Спорт

Төртінші орынға түсіп қалдық

Премьер-Лига

«Тобыл»-«Ақтөбе» — 2:0

19-20 сәуір күндері 5-тур ойындары өтті.

Қызылордада өткен ойында «Қайрат» жеңіске жете алмады. Тіпті гол да соға алмады.

Сырт алаңда «Астана» да тең ойнауға мәжбүр болды.

Оның есесіне сырт алаңда «Оқжетпес» пен «Елімай» жеңіске жетті.

Бұл турда «Ордабасы» командасы ғана өз алаңында қарсыласынан басым түсті.

«Жеңіс», «Жетісу», «Қайсар», «Ұлытау» командалары чемпионат басталғалы әлі бірде-бір ұтысқа қол жеткізе алмай келеді.

*   *   *

Бұл турда «Ақтөбе» сырт алаңда «Тобылмен» кездесті.

«Ұлытау» мен «Оқжетпесті» жеңіп, «Жеңіс» және «Елімаймен» тең ойнаған қостанайлықтар үшін бұл кездесу үлкен сын еді. Ал өткен жылғы маусымда бұлардан екі ретте де жеңілген (3:4; 0:3) «Ақтөбеге» биыл есе қайырудан басқа жол қалмаған сияқты еді. «Тобыл» сыннан жақсы бағамен өтті, «Ақтөбе» есе қайыра алмады.

«Ақтөбенің» «Тобылға» тағы да тісі батпады. Бұған дейін қарсыластар қақпасына екі рет 4 голдан соққан жерлестеріміз бұл жолы бір гол да соға алмай пұшайман болды.

Ойын бірден-ақ қарқынды басталды. Әсіресе өз алаңында жүрген «Тобыл» негізінен шабуылға ден қойды. Үсті-үстіне соққылар жасалып жатты. Біздің қақпашымызға ойынға жиі араласуға тура келді. Бірде допты қақпашы қақшып түседі, бірде доп айдалаға ұшып кетеді. Тіпті Ислам Чесноков 100 пайыз мүмкіндікті пайдалана алмай қалды. Дегенмен аңдыған алмай қоя ма? Үзіліс таяған сәтте Асхат Тағыберген оң қапталда зулап келе жатқан Марко Вукчевичке тамаша пас тастады да, айып алаңының ішіне кірген Марко оңдырмай соққы жасады. Сол маңда жүрген не Ыдырыс Умаев, не Бағдат Қайыров бөгет бола алмады. Қақпашымыз Андрей Влад та бұл жолы қарсы ештеңе жасай алмай қалды — 0:1.

Екінші таймда, әрине, ақтөбеліктер есе қайыруға тырысып бақты. Бірақ тынымсыз қимылдаған Ыдырыс Умаев та, алаңға екінші таймда шыққан Жан Жайро да өз мүмкіндіктерін тиімді пайдалана алмады. Ал қостанайлықтар есепті ұлғайтуды ғана ойлады. Ақыры сол ойларына жетті де. 79-минутта бұған дейін бірнеше рет өкініп қалған Ислам Чесноков аяғына келе қалған допты сырғыта жүріп, өзіне ыңғайлап алды да, кенеттен еңірете соққы жасады. Қақпаның маңдайшасынан сәл төмен ұшқан допты Влад қақшып түспек болып еді, бірақ үлгермеді, ауа қармап қалды — 0:2.

Осылайша екі таймда екі гол соққан «Тобыл» таза жеңіске жетті. Ал «Ақтөбе» турнир кестесінде екінші орынды тастап шығып, төртінші орынға сырғуға мәжбүр болды. Атырауға командамызды қолдап-қолпаштауға барған жанкүйерлеріміздің үміті ақталмады.

Кездесуден кейінгі сұхбатта ақтөбелік бапкер Игорь Леонов футбол алаңының көңілдегідей болмағанын, бұл футболшыларға қолайсыздық туғызғанын айта келе, төрешілерге қатысты екіұштылау ойлар білдірді, ал қостанайлық бапкер Нұрбол Жұмасқалиев өз жігіттеріне риза болғанын, ал төрешілердің іс-әрекетіне баға беруге хұқы жоқтығын қадап айтты.

