Асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту: облыс әкімі «Берік АБ» шаруашылығында болды

Әйтеке би ауданына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Аралтоғай ауылдық округінде болып, ауданның ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі – «Берік АБ»ЖШС-нің қызметімен танысты. 2013 жылы Берік Аяпов негізін қалаған шаруашылық асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізіп отыр.
Бүгінгі таңда серіктестік 19 мың гектардан астам ауылшаруашылығы жерін пайдаланып отыр. Шаруашылықта 10 адам жұмыс істейді. Негізгі бағыт – асылтұқымды ірі қара мен ұсақ мал, сондай-ақ жылқыларды өсіру. Жалпы 1596 бас асылтұқымды ІҚМ, 3114 бас ұсақ мал және 1425 жылқы бар. 2018-2019 жылдары қазақтың ақбас ірі қара малының 100 басы, ал 2022 жылы герефорд тұқымының 100 басы және Мұғалжар жылқы тұқымының 1100 – ден астам басы сатып алынды. Қожалық 5 трактор, 2 тіркеме, жеңіл автомобильдер және басқа да замануи техникалармен жабдықталған.
Облыс әкімінің шаруашылықты аралап, қожалық басшысымен әңгімелесті және мұндай кәсіпорындардың өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығы үшін маңызы зор екенін алға тартты. Асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту – елдің аграрлық саясатындағы басымдықтардың бірі.
«Берік АБ» шаруа қожалығы – техника мен мал басына ғана емес, адамдарға да инвестиция сала отырып, ауылда тиімді өндірісті құрудың озық үлгісін көрсетіп отыр. Мұнда асылтұқымды база сәтті дамып, жұмыс орындары құрылуда. Мұқтаж жандарға да көмек көрсетіледі. Бұл – бизнестің нақты әлеуметтік жауапкершілігі», – деп атап өтті өңір басшысы.
Д.АЙДАР.







