Басты жаңалықтар

Ашық диалог және кәсіпкерлер құқығы

Кездесу

Аймақ  басшысы Асхат Шахаров пен облыс прокуроры Марат Әбішев жергілікті кәсіпкерлермен, инвесторлармен кездесті. Кездесуге құқық қорғау және қадағалау органдарының басшылары, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, сондай-ақ кәсіпкерлер қатысты. Ашық диалог барысында кәсіпкерлерді  толғандыратын өзекті мәселелер қаралды.

Облыс әкімі өз сөзінде билік пен бизнестің өзара іс-қимылының маңызын атап өтті. Шағын және орта бизнесті дамыту, сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру  бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

— Біз әрқашан бизнес-қоғамдастықпен диалогқа дайынбыз. Ел Президенті инвестициялар тарту, кәсіпкерлікті дамыту және әкімшілік кедергілерді жоюға басымдық берді. Өз тарапымыздан әрбір инвестор мен кәсіпкердің барлық деңгейде қолдауды сезінуі үшін жұмыс істейміз. Сіздерді тыңдап,  шешімдерді бірлесе табу өте маңызды. Тек бірлесіп әрекет ету арқылы  біз өңір экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ете аламыз. Сондай-ақ өндірістік жүктемесі төмен отандық тауарөндірушілерді қолдау, кәсіптерін алға жылжыту жөніндегі жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдадық. Бұл бізге экономикаға жаңа резервтерді тартуға және жергілікті бизнесті қолдауға мүмкіндік береді, — деді облыс басшысы.

Асхат Шахаров биыл шағын және орта бизнесті қолдауға 12,5 миллиард  теңге бөлінгенін айтты. Сондай-ақ әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша бірқатар іс-шара іске асырылып жатыр. Бұл бағытта 35 субъект тіркелген. Бұдан бөлек Ақтөбе қаласында «Өркен-2» өңірлік жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы басталады. Жобаны іске асыруға 1 миллиард теңге қарастырылған.

Кездесу барысында кәсіпкерлер әуежай аумағында жұмысын бастаған арнайы экономикалық аймақ бойынша ақпарат алды.Облыс прокуратурасы 3-ші басқармасының бастығы Асланбек Сәбитов бизнестегілердің құқығын қорғау туралы мәліметпен бөлісті.

Жыл басынан бері прокурорлар 200-ден астам кәсіпкермен кездесу өткізген. Қадағалау іс-шараларының нәтижесінде 315 кәсіпкердің құқығы қорғалды, 35 дерек бойынша прокурорлық ден қою актілері жасалды, 14 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 8 адамға тәртіптік жаза тағайындалды. Сонымен қоса тарифтерді қайта қарау бойынша 21 инвестордың құқығы қорғалған.

Облыс прокуроры Марат Әбішев заңдылықты қамтамасыз ету және бизнес құқықтарын қорғау қадағалау органдарының жұмысындағы басты талап екенін тілге тиек етті.

— Жыл басынан бері кәсіпкерлермен 200-ден астам кездесу өткіздік және әрбір диалог бұл бизнестің нақты проблемаларын естіп, оларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Біз өзара іс-қимылға әрқашан дайынбыз және кәсіпкерлерді тікелей жүгінуге шақырамыз. Бірде-бір мәселе назардан тыс қалмайды, — деді Марат Әбішев.

Кездесуді қорытындылай келе өңір басшысы мұндай іс-шаралар тұрақты түрде өтетінін айтты. Кәсіпкерлерді бизнесті дамытуға бағытталған ұсыныстарды қалыптастыруға белсенді қатысуға шақырды, сонымен қоса инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде барлық қажетті көмекті көрсетуге әзір екендігіне сендірді.

Іс-шараның екінші бөлімінде облыс әкімі Асхат Шахаров пен облыс прокуроры Марат Әбішев кәсіпкерлер мен инвесторларды жеке қабылдады. Қабылдау барысында экономиканың әртүрлі саласында жұмыс істейтін бизнестің 11 өкілінің өтініші қаралды. Олар жүйелі және жекелеген бірқатар мәселені көтерді. Атап айтқанда, мал шаруашылығы нысандарын орналастыру кезінде ветеринариялық талаптарды түсіндіру мәселелері, ауыл шаруашылығы жануарларына арналған экспорттық квоталарды бөлудің ашық еместігі, фермерлерге мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар, соның ішінде субсидияларды айлық есептік көрсеткішке сәйкестендіру.

Қабылдау қорытындысы бойынша үш кәсіпкердің мәселесі сол жерде шешілді, ал қалған өтініштерді тиісті мемлекеттік органдар нақты белгіленген мерзімде орындауға тиіс, сұрақтар бақылауға алынды.

Мұндай жеке қабылдаулар билік пен бизнес арасында тікелей диалогты қамтамасыз ету үшін айына бір рет өткізіледі.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button