Мыңбұлақтағы мыңғырған мал

Бауыржан Қарамолдиев — «Ақпан» шаруа қожалығының басшысы. Хромтау ауданы Қопа селолық округінде орналасқан бұл қожалық бүгінде асылтұқымды жылқы өсірумен тұрақты айналысатын табысты шаруашылықтардың бірі. Аймақта мұғалжар жылқысын көбейтуге үлес қосып отырған кәсіпкермен шаруашылықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында сөйлескен едік…
17 биеден басталған бизнес
— Бала күнімнен жылқыны жақсы көретінмін. Мектеп бітіргенше аттың үстінен түспедім. Кейін жоғары білім алып, еңбекке араластық. Бір қызығы, қырыққа таяған шағымда бұрынғыдай жылқыға қызыға бастадым. Міне, содан бері осы шаруашылықтың тізгінін ұстап келемін. Жалпы, бұл кәсіпке келуімнің өзі қызық болды, — деп басталды кейіпкеріммен арадағы әңгіме.
2015 жылдың күзінде Бауыржан Қарамолдиев демалыс күндері мал базарын аралап, сатылымға шығарылған жылқыларды тамашалап жүреді. Бір күні Әйтеке би ауданының Ұлғайсын ауылынан әкелінген 60-қа жуық жылқы көзіне түседі. Дені — сауын биелер. Дегенмен жылқылар әлсіз, арық, жүдеген күйде еді. Иесі малшы таппай, базарға тапсырған көрінеді. Бірақ олардың ішінде жорғалары көп болғаны кейіпкеріміздің қызығушылығын оятады.
Араға екі апта салып қайта барғанда, әлгі жылқылар сол күйі базарда тұрғанымен, біршама оңалып қалған. Сатушы мал базарында бағып, жемдеп жатса керек.
— Сол күні мен шын мәнінде көлік алуға келгенмін. Қолымда 4-5 миллион теңгедей қаражат бар еді. Бірақ ойым сан-саққа жүгіріп, мал базарынан бір-ақ шықтым. Сөйтіп, ойланбастан сол ақшамаәлгі жылқылардың ішінен 17 сауын биені таңдап тұрып сатып алдым. Бұл— қазан айы болатын, — дейді ол.
Сатушымен келісіп, жылқылар наурыз айына дейін сол мал базары ауласында бағылады. Жем шөбінің ақысын да алдын ала төлеп, жылқыларын қыс бойы күттіріп қояды. Ол үшін де қосымша ақы төлеп отырыпты. Осылайша алғаш рет тәуекелге барып, жылқы өсіруді қолға алған кәсіпкердің бұл қадамы кейін үлкен шаруашылыққа айналады.
«Ақпанның» алғашқы қадамы
Бүгінде «Ақпан» шаруа қожалығы аймақтағы асылтұқымды жылқы өсіретін үлгілі шаруашылықтардың бірі. Қожалық иесі жылқы өсіріп қана қоймай, ұлттық дәстүрді ұлықтап жүрген азаматтардың бірі.
— Жылқы шаруашылығына бет бұруым бір сәттік шешім емес, жалпы өмірдің өзі жетелеген жол болды. Осы шаруашылықты құрудағы алғашқы қадам межеленген уақытта мал базарындағы жылқыларды қалаға алып келуден басталды. Бау-бақша ұжымындағы тұрғын үйлердің ортасында қалған 20 сотық жерімді қоршап, 17 биені әкелдім. Биелерім шетінен құлындап, төлі де көбейді. Бастапқыда сол маңдағы балалар мәз-мейрам, құлыншақтарға қарап шаттанып жүрді. Көршілер де қызығушылық танытып, келіп-кететін. Басында саумал ішіп, денсаулығымызды жақсартуды көздедік. Сауыншы да табыла кетті. Уақыт өте келе, саумал мен қымызға сұраныс артып, таныстар, көршілер, тіпті науқастанып жүрген адамдар келіп сұрай бастады. Айналамызға пайдалы іс жасағаныма іштей марқайып та жүрдім.Бірақ жаз шыға жылқының табиғи иісі аймаққа жайылып, иіс пен дыбыс көршілерге қолайсыздық тудыра бастады. Шағым көбейді. Қала ішінде мал ұстаудың уақытша ғана шешім екенін сонда барып түсіндім. Содан бір кездері көшім тұқымды айғыр сатып алған Мұрат Сәтмағамбетов ағамызға хабарластым. Себебі ол кісі бұған дейін маған өзінің Қопа жақтағы шаруашылығына жылқыларымды көшіруге ұсыныс білдіріп жүрген еді. Бұл — қалаға шамамен 250 шақырым жер. Алайда бір жағы Мұғалжар тауларына барып тірелетін, кең далалы, шөбі шүйгін, суы мол аймақ. Ертеде Жағалбайлы елі жылқы өсірген, аңызға айналған мекен екен. «Сұрасаң руымды — Жағалбайлы, Жылқысынкөптігінен баға алмайды» дегенсөз осыдан қалса керек.Осылайша 17 биені жаңа қонысқа көшіріп, шаруашылықты біржола бастауға бел будым. Мұрат ағаның жылқы шаруашылығыӘйтеке би ауданының Ақкөл ауылына тіркелген «Қонысбай» қожалығында. Кезінде ол кісі Қопадағы отты жерден «Ақпан» шаруа қожалығын ашқанмен, бұл маңда іс жүргізбеген. Жер көлемі — 12 мың гектар. Содан күтпеген жерден бұл шаруашылық менің иелігіме өтіп, құжаттарын түгендеп, заңды түрде өз атыма аудардым, — дейді кәсіпкер.
