Қоқыс жинап жарысты


Шалқар көлі жағалауында аудандық жастар ресурстық орталығы және білім бөлімінің ұйымдастыруымен қоқыс жинаудан жарыс өтті.
«Taza Alem» жалпы ұлттық жобасы аясында қолға алынған «Таза жағажай» тазалық шарасына аудан орталығындағы 9 білім беру ұйымы мен колледж, емхана жанынан құрылған еріктілер тобы қатысты.
Шалқар көлі маңайынан ерте көктемнен жер теуіп, кетпен-күрегін қимылдатқан жанға ырзық-несібесі наяған емес. Биыл да көктемгі қар суымен халық ырысына айналған көл кемеріне келген. Көл жиегіндегі «Солдат» жағажайына тазалық сенбіліктері жиі өткізіледі. Қолға алынған «Таза жағажай» шарасының осы жерден басталуы жалынды жастардың айдын көлге деген жанашырлығының бір көрінісі еді.
Аталған экологиялық акцияның шарты бойынша еріктілер 11 командаға бөлініп, өзара бәсекеге түсті. Ұйымдастырушылар оларға алдымен уақытты ұтымды пайдаланып, қоқыс жинаудың тиімді жолдарын түсіндіріп, әр топқа 10 қаптан үлестірді. Жағажайда жүгіріп жүріп көзге ілінген қоқысты қапшықтарына сала бастаған жастар бір демде суға түсетін аумақтың тазалығын ретке келтірді.
Қорытындысында жастардың қаптарды толтырып қоқыс жинауына, оған бәрінің жұмыла кірісуіне айрықша мән берілді. Нәтижесінде Ә.Жангелдин атындағы орта мектебі жанынан құрылған «Жаңа толқын» волонтерлік тобы I орынға лайықты деп танылып, аудан әкімі Жанболат Жидехановтың дипломы мен арнайы сыйлығын иеленді. II орынды аудандық аурухананың «Саулық», III орынды Шалқар көпсалалы колледжінің «Қамқор» волонтерлік топтары жеңіп алды. Қалған барлық қатысушыға аудан әкімінің Алғыс хаттары берілді.
—Бүгінгі шара өте әсерлі болды, бір жағынан, біз жұмыла кіріскен істің жеңіл болатынын сезіндік. Барлығымыз алдымен бір қапты толтырып, сосын келесісін қолға алып, сөйтіп, уақытты ұтымды пайдаланып, алға шықтық. Сыйлыққа түрлі түсті принтер алдық, қуанышымызда шек жоқ, — дейді алғашқы орынға шыққан «Жаңа толқын» еріктілер тобының жетекшісі Нұрайым Қойшыбаева.
Жүлдегерлерге марапаттарды салтанатты табыстау рәсімінде қала әкімінің орынбасары Ертай Құдайсүгіров пен аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Айбек Ембергенов тазалық сайысына қатысқан барлық еріктілер тобына ризашылығын білдіріп, осындай ел игілігіне ортақ істерде әрдайым алдыңғы лектен көрініп, бәсекеге бейім болуға шақырып жастарды одан әрі жігерлендірді.
—Бүгінгі іс-шарамыздың мақсаты—тұрғындар арасында экологиялық белсенділікті дамыту және кеңінен насихаттау. Біздің жастар бірнеше сағаттың ішінде 100-дің үстіндегі қапшықты қоқысқа толтырды. Алда да жастар белсенділігін арттыратын осындай тазалық акцияларын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Олардың бүгінгі жасаған игілігі— өскелең буынға үлгі, ал қоршаған ортаға немкетті қарайтындарға сабақ болуға тиіс, — дейді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Айбек Ембергенов.
Мұхтар МЫРЗАЛИН,
Шалқар ауданы.