«Тобыл»-«Ақтөбе» — 0:2

Гол авторлары: Марко Вукчевич 45+1 минут (1:0), Ислам Чесноков 79-минут (2:0).

Ескерту қағазы көрсетілгендер: Асхат Тағыберген, 30-минут («Тобыл»), Риливан Рабиу, 30-минут, Амаду Думбия, 43-минут, Уче Агбо 65-минут, Жайро Жан, 74-минут.

«Ақтөбе» төмендегі құрамда ойнады: Андрей Влад (қақпашы), Әлібек Қасым (капитан), Неманья Анджелкович, Габи Кики, Бағдат Қайыров (Оралхан Өміртаев, 51-минут), Уче Агбо, Риливан Рабиу, Еркебұлан Сейдахмет (Жан Жайро, 46-минут), ​​Амаду Думбия, Ыдырыс Умаев, Фредди Гондола (Джордже Ивкович, 81-минут).

Резервте болғандар: Игорь Трофимец (қақпашы), Лев Скворцов, ​Саят Жұмағали, Әділхан Таңжарықов​, Айбар Абдулла.

Бас бапкер: Игорь Леонов.

19 сәуір 2025 жыл. Қостанай қаласы, «Тобыл Арена» стадионы.

*   *   *

Басқа кездесулер:

«Атырау»-«Қызылжар» — 1:2

«Ұлытау»-«Оқжетпес» — 0:1

«Жеңіс»-«Елімай» — 0:1

«Қайсар»-«Қайрат» — 0:0

«Тұран»-«Астана» — 1:1

«Ордабасы»-«Жетісу» — 1:0

*   *   *

Біздің мергендеріміз:

Дархан Бердібек, жартылай қорғаушы — 2;

Неманья Анджелкович, қорғаушы — 1;

Еркебұлан Сейдахмет, жартылай қорғаушы — 1;

Уче Агбо, жартылай қорғаушы — 1;

Джордже Ивкович, шабуылшы — 1;

Бағдат Қайыров, қорғаушы 1;

Ыдырыс Умаев, шабуылшы — 1;

Оралхан Өміртаев, шабуылшы — 1;

(Бір допты атыраулық Гильерме Мораиш өз қақпасына соғып алды).

*   *   *

Жерлестеріміз 5 кездесу өткізіп, 3 рет жеңді, 1 рет тең ойнады, 1 рет ұтылды. Ұпай саны — 10. Доп айырмашылығы — 10-4.

*   *   *

5-турдан соң командалар турнир кестесінде жинаған ұпайларына қарай төмендегіше орналасты:

  1. «Қайрат» — 14;
  2. «Астана» — 11;
  3. «Тобыл» — 11;
  4. «Ақтөбе» — 10;
  5. «Елімай» — 10;
  6. «Тұран» — 7;
  7. «Оқжетпес» — 7;
  8. «Қызылжар» — 5;
  9. «Ордабасы» — 5;
  10. «Жеңіс» — 4;
  11. «Жетісу» — 3;
  12. «Қайсар» — 3;
  13. «Атырау» — 3;
  14. «Ұлытау» — 2.

Р.S. «Қайрат» пен «Атыраудың» басқалардан бір кездесуі артық өткенін еске саламыз. Бұлар 16-тур кездесуін алдын ала өткізіп, 16 сәуір күні алматылықтар өз алаңында «Атырау» командасын 4:0 есебімен ұтқан болатын

*   *   *

6-тур ойындары:

26 сәуір, сенбі:

«Оқжетпес» — «Жеңіс»

«АҚТӨБЕ» — «ҰЛЫТАУ»

«Жетісу» — «Елімай»

«Астана» — «Атырау»

27 сәуір, жексенбі:

«Қызылжар» — «Қайсар»

«Қайрат» — «Тобыл»

«Ордабасы» — «Тұран»

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button