Мұғалжар жылқысы — төзімді тұқым
Атырау облысының Сағыз стансасында өмірге келген Бауыржан Қарамолдиевтің мамандығы — инженер-механик.Институтты бітірген жас маман еңбек жолын 1996 жылы Ақтөбеден бастайды. Содан Ақтөбені тұрақтап қалған ол бүгінде мұнайлы өлкенің кен орындарының бірінде жауапты қызмет те атқарады. Қазір осы салада бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған кейіпкеріміз ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері үшін мемлекеттен берілетін қолдауға да ие болған.
«Ақпан» шаруа қожалығын жүргізу үшін кәсіпкер алдымен «Құлан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша екі рет несие алады. 2016 жылы 17 миллион теңге, тура бір жылдан соң 16 миллион теңге көлемінде алған қаржыға әуелі екі үйір жылқы сатып алады.
— Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде асылтұқымды мұғалжар жылқысының санын көбейтуді мақсат еттік. Етті бағыттағы жылқының бұл тұқымының ерекшелігі — оның суыққа төзімділігі мен жазғы ыстыққа шыдамдылығы.Мұғалжар жылқысы — өңірімізден түлеген асылтұқымды мал. Бұл — күтімді онша қажет етпейтін және етті бағыттағы өнімділігімен де ерекшеленеді. Ең бастысы, өлкеміздің қатаң климатына бейімделген, жыл он екі ай жайылымда бағыла беретін сирек тұқымдардың бірі. Салыстырмалы түрде айтсақ, мұғалжар жылқысының дене тұрқы ірі, сүйегі мықты, бұлшық еті жақсы дамиды. Бұл жылқының етінің сапасы өте жоғары, салмағы да едәуір болады. Мәселен, биелерінің таза салмағы 350-400 келі тартса, аталығының салмағы 570-600 келіге дейін жетеді. Салыстырмалы түрде айтқанда, қазақы жылқылар 200-210 келі ғана ет береді. Сол себепті ауыл шаруашылығы саласында, әсіресе ет өндірісінде жылқының бұл тұқымы үлкен сұранысқа ие, — дейді кәсіпкер.
Жабағысы — 700 мың, жалақысы — 200 мың
Бүгінде аталған шаруашылықта осы асылтұқымды жылқылар өсіріліп, олардың төлдері сатылады. Қазіргі таңда бұл жылқылардың жабағысы 700 мың теңгеге бағаланады. Жылқы тұқымының бағасы мен сапасының жоғары болуы шаруашылықтың табыстылығын арттырып қана қоймай, оның болашағына деген сенімділікті нығайтады.
Қожалық иесінің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласында кәсіп ететіндер үшін қиындықтар көп кездеседі. Соның бірі — малшыларды тұрақты жұмысқа алу мәселесі. Қазір бұл шаруа қожалығында екі малшы отбасымен тұрақты жұмыс істейді. Әр малшыға ай сайын 200 мың теңге жалақы төленеді.
— Жылқы — түздің малы. Қыста шаруашылықта жұмыс жасау үшін арнайы техника мен құрылғылар қажет. Әсіресе қарда жүретін жәнежол талғамайтын көліктер керек. GPS құрылғылары аса маңызды. Бұл құрылғылар әр үйірдегі жылқыға қажет. Сонымен бірге қасқыр мен жабайы иттерден қорғау үшін аңшылармен келісімдер жасалады. Сондықтан шаруашылықты тек жеке адамның күш-қайратымен ғана жүргізу мүмкін емес. Бұл саланы дамыту үшін үкімет тарапынан көбірек қолдау қажет. Қазіргі таңда жылқы өнімінің халықаралық нарыққа шығуына көптеген кедергі бар. Сондықтан да біз әзірге ішкі нарыққа ғана қызмет көрсетіп келеміз, — дейді Бауыржан Қарамолдиев.
Кәсіпкер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтыңжылқы шаруашылығы институтын құру туралы тапсырмасының еліміз үшін маңызды жаңалық екенін айтады. «Президентіміздің бұл тапсырмасы ұлттық мұрамызды сақтап, мал шаруашылығын дамыту және ауыл шаруашылығы ғылымын ілгерілету жолындағы нақты қадам болмақ», — дейді ол.
P.S. Бүгінде Қопаның Мыңбұлақ жерінде мал өсіріп, шаруашылық жүргізіп отырған Бауыржан Қарамолдиев бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де сезінеді. Кәсіпкер Қопадағы аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіп отырады. Әсіресе оқу жылы басталар тұста «Мектепке жол» республикалық акциясына белсенді қатысып жүр.
Арайлым НҰРБАЕВА.