыларымен болашақ мамандықты дұрыс таңдаудың маңыздылығы туралы түсіндірме жұмыстарын ұйымдастырады, — дейді Абзал Амантайұлы.

STEM-зертхана — ғылымға бастайтын қадам

Кабинеттерді аралап жүріп, мектептің мұғалімдерін де көрдік. Солардың бірі — информатика пәнінің мұғалімі Жаналы Мақат.

— Жаңадан ашылған STEM-зертхана кабинеті мектепке барлық жастағы балаларды ғылым мен технологияға қызықтыруға көмектеседі. Бұл зертхана оқушыларды математика, инженерия, технология және жаратылыстану ғылымдары бойынша білімдерін кеңейтуге шабыттандыратын оқу аймақтарын ұйымдастырады. Мұнда пластик және ағаш өңдеу білдектері, 3D-принтерлер мен зертханалық микроскоптар бар. Бұрын балалар ағашты аралап, қолмен кесетін болса, қазір олар кез келген бұйымның нобайын компьютерде сызып алып, лазер аппаратының көмегімен кесе алады. Алдағы уақытта робототехника кабинетінің жұмысын жандандырғымыз келеді. Бүгінде мұндағы педагогтер құрамы заманауи жабдықтардың нұсқаулығымен танысып, робот құрастырудың жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеріп жатыр. Құпияға толы бұл сала балаларды төзімділікке, әр ісіне тиянақтылықпен қарауға, икемділікке үйретеді. Роботтар мен дронды құрастыруды оқушыларға үйретіп қоймай, олардың шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік бергіміз келеді. Бұл  үйірме  оқушылардың бос уақытын пайдалы да көңілді өткізетін орынға айналады деген сенімім мол, — дейді педагог.

Бір сөзбен айтқанда, мектепте оқушылардың бәсекеге қабілетті, білімді болуы жолында іргелі істер атқарылып жатыр. Білім беру сапасын дамытудың бірден-бір жолы — өнер, ғылым, техникаға бет бұру. Мектеп мұғалімдері шәкірттерді осы бағытта тәрбиелеуде. Мұнда оқушылар бос уақытын тиімді ұйымдастырып, қалаған үйірмесіне бара алады.

«Жаңа мектепке ауыстым…»

Бүгінде аталған мектепке Қызылжар ауылынан 1000-ға жуық оқушы ауысып келген. Солардың бірі — Айзере Сағынбаева.

— Мектептің материалдық-техникалық базасы жоғары деңгейде. Төрт қабатты ғимаратта оқу кабинеттері барлық қажетті құрылғымен жабдықталған. Екі жылдан соң қолыма аттестат аламын. Бүгінде мұнда ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық басталып кетті. Өзім мәнерлеп оқу байқауларының жеңімпазымын. Алдағы уақытта мұндағы ұстаздарымның үмітін ақтап, жоғары оқу орнына грантқа оқуға түскім келеді, — дейді ол.

Ал аталған мектептің 10-сынып оқушысы Мейірбек Құдайбергенов робототехника саласын еркін меңгерсек, жаңа технологияларды дамыта аламыз деген ойын айтты.

Бұрын №78 мектеп-гимназиясында оқыдым. Өзім осы ауданда тұратындықтан, бауырларыммен бірге жаңа мектепке ауыстым. Мұнда робототехника саласына ерекше мән берілген. Енді оқушылар өз қолымен пайдалы роботтар құрастыра алады. Спорттағы жетістіктерім де баршылық. Мектептен тыс таеквандо, волейбол үйірмелеріне барамын. Таеквандодан қызыл, қара белдік иесімін. Жақында волейболдан үздік шабуылшы атандым. Ендігі мақсатым — мектепішілік жарыстарда топ жару, — дейді ол.

P.S. «Жайлы мектеп» жобасы білім алушылар мен педагогтерге қауіпсіз және қолайлы жағдай жасауды көздейді. Бір қуантарлығы, ашылғанына бір айдың жүзі болған мектепте спорттық жарыстарға жіті мән беріледі. Мәселен, 13-17 сәуір аралығында 2012-2013 жылғы жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен Қостанайда өткен республикалық турнирде аталған мектептің оқушылары 30 келі салмақта сынға түскен-ді. 300-ге жуық палуан қатысқан жарыста Аманжол Ертөре алтынды қанжығаласа, күміс жүлдені Абат Санжар иеленді. Іргелі оқу ордасы алдағы уақытта да ақжолтай жаңалықтарымен қуантады деген сенімдеміз.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button